Тосын жайттарға жиі тап боламын. 11-сыныптың ІІІ тоқсанына дейін журналист боламын деп жоспарлап келдім. Соңғы тоқсанға келгенде, ағамның кеңесімен дүниежүзі тарихы пәнін таңдап, ҚазҰУ-дың саясаттану факультетіне грантқа оқуға түстім. Менің кәсіпкер болып қалыптасуыма студенттік тобымның әсері аз болмады. Нұрмұхамет Байғара, Мейірбек Жұмабеков, Бақытжан Бұхарбаймен бір топта оқыдым. Жарысып білім алатынбыз. Бірақ оқуды бітірген соң, бір жылдай уақыт тоқырауға түсіп қалдым. Бала кезімізден «мемлекеттік қызметте жұмыс істеу», «әкім болу» деген мақсаттар миымызға орнығып қалған. Өз-өзімді таба алмай біраз уақыт жоғалттым. Жетісу ауданының әкімшілігінде жұмыс істедім. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың магистратурасына оқуға түстім. Алайда бітіретін жылы дипломымды алмай кетіп қалдым. Бір түсінгенім, дипломдарды ала бергеннен пайда жоқ екен.

Таир Нұғманов
Таир Нұғманов ©SZH.kz

Астанаға жұмысқа шақырды. Елордада біраз уақыт жұмыс істеп, қайтадан Алматыға қайтып келдім. Осында Halyk банкінде қызмет етіп жүргенімде, НТК арнасындағы «Ревю» бағдарламасынан да ұсыныс түсті. Өзім журналист болуды бала кезден армандағанмын. Бағымды сынап көрейін деп, сұхбатқа келдім. Жұмысқа Гүлмира Бегалива қабылдап жатыр екен. «Бұрын қайда жұмыс істедің?» — деп сұрады. «Астанада» дедім. Сөйтсем, ол кісі «Астана» арнасында деп ойлап қалыпты. Жұмысқа қабылдағаннан кейін құжаттарымды көріп ұрысқан болатын (күледі). Мұнда бір жылдай уақыт тележүргізуші болып жұмыс істедім. Кейіннен халыққа қызмет көрсету орталығының баспасөз хатшысы болып тағы жұмысымды ауыстырдым.

Сол жылы Жаңа жыл мейрамын ата-анаммен бірге қарсы алайын деп үйіме келген едім. Пісіріліп жатқан бауырсақтың майына қолымды күйдіріп алдым. Қолым өртеніп кетті. Бір жылдан аса үйден шыға алмай қалдым. Бастықтарым жұмыс орнымды ешкімге бермейтіндігін айтты. Бірақ осы уақыт аралығында өмірім түбегейлі өзгерді. Амбициям, көзқарастарым басқа арнаға бұрылды. Кәсіпкер болуым керек екендігін түсіндім.

Таир Нұғманов
Таир Нұғманов ©SZH.kz

Бизнеске бұрыннан жақынмын. Өмірдің өзі бір уақытта бірнеше саламен айналысуды үйретті. 4-курста оқып жүргенімде, Көк базардан самса сататын будка аштым. Сонымен қатар, ақылы жүк тасымалдадым. Жеке жиһаз цехым болды. Шетелдік киімдерді сататын Stock дүкенінін ашып, саудамен де біраз уақыт айналысып көрдім. 140 мың теңгемен кіріп, бір жылдың төңірегінде 5 миллион теңгемен айналымға шықтым. Пәтер бизнесін де қолға алып көрдім. Пәтер ішін өзім тазалап, келушілерді күтіп алып, шығарып салып жүретінмін.

Ата-анам балаларының болашағы үшін көп нәрседен бас тартқан. Әкем Аягөзде ішкі істер бөлімінің бастығы болатын, ал анам ПМК-да жұмыс істеді. Біздің білім алып, үлкен ортада жүруіміз үшін олар туған-туыс, дос-жаранды тастап, Алматыдағы кішкентай үйге көшіп келді.

Бала кезден «үлкен үйде тұрсақ екен» деп армандайтынмын. Бір уақытта бірнеше кәсіппен айналысып жүріп тапқан табысымның барлығын үй тұрғызуға жұмсадым. Арманым орындалды, үйім салынды. Бірақ бизнесімнің бәрі тоқтады.

«Елде жоқ кәсіппен айналысуды жоспарладым»

Университетте бір топта оқыған жан досым Мейірбек Жұмабеков түрлі ақылы, тегін курстарға қалмай баратын. Одан «не үйрендің бүгін?» деп бәрін сұрап аламын. Сөйтіп Мейірбектің тегін курстарынан мен өтіп алатынмын (күледі). Қазіргі уақытта Мейірбек «Жеке бизнес» кәсіпкерлер мектебін басқарып отыр.

Бір күні досымнан жақсы кино айтуын сұрадым.  Ол маған «Тинейджер на миллиард» деген фильмді ұсынды. Әлгі фильмді көріп біткенше, ұсақ бауырсақпен айналысамын деген ойға бекіндім. Ұсақ бауырсақ – ес білгелі таңдайымызда дәмі қалған тағам. Қайда жүрсек те дастарханмыздан үзілмейді. Астанада жүргенімде анам дорба-дорба қылып беріп жіберетін. Қазақстанның шығысында ғана дайындалатын ұсақ бауырсақты түрлі өңірден келген дос балаларым да ұнататын. Өзі майда, кішкентай болғанымен, ұзақ уақыт дәмін, қалпын сақтап тұра алады. Бұл — үлкен артықшылық.

Таир Нұғманов
Таир Нұғманов ©SZH.kz

Идеямды жүзеге асыру үшін, нарықты зерттей бастадым. Алдымен 120 кг бауырсақты қалай шығару керектігін есептеп алдым да, анама екі мөшек ұн, жеткілікті сұйық май әкеліп бердім. Ол кісі: «Пісіріп беремін, балам» — деп бірден қолдап кетті. Бір апта ішінде керекті мөлшердегі ұсақ бауырсақ дайындалды. НТК арнасында бірге жұмыс істеген Алмас деген досым дизайнын жасауға көмектесті. Интернеттен анадан бір, мынадан бір қарап, бауырсағымыздың қаптамасын жасап шықтық. Содан бар өнімді 100 грамдап бөліп салдық. 1200 қаптамадағы бауырсақ дайын болды.

Таир Нұғманов
Таир Нұғманов ©SZH.kz

Нарықты алдын ала зерттегенімнің пайдасы көп болды. Егер бәсекелестерім сияқты бауырсақтарды дүкендерге сататын болсам, пайда аз түседі екен. Сөйтіп бірден супермаркеттерге көштім. Қазақстандағы ірі деген супермаркеттерді қарай бастадым. Оларға қалай кіруге болады? Стандарт деген не? Осыларды анықтағанша біраз уақыт жұмсадым. Ең бірінші Рамсторға бардым. Басшыларының көбісі орыстар, түріктер екен. «Сіз не алып келдіңіз?» деп таң қалады. «Мен бауырсақ шығарамын. Компаниям бар» деп қоямын. Ешқандай компаниям жоқ, ЖШС да емеспін (күледі). Бар сәнім: әдемі болып киінген түрім мен дизайны ерекше ұсақ бауырсақтарым. Екі қорап бауырсақ апарып тастап, екі айдай уақыт күттім. Жауап келмеді. Екі айдан кейін тағы екі қорап бауырсақ апарып тастадым. Ертеңінде Даша деген қыз қоңырау шалып тұр: «Таир, бізге келе аласыз ба?» деді. Үмітім үзілейін деген шақ еді. Қуанып кеттім.

Таир Нұғыманов: Кез келген дүниені ертерек жоспарлауға тырысамын. Кәсібімді бастар алдында бір жылдан кейін болатын тойыма қамданып жүрген едім. Бала күнімнен ауыртпашылықты өз мойныма алып өстім. Үйді өзі салған жігіттің тойын өзі атқаруы анық еді.
Таир Нұғыманов: Кез келген дүниені ертерек жоспарлауға тырысамын. Кәсібімді бастар алдында бір жылдан кейін болатын тойыма қамданып жүрген едім. Бала күнімнен ауыртпашылықты өз мойныма алып өстім. Үйді өзі салған жігіттің тойын өзі атқаруы анық еді.

Рамсторда екі апта сайын жиын өткізіледі екен. Басшылары сол кезінде ұсақ бауырсақты жеп көріп, дәмін ұнатыпты. «Иесін шақырындар» деген екен бірден. Барып, келісімге отырдым. Қанша өнім сұрайды екен деп ойлап барып едім, төбеден түсіргендей «5 тонна бауырсағыңды аламыз» деді. Сол кездегі бар ақшам 200 мың теңге көлемінде ғана еді. Ал маған қаншама өнім, жұмысшы, оларға төленетін еңбекақы керек. Содан әлеуметтік желілердің барлығына «инвестор керек» деген хабарландыру тарата бастадым. Бір күні ортақ достарымыз бар жігіттер қоңырау шалды. Презентациямды жасап, ойымды жүйелеп бардым. Жобам туралы, Рамстормен келісімге отырғандығым туралы айтып бердім. Әлгі жігітке идеям ұнады. Енді қанша қаржы сұрайтынымды білмеймін. «Көп сұрасам ба, аз сұрасам ба?» деп ішімнен ойланып отырып, «5 миллион қажет» дедім. «Жарайды» деп бірден келісті. «Қап! Неге 10 миллион сұрай салмадым?!» деп өкініп қалдым (күледі). Бірақ артынан барып, ақша емес, ұн, май, жұмысшылардың еңбекақысын өтеп беруі туралы келісім жасадым. Егер 5 миллионды алсам, одан сұраушылар көбейеді. Ол кезде iPhone 6 шығып жатты, машинаңа бір нәрсе алғың келіп кетеді дегендей, жоқ жерден тұсаулар пайда болады емес пе?! Содан ақшаны бірден алуды жөн көрмедім.

Таир Нұғманов
Таир Нұғманов: Достарымның арасында «Бауырсақ, қалайсың?» деп күлетіндері болатын. «Ей, бизнесмен» деп жататындары әлі де бар. Олардың сөзін шынайы қабылдамаймын. Бизнесті онымен айналысатын адам түсінеді. Көпшілік адамда «миллиардер адам ғана бизнесмен» деген ой қалыптасып қалған. ©SZH.kz

OLX, HeadHunter-ге хабарландыру салып, бірден 15 жұмысшы жасақтап алдым. Бірінші күні 50 кг, одан соң 60 кг бауырсақ жасап, үш күннен кейін 150 кг бауырсақ пісіруге машықтандық. Осы қарқынмен жұмысшыларыммен бірге күні-түні бауырсақ пісірдік. Бірге нан илесіп, бауырсақты ұсақтап кесісемін. 40-50 жастағы әйел адамдардың жанында отырып алып, мотивация беремін. Мақсатыма бір табан болсын жақындадым-ау деп жүрген едім. Бірақ мен қателесіппін.

Таир Нұғманов
Таир Нұғманов ©SZH.kz

Бес тонна деп тапсырыс берген Рамстор бір тонна бауырсақ алатынын айтты. Бүкіл қаражатымды жұмсап тастадым. Не істеймін енді? Сөйтіп жүргенімде тағы бір мәселе шықты. Үш тонна бауырсағым бұзылып кетіпті. Бұған дейін үлкен көлемдегі бауырсақты сақтап көрмегенбіз. Оларды ыстық күйінде қораптарға сала беріппіз. Ұннан жасалған өнім бірден иісті өзіне тартып алады ғой. Бауырсақты жесек, қағаздың дәмі шығып тұр. Бір күні Меганың директоры «Таир, келіп кетіңізші» деп хабарласты. Қандай себеппен екенін біліп бардым. «Бауырсақтарыңызға шағым түсіп жатыр. Сізге үш күн уақыт береміз. Бәрін ауысытырыңыз», — деді. «Жарайды» деп үйдегі бір тонна бауырсақпен бәрін ауыстырып тастадым. Ешкімге айтпадым. Инвесторым да білмей кетті. Үлкен сабақ болды.

Таир Нұғманов
Таир Нұғманов ©SZH.kz

«Мұнымен тоқтамадым»

Содан Арзан супермаркетіне бардым. Ол кезде Алматыда екі нүктесі бар еді. «Бауырсағымды аласыздар ма? Тұтынушым — Рамстор» деп батыл ұсыныс жасадым. Арзанның маркетинг бөлімі ұнатып, бірден қабылдады. Сөйтіп екі апта ішінде екінші супермаркетке «кіріп кеттім».

Отбасымыздың үлкен баласы, нағашы ағамның Айсұлтан, Нұрсұлтан деген ұлдары бар. Кішкентайынан өзім қарадым. Үйде қыз бала жоқ. Мені үлкен ағам бақты, мен ініме, одан ағамның екі ұлына қарадым. Құндақтаулы кездерінен көз алдымызда өсіп келе жатқан екі інім өзіме қатты ыстық. Солардың құрметіне компаниямды «АйсНұр» деп атадым.

Енді өңірлерге шыға бартадым. Астана, Атырау, Ақтау, Шымкенттің нарығын зерттеп көрдім. Қалалар ішінде Шымкенттің халқы қатты ұнады. Ұлттық дүниеге басқаша көзқараспен қарайды. Араларында түріктер де болды. «Мынау кішкентай ғана бауырсақ қой» деп күледі. «Көрейікші алып, жаман болса, 100 теңгеміз қайда кетпей жатыр» деп қолдау білдірді. Шымкенттегі сауда нарығының көшбасында Имран, Фиркан, Магнум сауда орындары тұр екен. Магнуммен келісімшартқа отырдым. Жақында Имран, Фирканмен де келіссөз орнаттым. Енді бір түйгенім,  жан-жаққа шашыла бермеу керек екен. Шағын кәсіп. Айналымда ақша бар. Қазіргі уақытта үш бағытта, Алматы, Астана, Шымкент, қалаларында кәсібімді дамытқым келеді. Нарықта B, C категориясын (минимаркет, дүкендер) пайдалансам, үлкен жетістік. Олардан да табыс мол түседі.

Таир Нұғманов
Таир Нұғманов: Жастармен кездесулерге жиі барамын. Барлық жоспарларыммен бөлісіп жатсам, «идеяңызды ұрлайды деп қорықпайсыз ба» деп сұрап жатады. «Ұрлаңдаршы» деп өтінемін (күледі). Өйткені бәсекелессіз — қызықсыз. Монополист болып отырғаннан не пайда? Онда мен дамымай қаламын. ©SZH.kz

Ұсақ бауырсақ туралы Алматы жұртының  20%-ы ғана біледі. Білетіндерінің өздері «Шығыс бауырсақ», «Зайсан бауырсақ», «Найман бауырсақ» деп ат қойып алған. Ұсақ бауырсақтан бөлек тағы бес өнім шығаруды көздеп отырмын. Көнерген ұлттық тағамдарымыз бар. Қандай керемет! Оларды жаңғырту керек. Біздің заман – бизнестің заманы. Бауырсақтарды кинотеатрларға қойғым келеді. Попкорнды аламастыратындай бірін тұщы, бірін қытырлақ түрінде ұсыну жоспарымда бар. Қазіргі уақытта кинопарктермен келісім жасап жатырмыз. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында осы жоспарларымды жүзеге асырамын, Алла қаласа.

Таир Нұғманов
Таир Нұғманов ©SZH.kz

Нағашы атамның қолында өстім. Атам өте ұстамды адам еді. Атамекенге Қытайдан 1962 жылы келген. Ол жақта бухгалтер болып жұмыс істеген. Үлкен әкеміз — Қытайда бірінші болып қазақ мектебін ашқан азамат. Бірақ ертеректе Қытайдың солақай саясаты кесірінен атылып кетіпті. Нағашымның қанша тауқыметті басынан өткерсе де, көзіне жас алып, мұңайғанын бір көрмеппін. Атамның қолында болғанда, аз да болсын сол кісінің қасиетін сіңіре алған шығармын деп ойлаймын. Үйде үш ұл баламыз. Мен ортаншысымын. Бір күні ағам тентектігім үшін аяғымнан тік тұрғызып қойды. «Жыла, кешірім сұра,» — дейді. Мен «жоқ» деп өзімше бірбеткейлікпен қасарысып алдым. Есесіне күні бойы аяқ жазбай тұрып тұрдым (күледі). Бизнесте бала кезімнен қалыптасқан осы мінезім көп көмектеседі. Бизнесмен табанды болуы керек.

«Мотивацияны қайдан аламын?»

Мотивацияны адамға орта береді. Тоқырау орнаған сәтте кәсіпкер достарымызбен жиналып, ой-талқы құрамыз. Аз болса да, кітап оқып, фильм көруге уақыт табуға тырысамын. Егер ер адам ертерек шаңырақ көтерсе, соғұрлым жауапкершілікті арқалауға бейім болады. Дәл қазіргі уақытта маған үздіксіз жігер беретін сарқылмас қуат көзім — қызым Көркем. Бар қиындығымды ұмыттырып, серпілтетін де — кішкентай ғана жүрек иесі.

Таир Нұғманов
Таир Нұғманов ©SZH.kz

Кәсіпкер тәжірибесінен

  • Өмірден де, бизнестен де сабақ алуың үшін, қателік жасап көр. Кәсіпкердің табысына қарай деңгейлері болады. 1-5 миллион аралығындағы табысы бар кәсіпкер, 10-50 миллион, 50 миллион – 1 миллиардтық табысы бар кәсіпкерлер болады. Бір деңгейден екіншіге өтер кезде кейбіреулері қаржыны меңгере алмай жатады. Өйткені банкрот жетіспейді.
  • Бизнестегі қателігім: инвесторды аз ақшамен тартыппын. Зерттеу жасасам да, есепті жіті жүргізбеген екенмін. Тауарды әкелмей тұрып, нарықты тауып алдым. Мұның артықшылығы көп болды дегеніммен, кемшін тұсы да жоқ емес. Қазір уақытта Қазақстанның өзге де өңірлерінен ұсыныстар түсіп жатыр. Құрылғыларымның үлкен көлемде өнім шығаруға шамасы келмейді (қазіргі уақытта айына 7-8 тонна бауырсақ пісіріледі). Бауырсақтың барлығын адамдар кеседі. Сұраныс көп. Өнімнің көлемі сәйкес келмей жатыр.
Таир Нұғманов
Таир Нұғманов ©SZH.kz
  • Көптің бірі болмаудың екі-ақ жол бар: не мықты кәсіпкер, не өз ісіңнің шебері, нағыз маман иесі бол. Басқа таңдау жоқ.
  • Бірлік керек қазаққа. Достарымның айтуынша, Шымкентте «83-тер» деген топ бар. Топтағы 70 мүшенің (шамамен) арасында прокурор, бизнесмен, қарапайым жігіттің бәрі бар. Араларындағы бір 83-тің машинасы жоқ болса, ортаға әрқайсы 500 доллардан тастайды. Сөйтіп 30 мың долларға су жаңа машина алып береді. Машиналарының номері 083 (күледі). Өңірден тағы «86-лар» деген топ шығыпты. Әркім әр салада жүрсе де, белгілі уақытта жиналып бас қосып тұрады екен. Жиындарына бір күні имам шақырып, тура жолдан адаспау тақырыбын талдаса, енді бір жиындарында бизнесмендермен, әкіммен кездесу өткізеді.
Таир Нұғманов
Таир Нұғманов ©SZH.kz

Қазіргі уақытта біліксіз бизнес тренерлер көбейіп кетті. Бизнесте «нейропсихология» деген ұғым бар. Дұрыс қолдана білгенге әсері өте күшті. Ал мүлт кетсең, бомба. Бүгінде тренерлер жастарға «сенің қолыңнан бәрі келеді» деп жігерді бойына құйып береді де, кездесететін қиындықтардың алдын алуды естен шығарады. Тренерсің бе, онда алдыңа келген ынталының кәсібі алдыға жүріп кеткенше бақылап отыр. Ол ыстық жалынымен өзінде ақша болмаса, әке-шешесіне несие алдырады. Кәсібі өрге жүзсе, қуаныш. Ал банкрот болып, басы жарға соғылса — апат. Баланың сағы сынады – бір, отбасын үлкен шығынға ұшыратады — екі. Қазіргі бизнес мектептер тек жігер берудің айналасында қалып кететіні өкінішті.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Әсел Сарқыт.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.