«Интуиция»

Сара мен Джонатан Жаңа жыл алдындағы қарбаласта танысады. Сол күнгі кешті олар «Интуиция» деп аталатын ресторанда өткізеді. Екеуінің де кездесіп жүрген адамы бар екеніне қарамастан Джон байланыс нөмірін алмасуды сұрайды. Ал Сара бәрін өмірдің өзіне, кездейсоқтыққа қалдырғысы келеді. Ақыры Сара нөмірін дүкендегі бір кітаптың мұқабасына, ал Джон 5 доллар қағаз ақшаға жазып, «Тағдыр жазса, бір күні болмаса, бір күні кездесерміз» деп қоштасады.

Фильм 2001 жылы шыққан. Режиссеры — Питер Челсом.

"Интуиция" фильмі
Фото: Вокруг ТВ

«Серт» (Клятва)

Пейдж бен Лео отбасын құрып, бірге тұрады. Бір-біріне деген сезіміне тең келер ештеңе жоқ еді. Бірақ жұбайлар жол апатына ұшырап, Пейдж қатты соққы алады. Бүкіл салмақ Леоға түседі. Денсаулығынан айырылған, есте сақтау қабілетін жоғалтқан Пейдж өмірлік махаббатын тани ала ма? Екеуі бірге өткізген жылдарды есіне түсіре ала ма?

Фильм 2012 жылы шыққан. Режиссеры — Майкл Сакси.

"Серт" фильмі
Фото: Film.ru

«Таза парасаттың мәңгі шұғыласы» (Вечное сияние чистого разума)

Бұл фильмді басты рольдегі актерлар үшін де ойланбай көруге болады. Джим Керри мен Кейт Уинслет «Таза парасаттың мәңгі шұғыласында» әдемі жарасым тапқандай. Әсіресе Джим Керриді мұндай мұңлы көңіл-күйде көп көре бермейтін көрермен ерекше әсер алатыны сөзсіз.

Фильмде бір-бірін ұмытқысы келген ғашықтардың оқиғасы баяндалады. Олар жадындағы бүкіл естелікті өшіру үшін «Лакуна» компаниясының мамандарына жүгінеді. Мамандар шынымен екі ғашықтың есіндегі бүкіл ақпаратты, естелікті өшіріп тастайды. Бірақ жағдай Джоэл мен Клементина ойлағандай емес еді.

Фильмнің режиссеры — Мишель Гондри. Туынды 2004 жылы шыққан.

"Таза парасаттың мәңгі шұғыласы"
Фото: Film.ru

«Ла-Ла Ленд»

«Ла-Ла Ленд» — 2016 шыққан АҚШ-тың романтикаға толы мюзиклі. Режиссеры — Дэмьен Шазелл.

Бұл фильмге дүниежүзі киносыншыларынан да жақсы пікірлер айтылған еді. Жастық шақ, арман, махаббат және музыка. Фильмде ештеңеге қарамай арманына талпына білетін актриса Миа мен пионист Себастьянның басынан кешкені баяндалады. «Ла-Ла Ленд» — қиялдаудан қорықпайтын, армандауды жақсы көретіндерге таптырмас туынды. Фильм күздің көңіл-күйін әсемдейді, ерекше әсер сыйлайды.

"Ла-Ла Ленд" мюзиклі
Фото: Film.ru

«Біз. Махаббатқа сенеміз» (Мы. Верим в любовь)

Әнші Мадоннаның режиссерлігімен түсірілген фильмде екі оқиға қатар көрсетіледі. Оның біреуі  — Ұлыбритания королі VIII Эдуардтың махаббат хикаясы. Корольдің ажырасқан әйелге ғашық болып, онымен бірге болу үшін тақтан бас тартқаны тарихтан белгілі. Фильмде осы оқиға әдемі баяндалады. Сонымен қатар, шығармада Уолли есімді қыздың жеке өмірі көрсетіледі. Фильм махаббаты үшін күресе білетін адамдар туралы десек, артық болмайды.

Фильм 2011 жылы түсірілді.

"Біз. Махаббатқа сенеміз" фильмі
Фото: Spletnik.ru