Қасым-Жомарт Тоқаев: Полицияда дөрекілікке жол берілмеуі керек

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында биылғы 9 айда ішкі істер органдары атқарған жұмыс қорытындылары және президент тапсырмаларын орындау барысы қаралды.

Мемлекет басшысының айтуынша, ІІМ жүйесіндегі күнделікті жұмыс қауіп пен қатерге толы. Тәуелсіздік алғаннан бері 797 полицей қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тауып, 2 604 қызметкер ауыр дене жарақаттарын алған.

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қордайда және Сәтбаевта болған қайғылы оқиғалардан сабақ алу қажет екенін айтты.

Бейбіт күнде халқымыздың амандығын, береке-бірлігін сақтай алмасақ, мемлекетімізге сын. Ұлтаралық келісім мен татулық, қоғамдағы тұрақтылық — біздің басты құндылықтарымыз. Халықтың көңілі алаңсыз, ұйқысы тыныш болуы керек. Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс, — деді мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы құрылымдық өзгерістерді жалғастыра беруді, онсыз қолға алған реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес екенін айтты. Оның ойынша, полиция қосалқы функциялардан бас тартуы керек.

Қазір полиция тікелей өз міндеттеріне жатпайтын жұмыстармен айналысатын уақыт емес. Бұл бағытта алғашқы қадам жасалды. ІІМ-нің құрамынан төтенше жағдайлар жөніндегі қызмет бөлінді. Ішкі істер органдары құрылымдарын одан әрі оңтайландыру жұмыстары Құқық қорғау және сот жүйесін реформалау жөніндегі комиссияның шеңберінде жүзеге асырылады. Бірақ бұл полицияның қызметін әлсірету деген сөз емес. ІІМ және оның құрылымдық бөлімшелері тәртіпті қамтамасыз етуде мемлекеттің негізгі тірек күші болған және солай бола береді, — деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев және Ерлан Тұрғымбаев
Қасым-Жомарт Тоқаев және Ерлан Тұрғымбаев. Фото: Akorda.kz

Мемлекет басшысы кадр саясатына баса мән берді. Ол полиция қызметін жаңғырту жөніндегі жол картасы аясында ведомстволық оқыту мекемелері қайта ұйымдастырылып, қызметкерлерді іріктеу жұмысы жетілдірілгенін айтты.

Полицияда дөрекілік пен біліксіздікке жол берілмеуі керек. Мұнда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Мемлекет пен қоғам оңтайлы өзгерістерді күтіп отыр. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент коронавирус пандемиясы кезінде уақытпен санаспай өз міндеттерін абыроймен атқарған ішкі істер органдарының барлық қызметкерлеріне ризашылық білдірді.