Қалай түшкіріп, қалай жөтелу керек?

Көпшілік орында жүрген адам түшкіргісі немесе жөтелгісі келсе, бірретін майлықты қолдануы керек. Пайдаланған соң оны умаждап қалтаға сала салуға немесе ұстап жүруге болмайды, бірден қоқысқа тастау қажет. Ал мұндай орамал болмай қалса не алып үлгермесе, шынтақты бүгіп, бүгілген тұсқа түшкіру керек.

Pinterest.com

Масканы қалай және қанша уақыт тағу керек?

Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы маска тағуға байланысты мынадай кеңес береді:

  • Масканы ұстамай тұрып, қолдың жуылғанына мән беру керек. Оны құлаққа ілетін бауынан ұстап, мұрын, ауыз және иекті жауып тұратындай етіп тағу қажет. Жан-жағынан саңылау қалмағаны жөн. Таққан соң оған мүмкіндігінше қол тигізбеу қажет.
  • Шешетін кезде әуелі қол жуылады. Сосын бауынан ұстап, шешеді. Шешкен соң да қол жуылуы керек. Ал маска таза, құрғақ болса, әлі қолдануға жараса, оны полиэтилен пакетке салып қойған дұрыс. Ылғал тартып кетсе, басқасын алыңыз.
  • Бірреттік масканы екі сағаттан артық қолдануға болмайды. Алайда суланып, ылғалданып кетсе, екі сағаттан аз уақыт өткеніне қарамай, қоқысқа тастаңыз. Онда да жәй өзін емес, бөлек полиэтилен пакетке салып барып, лақтырыңыз.
  • Матадан тігілген, бірнеше рет тағуға жарайтын масканы күніне кемінде бір рет жақсылап жуу қажет. Ыстық су пайдалануға кеңес беріледі. Артынан кептіріп, үтіктеген жөн.
  • Маска бетке тығыз тұрып, жақсы орналасуы керек. Тыныс алуға қатты кедергі болса, басқасын таңдаңыз.
  • Лас, ылғал масканы тағуға болмайды. Әр адамның жеке маскасы болуы керек. Айналада басқалар болса немесе көпшілік жерде жүрсеңіз, масканы шешпеңіз.

Қоғамдық жерде әлеуметтік арақашықтықты сақтау

Әлеуметтік қашықтық – коронавирус инфекциясының алдын алудың ең оңтайлы жолының бірі. Дүниежүзінде әлеуметтік арақашықтық 1,8 метрден кем болмауы керек деп есептеледі. Қазақстанда біраз мекемеде 1 метр арақашықтықты сақтау талап етіледі.

istock.com

Қол жуу, мұрын шаю және антисептик пайдалану

Қолды үнемі сабындап жуу қажет. Пандемия басталғанда қолды 20 секунд жуу керек екені жиі айтылды. Бұл бекер емес. Себебі Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының мамандары қолды 20 секундтан 45 секундқа дейін жуған дұрыс екенін айтып жүр. Қолды жуып болған соң міндетті түрде сүртіп, құрғатыңыз. Мамандардың айтуынша, ылғал қолға вирустың жабысу ықтималдығы жоғары. Сонымен қатар қолды кептіретін аппараттарды да қолданбаған дұрыс. Қағаз майлықпен немесе орамалмен сүрткен жөн.

Үйден шығарда, автобусқа кірерде немесе әлдебір ғимаратқа кірерде, қолыңызды залалсыздандыру үшін антисептик пайдаланыңыз. Үйге келгенде де ештеңені ұстамай тұрып, қолды жуу керек. Бақа шаруа күте тұрады.

Дәрігер Саттар Ералиев қолды жуумен қатар, мұрынды да шаю керек екенін айтады.

Кез келген вирус мұрынның шырышты қабаты арқылы кіреді. Пандемия жағдайында үйге келе сала қолды сабындап жуыңыз. Сосын мұрынды міндетті түрде шаю керек. Шайғанда да тұзды сумен жуған пайдалы. Тұзды су вирусты шырышты қабатында жабысып тұрған жерінен ажыратады. Сосын сыртта жүргенде бетті, көзді ұстай бермеген жөн, – дейді дәрігер.

Иммунитетті қалай жақсарту керек?

Кез келген дәрігер иммунитеттің жақсаруы үшін дұрыс режим ұстанып, спортпен айналысу керек екенін айтады. Пандемия кезінде адам ұйқы, тамақтану уақытын дұрыс сақтаса, дәруменге бай, пайдалы тамақ жесе және алкоголь, темекі сияқты зиян әдеттерден арылса, иммунитеті де қалыпты болады. Сонымен қатар күніне бір уақ далада серуендеп, денені шынықтырып отыру керек. Қосымша дәрумендер пайдалануға болады. Бірақ оны тек дәрігермен ақылдаса отырып, ішу керек.

Иммунитетті жақсарту туралы толығырақ Иммунолог: Аспирин вирустан қорғамайды, иммунитетті жақсартпайды мақаласынан оқи аласыз. 

* * *

Кеңестер Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымы және пандемия кезінде қазақстандықтарды ақпараттандыру мақсатында құрылған coronavirus2020.kz сайтының ақпараты негізінде әзірленді.