— Адам иммунитеті не себепті әлсірейді?

— Адам иммунитеті өзінен-өзі әлсіремейді. Жалпы ондай түсінік жоқ. Иммунитеттің әлсіреуіне суық тию, тұмау, бактерия тудыратын аурулар немесе инфекция сияқты түрлі дүние себеп болады. Соның кесірінен науқастың бойында регенерация процесі баяулайды. Регенерация — ағзаның аурудан кейін біртіндеп бұрынғы қалпына қайта келуі.

Суық тисе де, адамның иммунитеті әлсірейді. Жеңіл ауырып тұрған соң иммунитеттің төмендеуі — қалыпты жағдай. Бұл жылына кемінде 8 рет қайталануы мүмкін. Бактерия немесе инфекция жұқтыру саны жылына 4 реттен көп болса, бұл адамның иммун жүйесі бұзылған деген сөз. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге тексерілу қажет.

Мысалы, қазір көбі пневмониямен ауырып жатыр. Пневмония иммун жүйесін бұзады, одан кейін иммунитетті жақсарту қиын.

— Адам иммунитетінің әлсірегенін қалай біледі? Нақты белгілері бар ма?

— Әр адамның ағзасы әртүрлі. Сол себепті науқастың иммунитеті әлсірегенде «мынадай белгілер байқалады» деп тізбектеп айту қиын. Адамның иммун жүйесі бұзылмауы, алайда шаршап тұруы немесе ұйқысы қанбауы мүмкін. Осы нәрсені ескерген жөн. Науқас иммунитетінің әлсірегенін ауырған кезде сезеді.

— Иммунитетті көтеру үшін не істеу керек?

— Қазақстанның кей өңірінде белгілі бір микроэлементтер мен микроминералдар жоқ. Сондықтан кез келген адам күнде йод қабылдауы қажет. Күн сәулесінен D дәрумені 11.00-12.00 аралығы ерекше бөлінеді. Бірақ бұл кезде көбі офисте немесе үйде отырады. Сол себепті қосымша дәрумендер ішу керек. B дәрумені кей адамда кері реакция беруі мүмкін. Ал D дәруменінің ешқандай зияны жоқ. Бірақ профилактикадағы мөлшерден көп қолдануға болмайды. Аптасына кемінде бір-екі рет майлы балық жеу керек. Ол болмаса, омега-3 майы кездесетін тамақтарды тұтынған жөн. Сонымен бірге темекі, алкоголь сияқты зиян әдеттерден бас тартқан дұрыс. Себебі бұлар адам иммунитетін әлсіретеді.

Кейбір адам коронавирустан сақтану үшін күнде аз мөлшерде алколголь ішу дұрыс деп есептейді екен. Бұл әрекеті ағзаны ішінен дезинфекциялайды деп ойлайды. Адам қолын антисептикпен сүрткені, есік пен терезені, сөрелерді спиртпен дезинфекциялағаны абзал. Бірақ күніне 40 грамм алкоголь ішудің пайдасы жоқ, керісінше бауырға зиян. Алкоголь вирустан қорғамайды, иммунитетті әлсіретеді.

Әр адам денсаулығын күтуі керек. Таңертең жаттығу, гимнастика жасауға немесе фитнес-залга баруға болады. Салауатты өмір салты – жоғары иммунитеттің кепілі.

Әлия Барменова
Әлия Барменова. Фото жеке архивінен.

— Қазір карантинге байланысты адамдар бұрынғыдай үйден көп шықпайды. Күні бойы үйде отыру зиян емес пе?

— «Карантин режимі адам иммунитетінің әлсіреуіне алып келді» деген пікірмен келіспеймін. Себебі карантин кезінде аулада серуендеуге, жаттығу жасауға болады. Бірақ қазір фитнес-зал сияқты жабық мекемелерге баруға тыйым салынады. Меніңше, үйден шықпай-ақ денсаулықты күтуге болады. Мысалы, көбірек ұйықтау, уақытылы әрі дұрыс тамақтану.

— Адамдар вирустан қорғану және иммунитетті көтеру үшін парацетамол, аспирин сияқты дәрі-дәрмекті жаппай сатып алып жатыр. Бұл дәрілерді күнде ішсе, адам иммунитеті жақсара ма?

— Кез келген препаратты дәрігер тағайындағаннан кейін ғана қабылдау қажет. Орынсыз қабылдауға болмайды. Мысалы, парацетамол бауырға зиян. Оны науқас дене қызуы 38 градусқа дейін көтерілген жағдайда ғана қабылдауы керек. Аспиринді терапевт немесе кардиологтың рецептімен ғана ішу қажет. Аспирин немесе парацетамолды күнде ішу коронавирус инфекциясынан қорғамайды, иммунитетті жақсартпайды.

— Иммунитетті көтеру үшін қара зере майы, лавр жапырағы, ақжелкен қолданған қаншалық дұрыс?

— Қоғам бұрыннан халық емін қолданады. Бүгінде бұл қалыпты жағдайға айналды. Бірақ қара зере майы, лавр жапырағы немесе ақжелкеннің қайнатпасы иммун жүйесін жақсартатыны туралы ешқандай нақты дәлел жоқ. Бұған байланысты ешқандай зерттеу жасалмаған. Оның үстіне ол өнімдердің құрамында қандай минералдар мен микроэлементтер бар екенін білмейміз. Сол себепті халық еміне толық жүгінуге болмайды.