Ақбота Аюпова, коучер:

«Ақша табу оңай»

Ақбота Аюпова. Фото: Akbota-ayupova.kz/

«Ақша табу қиын, тек ауыр жұмыс істегенде ғана ақша табуға болады» деген түсінікпен жұмыс істедім. Мұндай ойды бұзудың өзі қиынға соқты. Адам өзін «бұғаттап» тастағаны сонша, сол дағды-әдетінен айырылғысы келмейді. Себебі неде?

Жалпы, бұл түсінік көп адамның бойында бар. Неге? Өйткені бізге сондай тәрбие берілген. Ата-анамыз ақшаны тек ауыр жұмыс істеп табуды үйренді, сол білгенін бізге үйретті. Бұл жерде сынап тұрған жоқпын, ол кісілер басқа тәрбиені білмеді. Дегенмен қазіргі заман мүлдем басқа: адам бір отырғанда қатар екі-үш жұмыс істеп, еш қиналмай ақша таба алады.

Өзіңді «бұғаттаудан» құтылудың қиындығы неде? Негізгі проблеманы тапқан күннің өзінде жағдайды өзгертуге деген қарсылық қайдан пайда болады? Себебі адам қиналып өмір сүріп үйреніп қалды. Құрбан сезіну, өз-өзіңді түсінбеу оңай. Бар энергиямызды өзімізді аяуға жұмсау ыңғайлы, әдет болып кеткен. Бұдан арылып, жаңа қасиетті қабылдау үшін адам өзінен «аттауы» керек, яғни эмоционал ауыртпашылықты бастан өткеру қажет. Ал бұл — қорқынышты іс. Сондықтан бізде қарсылық болады. «Жайлы ортаға» үйренген миымыз энергиясын бейтаныс әрекетке құртқысы келмейді.

Бірақ біз миға тапсырма бере аламыз. «Қарсылық болып жатса, тоқтама, жаңа әрекетті қайталай бер». Ақыр соңында ми мұны тапсырма ретінде қабылдап, нәтиже береді.

Көптеген бизнесменнің «үлкен ақша тауып, жолың болсын десең, керек уақытта керек жерде болу керек» деп айтқанын талай естідік. Ал қашан қайда болу керек екенін қайдан білеміз?! Білудің керегі де жоқ. Армандайтын өмірге ұмтылып, мақсат қойып, визуализация жасап, бізге көмектесетін және шабыт беретін орта қалыптастыру керек. Жұмыс істеу керек екенін үш рет қайталап айтуға болады. Бірақ бұл өліп-талап қызмет ету емес. Тайм-менеджмент сияқты пайдалы дағдыны үйреніңіз. Сонда энергияңыз бен күш-қуатыңыз жоспарлаған істің бәріне жетеді.

Данияр Жігітбек, «Лайфхакер» кітабының авторы:

Ақшаны қайда сақтауға болады?

Данияр Жігітбек
Данияр Жігітбек. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ақшаны тауып, сақтап, көбейтудің жолдарын білуіңіз керек. Осы үш нәрсені меңгерсеңіз, қаржылай тәуелсіз боласыз.

Қаржылай тәуелсіздікке жету үшін мына стратегияны ұсынамын:

1. Қарыз, несиеден құтылыңыз.
2. Кіріс-шығыныңызды бақылаңыз. Бір айда орта есеппен қанша жұмсайсыз, соны анықтап алыңыз. Кірісті Х-пен белгілейік.
3. Табысыңыздың 10%-ін өзіңізге қалдырып отырыңыз.

4. Бірінші мақсат — «қауіпсіздік жастығын» («подушка безопасности») жинап алу. Бұл – жұмыссыз қалсаңыз, 6 ай шығыныңызды жабатын сома, яғни 6 Х. Бұл ақшаға тиіспейсіз. Бөлек жатады. Мұның психологиялық әсері күшті: жұмыссыз қалсаңыз, «қорда ақшам бар ғой» деп, еркін тыныстап жүресіз. Оның үстіне, 6 айда басқа табыс көзін табатын шығарсыз.

5. Табысыңыздың 10%-ін өзіңізге қалдырып отыруды тоқтатпайсыз. Бұл ақшаны енді инвестицияға жібересіз. Мысалы, бір компанияның акцияларын арзанға сатып аласыз да, дивиденттерін алып отырасыз. Кейін акция қымбаттаған кезде сатып жіберсеңіз болады. Түскен ақшаны қайтадан инвестицияға жібересіз. Бұны «реинвестиция» дейді. Ақшаны ақша жасауы керек!

Қаржы сауаты жайлы кітаптың барлығында «кірісіңнің 10%-ін өзіңе төле» деп жазады. Мұны түсінбейтін едім. 10%-те тұрған не бар? Тапқаным — 100 000 тг. Оның 10%-ы 10 000 тг. Бір жылда 12 ай × 10 000 тг = 120 000 тг жинай алады екем. Ал сосын ше? Ондай көп ақша да емес. Кейін түсіндім. Өмірде жазылмаған заңдар бар. Соның бірі мынау: ай сайын тапқан табысыңның 10%-ін жұмсамай, өзіңе қалдырып отыруың басқа табыс көздерінің табылуына себеп болады. Ақша басқара білетін адамның қолына түсіп, жинала береді. Магнит сияқты нәрсе ғой: шотыңда ақша жатса, тағы да ақшаны тартады. Жатпаса, нені тартады?

Қаржылай сауатты болу үшін Telegram желісінде мына екі каналға жазылғам:

https://t.me/finmentorkz
https://t.me/INVESTORDIARY

Мына кітаптарды оқуға кеңес беремін:

1. «Заметки в инвестировании», УК «Арсагера». Интернетте тегін, Pdf нұсқасы бар;
2. «Финансы триллионера», Шамиль Аляутдинов (ША);
3. «Подсознательные бедность и богатство», ША;
4. «Деньги под контролем», ША;
5. «Введение в исламские финансы», Таки Усмани;
6. «Думай и богатей», Наполеон Хилл;
7. «Богатый папа, бедный папа», Р. Киосаки;
8. «Квадрант денежного потока», Р. Киосаки;
9. «Голые деньги», Ч. Уилан;
10. «Самый богатый человек в Вавилоне», Джордж Сэмюэль Клейсон.

Депозит қысқа мерзімге арналған, оның үстіне өсімі аз. Сол үшін депозит – ақша сақтап, көбейтудің ең тиімсіз жолы. Экономикаға да пайдасы шамалы. Жұрт ақшаны сақтап, көбейтудің тиімді жолы депозит немесе үй алып, соны жалға беріп қою деп ойлайды. Қаржы сауатымыз сол деңгейде. Негізі олай емес. Ұзақ мерзімде ақша сақтаудың, сақтап қана қоймай, көбейтудің ең тиімді жолы – сенімді компаниялардың үлесін (акциясын) сатып алу. Бұл — менің ойым емес, дәлелденген факт.

Акция – ұзақ мерзімде ақша сақтап, оны көбейтудің ең тиімді жолы. Әрі өсімі жоқ. Себебі бұл жерде акция бағасы төмендеп кетуі мүмкін деген тәуекелге бел буу керек. Сол үшін тиімсіз акцияны дер кезінде сатып, басқа компанияның акциясын оңтайлы бағада сатып алып отыру керек. Сонда көп ұтылмайсың.

Қазір Қазақстанда отырып, Apple, Google және тағы басқа дүниежүзіндегі компаниялардың акциясын сатып алуға болады. Бірнеше жолы бар. Ең оңайын айтайын. www.freedom24.kz – Freedom Finance деген брокердің акция сататын интернет магазині. Өте ыңғайлы. Бірақ акция сатып алу, инвестиция жасау лоторея емес. «Қазір алып қояйын, сосын көреміз» деген нәрсе жүрмейді. Бұл – кәдімгі ғылым. Курстан өту керек, сол білімді іс жүзінде қолдану керек. Акция сатып аларда фундаментал, техникалық анализ жасау керек. Диверсификация, өзге де заңдылықтарды ескеру қажет.

Былтыр жыл соңында www.tradernet.ru сайтына кіріп бір компанияның 40 акциясын сатып алдым. Бір акциясы ол кезде 2 375 тг тұратын. Кейінгі рет кіріп қарағанымда 2 520 тг боп тұр екен. 40 акция × (2520 — 2375) = 5 800 тг (айырмасы, пайда). Қазір 40 акциямды сатып, шығып кетсем, осынша пайда тауып тұр екенмін. Бірақ әзірге сатпаймын. Компанияның өсетініне сенемін.

Әйгерім Нұрлан, қаржыгер:

Инвестициялауды қашан бастау керек?

қаржыгер
Әйгерім Нұрлан. Фото жеке архивінен

Инвестициялауды бастамас бұрын өзіңізге мына сауалдарды қойып шығыңыз:

  1. Қаржы сауатымның деңгейі қандай?
  • қанша тауып жүргенімді білемін;
  • қанша жұмсап жүргенімді білемін;
  • шығынымның ең үлкен категориясынан хабарым бар;
  • тұрақты жинағым бар;
  • қосымша кірісім бар.

Осылардың ішінде, кем дегенде, төрт сауалға «Иә» деп жауап берсеңіз, қаржы сауатыңыздың деңгейі жақсы, жеке қаржыңызды бастапқы деңгейде басқара аласыз. 

2. Қолда барымнан қарызым көп пе?

Қарыз табыстың 50%-інен асып кетпеуі керек. Әйтпесе соңында өмір сүруге ақша таппай кетуіңіз мүмкін. Мұндай жағдайда қаржы тұрақтылығын қалпына келтіру бірінші мәселеге айналады, инвестиция жасауға әлі ерте. 

3. Қолда барды жоғалтуға, тәуекел етіп, күтуге дайынмын ба?

Инвестицияны бір банкітң акциясын 100 теңгеге сатып алып бастасаңыз да жоғалтуға дайын болуыңыз керек. Өйткені уақыт өткен сайын акцияның бағасы арзандап, 10 теңгеге құлап, компания дивиденд, яғни үлеспайда төлемей қоюы мүмкін. Басқа акциялар 500 мың теңге тұрса, жоғалтқан қаражат та соған сай болады. Мұндай жағдайда жоғалтуға дайын болу мен төзім керек. 

Несиеңіз бар, тәуекелге бел буа алмасаңыз да бағалы қағазды сатып алудың не екенін білу үшін, байқап көруді ұсынар едім. Қаржы жағдайыңызды тұрақтаған соң ұзақмерзімді акцияларды сатып алуға тырысыңыз. 

Ару Сағи, блогер:

«Балаға ақшаны санай алатын жастан бастап беру керек»

Ару Сағи. Фото жеке архивінен

Нарық заманында балаға ақшаны дұрыс табумен қоса, оны ақылмен жұмсауға үйрету — ата-ананың маңызды міндеті.

Тәжірибемнен өтіп, өміршеңдігін дəлелдеген кеңес мынау: Бала ақша санай алатын жасқа жеткеннен бастап (шамамен, 6-7 жас)  оған апта сайын беретін сома белгілеңіз. Әрине, өз бюджетіңізге сай. Мысалы, мен аптасына 1000 теңге ұстатамын. Бұл ақша уақтылы беріліп тұруы керек, оны берген соң тартып алуға немесе кенеттен бермей қалуға болмайды. Балаға осы ақшаны беруге қатысты 5 шарт бар:

  1. Бала осы ақшаны қалай құртса да өз еркі. Басында ол сізге мүлдем ұнамайтын заттар алуы мүмкін, шыдаңыз,  ештеңе демеңіз.
  2. Уақыт өте балаңызға сіз берген ақша аз болып көрінеді. Ақшаның дəмін сезген ол енді  басқа да бағалы заттар алғысы келеді. Міне осы жерде де шыдам керек. Жетпеген ақшасын қосуға немесе апталық ақшасының көлемін өсіруге болмайды. Бұл — өте маңызды кезең. Енді балаңыз əр нәрсенің құны барын және қалағаны қалтаға сәйкес болу керек екенін түсінеді.
  3. Көңіліндегі затқа ақша жинап қол жеткізуге болатынын түсіндіріңіз. Ол үшін құны оның екі-үш апталық  ақшасы болатын затты көрсетеміз, осы аптаның ақшасын құртпаса,  оған келесі аптада беретін ақшаны қосса, сатып ала алатынын айтамыз. Бұл баланы сабырға, ақшаны жоспарлап жинауға үйретеді.
  4. Осы үш кезеңді әбден меңгерген соң төртіншіге өтеміз. Енді баланың өте қымбат қалаған заты туралы апталық ақшамен сөйлейміз. «Керемет робот, бірақ құны сенің 8 апталық ақшаң» дегендей. Осы жерде қосымша ақша табу жолдарын көрсетуге болады. Мысалы бізде кіші қызымды далада ойнату — 100 теңге.
  5. Бір жерге қыдырып барсаңыз, апталық ақшасынан бөлек қолдарына қосымша ақша бересіз. Әлбетте, бұндайда бала қалағанын мүлдем ала алмайтындай емес, дұрыс сома беру керек. Тым көп те ұстатпаңыз. Бала әлгі бергеніңізді тиімді жаратпай, тағы сұраса, шыдамды болыңыз.

Дәл осы сабақтар балаңыздың ақшамен қарым-қатынасын реттеудегі өте маңызды нәрсе екенін есте ұстаңыз. Балаңызды аяп кетіп, бастапқы келісімшартты бұзып жүрмеңіз.