Психологтың айтуынша, тұлға ретінде қалыптасып келе жатқан адам үшін отбасындағы жақындарымен қарым-қатынасы өте маңызды. Оның бірі – анасы, одан кейінгі жан – әкесі.

Ұл балаға анасының көңілі маңызды. Алайда ойша әкесін өте авторитарлы адам санайды. Әке баланың тұлға ретінде қалыптасуы кезінде оның психикалық сау адам болып шығуына әсер етеді. Әке төмендетсе, қорласа, түкке тұрғысыз санаса, бала өзін әлсіз сезінеді. Мұндайда тұлғалық ақау (комплексный неполноценность) пайда болады. Осылайша бала адам ретінде де, тұлға ретінде де біреудің алдында әлсіз, түкке тұрғысыз екеніне көзі жетіп өсетін болады, — дейді Аида.

Аида Тұрғазы әкесі ұратын баланың бойында агрессия қалыптасатынын айтады. Бала оны басуға тырысады, алайда ішінде үлкен өкпе-реніш пен агрессия жиналып қалады.  Ол алдағы уақытта балаға армандарын орындауға, өз қалауын елестетуге кедергі келтіреді. Ең өкініштісі, бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде көре алмайды.

Таяқтың астында өсуді кей бала әртүрлі қабылдайды. Оны көп жерде айтылатын екі жігіттің оқиғасының мысалынан көруге болады: екі кейіпкердің бірі табысты адамға айналса,  енді бірі араққа жақын болыпты. «Неге осындай тұлға болып қалыптастыңдар?» деген сауалға екеуі де бір жауапты айтады. Ол — «Мен әкеме қарап өстім». Ерік-жігері төмен адам жасөспірім кезеңде әлеуметтік өмірден алыстап, моральға қарсы әрекеттерге бара бастайды. Яғни қылмыс жасайды, ұрлық істейді. Әкесінен көрген қорлықтарын ұмыту үшін түрлі психотропты өнімдерді пайдаланады. Суицидке итермелеуі де мүмкін. Себебі отбасындағы жағдай балаға ұнамайды. Ол өзгерістерден қорқады, — дейді маман.

Аида ТұрғазыАида Тұрғазы
Аида Тұрғазы. Фото жеке архивінен

Аиданың айтуынша, осы толық емес комплексті жеңіп шыққан ерік-жігері мықты адамнан үлкен тұлға шығуы мүмкін. Бірақ мұндай жағдай өте сирек кездеседі. Ал ерік-жігердің мықты немесе әлсіз болуы әкесінен қорлық көрген кездегі анасының әрекетіне байланысты.

Бала есейгенде тиран әкесінің қылығын қайталауы әбден мүмкін. Отбасыдағы байланыстың және ересектермен қарым-қатынастың моделі осы кезеңде толық қалыптасады. Зорлық көріп өскен бала үшін бұл қалыпты жағдайға айналады. Кейін ол әйеліне «Шешем шыдады, сен де шыдайсың. Мен өлген жоқпын, сен де өлмейсің» деуі әбден мүмкін. Яғни бұл жерде агрессия отбасындағы қарым-қатынастың жалғыз моделі болып қалған. «Адамды қорлауға болмайды, сыйлау керек, оның құқығы бар» деген ұғым бала түсінігінде ерте жастан қалыптаспаған. Отбасы моделінде әу баста мұндай түсінік мүлде жоқ. Сол себепті баланың бойында ерік-жігер берік болмаса, әкесінің қылығын қайталайды немесе мүлдем ынжық адамға айналады, — дейді психолог.

Маманның айтуынша,  әр адам әуелі сау психикаға қол жеткізуі керек. Сау психика – сау отбасы және сау қарым-қатынастың кепілі.  Маманның көмегімен ұзақ уақыт әрі тұрақты жұмыс жүргізе отырып, тиран әкеден қысым көрген баланың психикасын түзеуге болады. Бірақ қоғам түзелмейінше, бұл әрекеттің пайдасы аз.

Статистикаға қарасақ, тиран әкенің әрекеті өршіп тұрған мәселе. Тиран әкелердің әрекетін тоқтату үшін қоғамда жалпы күрес пен сананың өзгеруі керек шығар. Бізде себебімен емес, салдарымен күресіп жатады. «Бәлкім, әйелдің өзі кінәлі шығар, баланың өзінен болар? Кімді ұрмай жатыр? Біз де баяғыда таяқ жеп өстік, түк болған жоқ» деген сияқты қоғамда түрлі көзқарас бар. Осы ой-пікір өзгермейінше, қоғам да өзгермейді. Мұндай оқиғалар алдағы бес-он жылда тоқтай қояды деп айту қиын. Отбасы тәрбиесіндегі мәселелер жіті қаралып, бала тәрбиесінде дұрыс әрі сауатты әрекет етіп, қоғамда дұрыс көзқарас қалыптастырмасақ, зорлық-зомбылықты құр байбаламмен тоқтата алмаймыз, — дейді маман.