«Қараңғыда кітап оқысаң, көзің көрмей қалады»
Көп адам баласына жарығы нашар бөлмеде кітап оқуға, жазу жазуға рұқсат етпейді. «Өйте берсең, 1-2 жылда көзің нашарлап, көзілдірік тағып шыға келесің» дегенді сіз де, біз де естіп өстік. Текке қорқыппыз. Қазіргі дәрігерлер жарығы нашар жерде кітап оқу көзге аздап қысым түсіргенімен оның көруін нашарлата алмайтынын айтады. Әрине, жанарға белгілі бір деңгейде зиян келтіретінін жоққа шығаруға болмас. Дегенмен қараңғыда оқу көздің функциясына немесе құрылымына кері әсер етіп, біржолата бұзады деген сөз жалған.
Мұндай сенім қайдан шыққан деп ойлайсыз? Базбір болжам бойынша, мұны ата-ана баласы уақтылы ұйықтасын және көзін шаршатпасын деген жанашырлықпен айтып бастаған, кейін жаппай бәрі сенетін ережеге айналып кеткен.
Ересек адам тәулігіне кем дегенде 8 сағат ұйықтауы керек
Бала кезімізде бізді ұйқыға ерте жатқызатын. Өйткені адам тәулігіне кем дегенде 8 сағат ұйықтауы керек дегенді біліп алғанбыз. Белгілі бір мағынада бұл — дұрыс дағды, алайда адамға қанша сағаттық ұйқы керек екенін оның гені анықтайды. 4-5 сағаттан соң ұйқысы қанып оянатындар немесе толық тынығып, қалпына келу үшін кемі 10 сағат ұйқыны қажет ететіндер арамызда жүр. Бұл — олардың ағзасының ерекшелігі, сондықтан күніне 8 сағат ұйықтау керек деген қағида маңызды емес.
Түннің бір уағында жатса да, таңғы 4-5-те оянып алатын, сөйте тұра өзін өте сергек сезінетін адамдар бар. Олардың бойында DEC2 гені аздап мутацияға ұшыраған болуы мүмкін. Бірақ «мен де аз ұйықтаймын, генім ерекше» деуге асықпаңыз, бәлкім бұл атаңыздан қалған мұра емес, жәй ғана ұйқысыздық шығар? Тексерілу керек.
Ұйқыға қатысты тағы бір жалған түсінік — ертерек жатып қалу. Шын мәнінде, сағат қаншада ұйықтағаныңыз маңызды емес. Бастысы, күндел бір уақытта жатып, бір уақытта тұру керек. Мысалы, үйінде қашықтан жұмыс істейтін адам түнгі 3-те ұйықтап, ертеңіне 11.00-де оянса және осыған қарамастан өзін жақсы сезінсе, бұл — оның ағзасына сай келетін ең ұйқы режимі.
Айкезбе адамды оятуға болмайды
Ұйықтап жүріп түрлі іс-әрекет жасайтын (лунатизм) адамды қазақта айкезбе дейді. Оның диагнозы — сомнамбулизм. Өскен жерімізде немесе лагерьге барғанда айкезбе құрдасымыз болса, үлкендер, тәрбиешілер оларды оятуға болмайтынын қатаң ескертетін. Өйткені айкезбе ұйқы кезіндегі әрекетіне жауап бере алмайды, бейсаналы түрде қимылдайды. Оятып жберсе, қатты шошып қалуы мүмкін. Біз осындай түсінікпен өстік. Алайда оның ұйықтап жүріп өзіне немесе басқаларға зақым келтіруі мүмкін екені басымызға келмепті. Мамандар айкезбені оятудан гөрі оятпау қауіптірек дейді. Себебі іс-әрекетіне жауап бере алмайтын адам өзіне қатер төндіруі мүмкін. Денсаулығында кінәрат болмаса, қандай да бір қауіп байқасаңыз, оятуға болады. Десек те ең дұрысы — бала күнімізде үлкендердің «айкезбені төсегіне апарып жатқыз» дегені.
Күніне үш рет тамақтанғаннан гөрі аз-аздан бірнеше рет тамақ ішкен дұрыс
Бұл пікірді диета ұстап, арықтауды ниет еткендер ұстануға тырысуы мүмкін. Диетологтар айтса, жарайды дер едік. Өйткені күніне аз-аздан алты рет тамақтану (үш рет негізгі тамақ, үш рет қосымша) асқазанда жарасы бар адамдарға қажет болуы мүмкін. Ондай жанға диетаның керек екені анық. Ал арықтау әрі күні бойы сергек жүру үшін алты рет аз-аздан тамақтанудың стандарт үш рет тамақ ішкеннен айырмасы шамалы.
Алты рет ауқаттанудың пайдалырақ екенін әзірше ешқандай ғылым дәлелдеген жоқ, ғалымдар да бұл екі әдістің айырмашылығын көрмей отыр. Мүмкін бар мәселе компаниялардың арықтауға «арналған» өнімдерді көбірек сатқысы келгенінде болар?! Марктологтар мықты жұмыс істегенге ұқсайды.
Денедегі түкті қырса, ол қалыңдай түседі
Денсаулыққа қатысты наным-сенімнің ең ескісі осы болар, сірә. Сақал-мұрты тебіндеп шығып келе жатқан жасөспірім жігіттер сенетін түсінік. Содан болар, қайта-қайта қырынуды әдетке айналдырып алады. Алып-алып ағаш құлататын канадалық еркектердің қалың сақал-мұртына кім қызықпасын? Жасөспірімдер де соған еліктеп жүрген болар.
Алайда қырынғанда түктің өлген ұшы ғана алынады, ал түбі тері астында бәрібір қалып қалады. Түк қалыңдаған сияқты болып көрінетін себебі мынау: сақал-мұрт өскен сайын қаттырақ әрі жуанырақ болады. Бірақ белгілі бір ұзындыққа жеткен соң қырынуға дейінгі кездегідей селдіреп, жұқа болып кетеді.
Түктің қалың болуы ген мен гормондар деңгейіне байланысты. Адам бойындағы андрогендер (тестостерон, дигидротестостерон) түктің өсуінде маңызды роль атқарады. Есейе келе ер адамдардағы түк те қалыңдай түсуі мүмкін, бірақ бәрі гормонға байланысты. Түк құрылымы өзгермейді, бар болғаны оның тамыр түсі қаралау әрі жуандау. Сондықтан қысқа шаш қара қою, қуатты болып көрінеді.
Жылы киінбесең, суық тигізіп аласың
«Басыңа кимесең, сыртқа шықпайсың». Бала күнімізде анамыз осылай дейтін. Себебі суық тиіп қала ма деп қорқатын. Салқын ауада денеміз жаурауы мүмкін, ол рас. Басқа ауруларға да шалдығуды жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл мойынорағыш тақпағанымыздан немесе жылы киімді үйге тастап кеткенімізден емес. Адам респиратор-вирус инфекциясын жұқтырғаннан ауырады. Өйткені бұл — бір адамнан екінші адамға ауа-тамшы жолымен ғана берілетін, риновирус тарататын ауру.
Олай болса, қыста неге жиі ауырамыз? Қыста адам жаурамас үшін жабық ғимараттан шыға бермейді. Бәрі топталып, бір бөлмеде отырады. Сәйкесінше, біреуінде вирус болса, басқалары да ауырып қалады. Оған қоса, қыста жылу қосылады, ол ауаны ғана емес, ағзамыздағы шырышты қабатты да құрғатады. Шырышты қабат — вирустан қорғайтын кедергі. Яғни ол азайса, вирус ішке оңай кіріп алады.
Бұған ауа құрғап, ылғал азайса, вирустың ғимарат ішінде де, сыртында да оңай таралатынын қосып қойыңыз. Өйткені құрғақ ауада вирус жоғары көтеріліп, оңай жұғады.