«Дипломаттық қырын ескердім». Нұрсұлтан Назарбаев Тоқаев туралы

«Қазақстан Республикасы президенті ретіндегі өкілетімді өз еркіммен тоқтату туралы шешім қабылдамас бұрын болашақ ел басқарар азаматқа қажет қайраткерлік тәжірибе мен тағылым жайын ой тезіне, көңіл безбеніне тартып, асықпай, зер сала қарадым. Абайдың:

Бас басына би болған өңкей қиқым

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

… Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың, — деген өкінішін қайталамау қажет екені тағы алдымнан шықты.

Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеген Қасым-Жомарт Тоқаевтың адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат екенін есепке алмағанда, оның елдегі ішкі жағдайды саралап қана қоймай, шығыстың да, батыстың да тілдерін меңгергендігін, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарғанын, әлемдік саясаттағы Қазақстанның орнын байыптай алатын дипломаттық қырын да ескердім. Сондай-ақ, өзім айрықша мән беріп келе жатқан ел бірлігі мәселесі мен адамзаттық құндылықтарды үйлестіру қабілетіне сенім арттым», — деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев.

Еске салайық, Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы 19 наурызда Қазақстан халқына арнаған үндеуінде өкілетін тоқтататынын мәлімдеді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды Президент сайлауына дейін уақытша басқаруға лайық адам екенін айтты.

Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеті қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. Қазір Парламент Сенатының төрағасы — Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер, — деді Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде.

2019 жылы 9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев 70,96% дауыс жинап, жеңіске жетті.