Қазақстанда 145 колледж 330 мамандық бойынша студент оқыта алмайды

Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басшысы Гүлзат Көбенованың айтуынша, мониторинг жасағанда оқу процесіне қажет құрал-жабдықтардың, әдебиеттердің, оқытушылардың болуына, оқуға барлық жағдайдың жасалуына бірінші кезекте назар аударылады.

Осы жұмыстың нәтижесінде колледждер қазіргі уақытта өздерінің білім беру профиліне жатпайтын немесе білік талаптарын сақтай алмайтын жекелеген мамандықтар бойынша лицензияның қосымшаларын қайтару туралы шешім қабылдады. Арасында еңбек нарығында сұранысқа ие емес мамандықтар да бар. Кейбір колледждерге белгілі бір мамандықтар бойынша студенттер оқуға мүлдем түспеген. Мысалы, педагогика колледжі менеджерлерді даярлауға талпынса, ал экономика бағытында білім беретін колледж педагогтарды оқытпақ болған. Сонымен бірге кейбір оқу орындары материал базасы сай келмесе де белгілі бір мамандық бойынша кадрларды дайындағысы келген. Қазіргі уақытта студенттер оқуын аяқтады, ол үшін колледждерге мүмкіндік берілді. Бұдан былай 145 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы 300-ден астам мамандық бойынша студенттерді оқытпайды. Сондықтан ата-аналар мен оқушыларға алаңдаудың қажеті жоқ. Ешқандай проблема туындаған жоқ, — деді Гүлзат Көбенова.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақ көлік және коммуникация академиясы бас лицензиясынан айырылғаны хабарланған еді. Шешім 10 жұмыс күні өткеннен кейін заңды күшіне енеді, кейін жоғары оқу орны білім беру саласындағы қызметін тоқтатуға міндеттеледі.