Алматы облысында сервистік әкімдік саны артты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет екендігін атап өтті. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыс бойынша департаментінің және Алматы облысы әкімдігінің ұсынысымен аудан орталығы Сарқан қаласында Сарқан ауданының Сервистік әкімдігі ашылды.

Жоба мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, сондай-ақ, азаматтар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Сервистік әкімдік жобасының қағидалары мемлекеттік қызметтерді көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру, бұл өз кезегінде қызмет алушылардың уақытын, күш-жігерін, қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Себебі бұрын тұрғындарға қызмет алу үшін елді-мекеннің түкпір-түкпірінде орналасқан бөлімдерге бару қажет болатын. Сонымен қатар, «Сервистік әкімдік» тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жасау, дер кезінде азаматтардың сұраныстары мен сұрақтарына жауап беру мүмкіндігін береді. Бұл өз кезегінде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында тиісті шараларды қабылдау үшін, қызмет алушылармен кері байланысты орнатады. Оған қоса, «Сервистік әкімдік» ғимаратында барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Күту залында ыңғайлы орындықтар, кондицинер, суға арналған диспенсер мен ақпараттық теледидар орнатылған.

Өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған бұрыш ұйымдастырылған. Мүгедектер үшін шақыру қоңырауы, пандус, брайль шрифтінде жазылған тақталар бар.

«Сервистік әкімдік» жобасы Президент қойған міндеттерді сапалы жүзеге асыруға оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Айта кеткен жөн, бұл «Сервистік әкімдік» облыс көлемінде 13-нші болып ашылды.