Алматы облысы: Ұстаздар күніне орай Кербұлақ ауданында жаңа мектеп қолданысқа берілді

Кербұлақ ауданы Қосағаш ауылында 80 орынды мектеп ашылды. Шараға Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли қатысты. Бұл жайында Кербұлақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қосағаш орта мектебінің құрылысы 2019 жылдың сәуірінде басталып, 2020 қыркүйегінде қолданысқа берілді. Жоба құны 700 миллион теңге. Қаражат Алматы облыстық бюджетінен бөлінді.

Бүгін көптен күткен мектептің ашылуы болып жатыр. Ауылымызда жаңа мектеп бой көтерді. Оқушылар мен ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Бұрынғы мектептің жағдайы нашар болған. Енді мұғалімдер жаңа компьютерлік сыныпта, интерактивті тақтамен сабақ беретін болады, — деп атап өтті Көксу ауылдық округінің әкімі Әлия Бахтиярова.

Жаңа мектеп 38 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтиды. Оның 29-ы — ұстаздар қауымы. Мұғалімдер Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында бізге үлкен сый болды деп қуануда.

Айта кетейік, одан бөлек Кербұлақ ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында Сарыбастау орта мектебі және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сарыбұлақ орта мектебі күрделі жөндеуден өтуде.