Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесімен балалар суициді мәселесін талқылады

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Рауан Кенжеханұлы Қазақстан Президентіне Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған іс-шаралар аясында берілген тапсырма бойынша ақын шығармаларының 10 тілге аударылғаны жөнінде есеп берді.

Сонымен бірге Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Президентке «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқулықтардың қазақ тіліне аударылуы туралы баяндады.

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, бұл жоба жыл аяғына дейін аяқталады. Жалпы 100-ден астам оқулық аударылған.

Кездесу барысында балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне, білім берудің онлайн-платформасын дамытуға, сонымен бірге аударма және терминология салаларына қатысты мәселелер талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы аталған мәселелердің маңызды екенін айтып, мүдделі мемлекеттік органдарға үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, оларды пысықтауды тапсырды.