Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Руслан Дәленов Президентке экономика өсімін қалпына келтіруге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған Қазақстанның жаңа экономика бағдарының негізгі қағидаларын жүзеге асыру жайында баяндады.
Министр Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканы басқаратын құрылымдарды және мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің механизмдерін жетілдіру, инвестиция тарту шаралары жөнінде айтты. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар салу және тұрғын үй-коммунал секторды жаңғырту мәселелері сөз болды.
Мемлекет басшысы ауылдық жерлерді дамытудың перспективаларына, соның ішінде «Ауыл — ел бесігі» жобасына ерекше назар аударды. Осы бастаманың аясында 5 жыл ішінде 3 500 ауылды жаңғырту көзделіп отыр. Президент ауылдық жерлердегі инфрақұрылымның сапасын қалалық деңгейдегі стандартқа жақындатуды тапсырды.
Кездесу барысында микро және шағын бизнесті тексеруге жарияланған мораторий 3 жыл ішінде 100 мыңға жуық тексеріс жүргізуді болдырмауға мүмкіндік беретіні айтылды. Бұл бизнесті ретке келтіру ісінің жаңа парағын ашуға оң ықпал етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев министрге бизнес жүргізу ісін реттеуді және салық салуды жеңілдету жөнінде бірқатар тапсырма берді.