ҚР Білім және ғылым министрлігі қашықтан оқуды қалай ұйымдастыруы керек, IV тоқсанда қандай қателік кетті және оның қандай шешімі бар? 2020 жылдың мамыр–тамыз айларында PaperLab зерттеушілер тобы Сорос-Қазақстан қорының қолдауымен осы сұрақтарға жауап іздеп, зерттеу жүргізді.
Қашықтан оқу орта білім беретін мекемедегі дәстүрлі жүйені түбегейлі өзгертті. Қоғамдағы пікір де екіге бөлінді. Бір тобы пандемия кезінде қашықтан оқу уақыт пен қауіпсіздік жағынан тиімді екенін айтса, енді бірі Қазақстанның қашықтан оқуға дайын емес екенін, интернет, гаджеттің қолжетімсіздігін алға тартады. PaperLab зерттеушілері аталған проблемалардың себебі мен салдарын анықтауда түрлі тәсіл қолданды.
Кейінгі 6 айда қордың қолдауымен бір топ зерттеуші қашықтан оқу туралы тәуелсіз зерттеу жұмысын жүргізді. Оған оқушылар, ата-аналар, ұстаздар, мектеп басшылығы мен сарапшылар қатысты. Еліміздегі оқушылар жаппай қашықтан оқуға көшкенде арнайы білім беруді қажет ететін оқушылар тобы назардан тыс қалды. Олардың ата-анасы баласына білім беру проблемасын өз бетінше шешуге тырысты. Сорос-Қазақстан қоры инклюзивті білім беру саласына көп көңіл бөлді, — дейді Сорос-Қазақстан қорының басқарма төрайымы Аида Айдарқұлова.
Күнделіктегі жазбалар: қашықтан оқу нені өзгерді?
PaperLab зерттеу барысында сирек қолданылатын күнделік жүргізу әдісін қолданыпты. Зерттеуші Серік Жақсылықовтың айтуынша, 8-10 сынып оқушылары мен бастауыш сыныптағы оқушылардың ата-аналары екі апта бойы қашықтан оқуда кездескен қиындықтар мен алған әсері туралы жазып отырған. Оларға нақты сұрақ қойылмаған, тек тоғыз тақырып аясында жазба қалдыру тапсырылған. Нәтижесінде 110-ға жуық күнделік жазбасын оқыған зерттеушілер мынадай тұжырым жасады:
- Мемлекеттік білім беру жүйесіндегі теңсіздік. Дәстүрлі оқу жүйесінде мемлекеттік мекемеде барлық оқушыға бірдей жағдай жасалады. Ал қашықтан оқуда білім сапасы ұстаздың жеке қабілеті мен қашықтан оқуға бейімделуіне, ата-ананың балаға көңіл бөлуіне, интернет пен гаджетке қолжетімділікке байланысты. Қала мен ауылдық жердегі қашықтан оқу процесінде үлкен айырмашылық бар.
- Баға мен сенімсіздік. IV тоқсанда баға оқушының талабы мен тапсырманы орындағанына емес, алдыңғы үш тоқсандағы бағасына қарап қойылды. Оқушы тапсырманы үздік орындаса да, мұғалім оған сенімсіздікпен қарайтын болды. Тапсырма беру мен оны орындау, бағалау, тіпті сабақ өту де ресмилікке айналды.
- Ата-ананың араласуы. IV тоқсанда көптеген ата-ана мұғалім мен оқушының міндеттерін өзіне бөліп алды. Балаға сабақ түсіндіріп, үй тапсырмасын орындауға көмектескен ата-аналар арасында «Бақылаудан неше алдың?», «Ана есепті қалай шығардың?» деген әзіл-шыны аралас диалог пайда болды. Оқушының білім көрсеткіші ата-анасының сабақ беру дағдысын қолдана алу қабілетімен анықталды. Көптеген ата-ана мұғалімнің рөліне еніп, баласы жақсы ілім алуы үшін барын салды. Ал ата-анасында мұндай мүмкіндік болмаған балалардың оқу үлгерімі төмендеді. Мұғалімдер тапсырма беріп, оны тексеріп, кері байланыс беріп отырды. Ал қалған жауапкершілік оқушы мен ата-анаға жүктелді. Қашықтан оқу – баланың білім көрсеткіші емес, ата-ананың білім бәйгесіне айналды.
- Практиканың жетіспеуі. Кей пәндер мен тақырыптарды қашықтан оқу арқылы меңгеру қиынға соқты. Шет тілдерін меңгеру үшін бетпе-бет әңгімелесу, аудио, видеосабақтар жетіспеді және үй тапсырмасын орындауда кей ата-ана көмектесе алмады. Химия, физика сияқты арнайы лабораторияны қажет ететін пәндерді меңгеруде көп кедергі болды. Ал музыка, дене шынықтыру, бейнелеу өнері сияқты пәндер маңызын жоғалтып, тек ресми есеп үшін өтті.
- Сыни ойлау. Қашықтан оқу оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытты. Оқушы білім беру нысанынан білім алу нысанына айналды. Жоғары сынып оқушылары үйде, әлеуметтік желіде, қоғамда болып жатқан қашықтан оқу туралы пікірталасқа қатысатын болды. Оқу процесін ұйымдастыру, тиімді әдіс туралы ойын айтып, мектеп басшылығы мен ұстаздарына ұсыныс жасауға көшті.
- Мұғалімнің беделі. Соңғы жылдары қоғамда педагогтың мәртебесі тақырыбы жиі талқыланды. Қашықтан оқу кезінде мұғалімнің еңбегі бағаланып, беделі өсті. Әсіресе ата-аналар балаға білім беру, оны оқуға қызықтыру, түсіндіру жұмыстары оңай емес екенін түсінді. Оқушы – мұғалім – ата-ана арасында бірлік пайда болды.
Қашықтан оқу мұғалімдер көзімен
Социолог Камила Ковязина зерттеу барысында мектеп басшылығы, мұғалімдер мен сарапшылардан алған жеке сұқбат нәтижелерімен таныстырды. Сұқбат барысында әркім қашықтан оқуға әртүрлі ракурстан қарайтынын байқаған. Оларға қашықтан оқуға дайындық қалай жүргізілді, қашықтан оқу процесі қалай жүзеге асты және қашықтан оқу кезінде қандай қиындықтар кездесті деген үш сұрақ қойылған. Қоғамда көбіне қашықтан оқу туралы ақпарат алаңында сарапшылар, қоғам қайраткерлері, саясаткерлер мен депутаттар пікір білдіреді. Ал мұғалімдер мен оқушылардың өзімен пікір алмасу бола бермейді. Зерттеушілер қолданған әдіске еліміздің әртүрлі аймағынан 17 мұғалім қатысып, сұрақтарға жауап берген.
-
Қашықтан оқуға дайындық қалай жүргізілді?
Мұғалімдердің айтуынша, мемлекетте бірізді білім беру жүйесі қалыптаспаған. Әрине қашықтан оқуға аяқастынан мәжбүрлі түрде көшкендіктен, тез арада ұйымдастыруға тура келді. Сондықтан қашықтан оқуды ұйымдастыруда соңғы шешімді жергілікті мектеп басшылығы қабылдады. Кей мектепте информатика пәнінің мұғалімдері мен цифрлық технологиядан хабары бар қызметкерлер басқа мұғалімдерге көмектессе, кей мектепте әркім өзі үйренген. Алайда мемлекет тарапынан мұғалімдерді жаппай цифрлық сауатқа үйрету жұмысы қарастырылмады. Сондықтан егде жастағы және технологиядан хабарсыз мұғалімдерге қашықтан оқуға бейімделу қиынға соқты.
Қашықтан оқуды ұйымдастырғанда мұғалімдерге қосымша жүктеме түсті. Оқушының сабаққа қатысу мүмкіндігін тексеру, телефон, ноутбук, компьютері бар-жоғын анықтау, интернетке қосылып-қосылмағанын білу сияқты міндеттер мұғалімге жүктелді. Проблеманы тезірек шешу үшін бір ғана гаджеті бар көпбалалы отбасыға қаражат жинап, телефон әперген, тіпті оқушысына бірлік салып берген мұғалімдер бар.
-
Қашықтан оқу процесі қалай жүзеге асты?
Қашықтан оқу үшін түрлі платформа, бағдарлама іске қосылды. Оған мемлекеттен көп қаражат бөлінді. Бірақ мұғалімдер мен оқушылардың басым көпшілігі ноутбук пен компьютер, түрлі платформаны емес, смартфон мен WhatsApp мессенджерін ғана қолданған. Себебі басқасын қолдануға интернет жылдамдығы мүмкіндік бермеді және ең жылдам әрі ыңғайлысы осы болды. Ал ZOOM, Classroom, Microsoft Teams бағдарламалары мен Darynonline, Bilimland сияқты платформаны тек қалалық жердегі мектептер мен жекеменшік мектеп оқушылары қолданды.
«Қашықтан оқуда оқушының назарын аудару, оны білім алуға қызықтыру оңайға соқпады»,- дейді ұстаздар қауымы. Олар түрлі презентация, ойын, видеосабақ арқылы баланың назарын аударуға тырысқан.
Сондай-ақ, мұғалім әр оқушымен жеке жұмыс істеуге көшті. «Мен – жалғызбын, сендер – көпсіңдер» деген сөз барлық оқушыға таныс шығар? Бұрын мұғалім сыныптағы барлық оқушыға бірдей көңіл бөле алмайтын. Ал қашықтан оқу процесінде мұғалім әр оқушының тапсырмасын жеке тексеріп, пікір жазып, бағалауға міндетті болды. Бұл мұғалімдер үшін қиынға соққанымен, оқушыларға оң әсер еткені байқалады.
-
Мұғалімдер қандай қиындыққа тап болды?
Жоғарыда мұғалімдер тап болған қиындықтың бірқатары аталды. Мұғалімдер қашықтан оқытуды өз бетінше үйрену, қосымша жүктеме, оқушы сабаққа кіруі үшін жағдай жасау, әр баламен жеке жұмыс істеу үшін ұйқы, тамақтан шектеліп, күні бойы ноутбук пен телефонға телмірді.
Мұғалімдер үшін ең қиыны оқушыны бақылауда ұстау болды. Сыныпта отырған баланы бақылау оңай. «Тыныш отыр», «көшірме», «сабақ уақытында басқа нәрсемен айналыспа» деп ескерту жасауға болады. Ал қашықтан оқу кезінде баланы бақылау қиынға соқты. Тіпті тапсырманы өзі орындады ма, әлде көшіріп алды ма деген сенімсіздік пайда болды. Мұғалімдер бұрын сабақта белсенді болмаған балалардың үлгерімі жақсарғаны күмән туғызғанын жасырмайды. Мұғалімді елемеу, сабаққа уақытында қосылмау, түрлі сылтау айту, тапсырманы орындап жібермеу, телефонды көтермеу деректері ұстаздар қауымын біраз әбігерге салды.
Әсіресе бастауыш сынып оқушыларымен жұмыс істеу көп күш-қуатты қажет етеді. Әуелі ата-анасына, сосын балаға түсіндіру керек. Сондықтан жаңа оқу жылында бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сынып ұйымдастырылды.
Қашықтан оқу кезінде оқушылар арасында ғана емес, мұғалімдер арасында теңсіздік пайда болды. Мысалы Назарбаев зияткерлік мектебі мен басқа жекеменшік мектептердің ұстаздары жаңа технологиямен жұмыс істеуге жылдам үйренді. Ал ауылдық жердегі мұғалімдерде бұл процесс ұзаққа созылды.
Білім жүйесіндегі теңсіздіктің түр-түрі кездесті. Мемлекеттік мекеме мен жекеменшік мектеп арасында, қала мен ауыл мектептері арасында, жоғары сынып пен төменгі сынып арасында, жалпы білім алатын оқушылар мен арнайы білімге мұқтаж оқушылар арасында түрлі айырмашылық болды. Аталған проблемалар әлі де болса толық шешімін таппады.
Зерттеушілер мен сарапшылар не дейді?
Сорос-Қазақстан қорының қоғамдық саясат бойынша кеңесшісі Сауле Каликованың айтуынша, зерттеушілердің жұмысы білім беру саласын бір жүйеге түсіруге көмектеседі екен.
Біз өмірде бар нағыз адамдар мен нақты оқиғаларды зерттеп, мысал келтірдік. Бұл кезең де өтер, тарих қойнауында қалар. Қайта бейбіт заманға, дәстүрлі оқу жүйесіне оралармыз. Ал зерттеушілер жасаған тәжірибелер мен жұмыстар алдағы уақытта білім берудің жаңа жүйесін құруға көмектеседі, — дейді Сауле Каликова.
Тарихқа көз салсақ, адамзат бұған дейін бірнеше обаны бастан кешірген. Білім беру саласы да түрлі кезеңнен өткен. Білім беру саласының сарапшысы Ерлан Шуланов дәл қазір Қазақстанда қалыптасқан қашықтан оқу үрдісі дамыған елдердің тәжірибесінде болғанын айтады.
«Қазір қоғамда болып жатқан оқиғаға екі қырынан қарауға болады. Әрине, қоғам болғасын әртүрлі пікір, көзқарас бар. Білім саласының сарапшысы ретінде әлемдегі дамыған елдер мұндай жағдайда бірден жақсы нәтижеге қол жеткізбегенін айта кеткім келеді. Барлығы тәжірибе, істеп көру, кемшілікті тауып, оны түзету арқылы қалыптасады. Оның үстіне, Қазақстан алғаш рет осындай әлемдік деңгейдегі пандемия мен карантиндік шектеулерге тап болып отыр. Сыни пікірлердің болғаны орынды және болғаны жақсы. Дегенмен барлық нәрсенің негатив жағын емес, қоғамға әкеліп жатқан пайдасын да ескеру керек. Қазақстан дәл қазір қолда бар құралдар мен тәсілдерді пайдаланып, білім берудің өзіндік ерекше моделін қалыптастыруы керек. Оған ата-ана, оқушы, ұстаз, білім саласы мен министрлік өкілдері бірігіп кірісуі керек. Иә, біз мемлекетке салық төлейміз, олар бізге жағдай жасауға міндетті деп атой салуға болады. Алайда дамыған елдердің экономикасына, тарихына, жүйесіне назар аударсақ дамудың ең дұрыс жолы бірлесіп еңбек ету екенін түсінеміз. Баланың болашағына ата-ана, мұғалім немесе мемлекет қана жауапты деген жансақ пікірден арылайық. Жауапкершілік – бәрімізге ортақ», — дейді Ерлан Шуланов.
Оның айтуынша, кез келген жүйе бір орталықтан басқарылса да, жоғарыда қабылданған шешімдер барлық аймаққа тарап болғанша өзгеріске ұшырайды. Бастапқы идея керемет болғанымен, ол барлық аймаққа, барлық адамға бірдей сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан, жергілікті ерекшеліктер, тұрғындардың мүмкіндігін бағалау үшін әр адам немесе әр топ өз проблемасын шешудің оңтайлы жолдарын іздеуі керек.
Тағы бір ескере кететін нәрсе, ересектер бәрін өзінің қалауы бойынша шешкісі келеді. Оның жақсы деп тапқаны балаға да жақсы деп ойлайды. Алайда баланың өз әлемі, түсінігі, қалауы болады. Осыны да ескеруіміз керек, — дейді мамандар.
Сарапшының негатив пікірге қатысты ойын «Бірге оқу» жобасының координаторы Айжан Аршабаева да қолдады. Ол қашықтан оқудың Қазақстанның оқу жүйесіне оң әсері болғанын нақты дәлелмен келтірді.
Жаһандану заманында адамдар заманауи технологияларды қолданып үйренуі керек. Бұл дағдыны кейбір мұғалімдер де, оқушылар да кейінгі қалдырып келді. Ал қашықтан оқу кезінде барлық адам қажет дағдыны мәжбүрлі түрде болса да жылдам үйренді. Осылайша елде цифрлық сауат деңгейі жылдам өсті, — дейді Айжан Аршабаева.
Нұр-Сұлтан қаласындағы №54 мектеп-лицейдің директоры Шәкәрім Сейсенбай қашықтан оқу кезінде мектеп басшылығына үлкен жауапкершілік жүктелгенін айтады. Ол көптеген оқу орнында нақтылық пен дұрыс ұйымдастыру, жылдам шешім қабылдау жетіспегенін жасырмайды және бұл міндетті мемлекетке емес, жергілікті басшылыққа жүктесе, мәселе жылдамырақ шешіледі деп есептейді екен.
Мұндай төтенше жағдайда мектеп басшылығы ширақ қимылдап, жауапкершіліктің көп бөлігін өзіне алуы керек және өзінің мұғалімдері мен оқушыларына ыңғайлы нұсқаулық беруі керек. Оқу орнының тәртібі мен оқу процесіне қатысушылармен етене араласатын басшы оларға қандай тәсіл ыңғайлы болатынын түсінеді, — дейді Шәкәрім Сейсенбай.
USTAZ UPGRADE мұғалімдерді кәсіби даярлау орталығының директоры Нұрлан Иманғалиевтің айтуынша, алғашында қашықтан оқу кезінде мұғалімдерде оқушыға сабақты қалай түсіндіріп жеткізем деген ой емес, қалай сабақ өтем деген уайым басым болған. Қашықтан оқуды ұйымдастыру кезінде мұғалімдер жаңа дағды мен тәсілдерді меңгерді.
Зерттеушілердің жұмысын қорытындылай келе, дискуссия модераторы Серік Бейсембаев пандемия 2021 жылы да жалғасуы мүмкін екенін, сондықтан бұл зерттеудің нәтижесі білім беру саласы үшін маңызды екенін атап өтті.