«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асырып жатқанына 3 жылдан асты. Жоба авторларының айтуынша, осы уақыт ішінде гуманитар білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі үздік университет оқулықтары қазақ тіліне аударылған. Қазіргі уақытта философия, әлеуметтану, психология, дипломатия, дінтану, лингвистика, семиотика, педагогика, интернет психологиясы, мәдениеттану, антропология, журналистика, экономика, менеджмент, маркетинг, кәсіпкерлік, халықаралық құқық, интеллектуал құқық, кинотану және театртану салалары бойынша жоғарғы оқу орнының студенттеріне арналған 77 оқулықтың қазақша нұсқасы бар.
Бұл кітаптар Қазақстандағы 132 ЖОО-ның кітапханасына таратылыпты. Қазір жобаның соңғы легіне таңдалған 23 оқулықтың аударма жұмысы аяқталып, баспаға дайындық процесі жүріп жатыр.
Оқулықтар қалай таңдалады?
Қоғамдық қорға еліміздегі жоғары оқу орындарынан 800-ден аса кітапты қазақ тіліне аударуға ұсыныс түсіпті. Оны ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия қарастырған. Еңбектердің арасынан қоғамға пайдалы әрі маңыздысын іріктеп алып, қазақшаға аудару міндеттелген.
Ұлттық аударма бюросы өкілдерінің айтуынша, оқулықты таңдауда бірнеше талап ескеріледі екен. Біріншіден, оқулық әлемнің ең үздік деген 100 университетінің оқу бағдарламасында болуы шарт. Екіншіден, кітап кем дегенде үш рет басылып шығуы, ал соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан жарық көруі тиіс. Үшіншіден, оқулық мазмұны бейтарап болуы керек. Төртіншіден, оқулықтың түрлі интерактив қосымшалары мен видеолекцияларының, онлайн-курстарының болуы маңызды.
Еліміздің мәдени-шығармашылық бағыттағы оқу орындарының ұсынысы бойынша, бұл жолғы аударма аясында кинотану, сценарий жазу, театртану, музыка тарихы мен өнертану бағытындағы оқулықтарға басымдық берілді. Өнер академияларынан келген ұсыныстарға сәйкес осы өнер мен білім салаларында әлемге танымал авторлардың құнды еңбектері таңдап алынды, — дейді Ұлттық аударма бюросының бас редакторы Әсия Бағдәулетқызы.
Қоғамдық қор француз философы Жил Делөздің киноны философия шығармасы тұрғысынан таныстыратын «Кино 1. Қозғалыс-бейне» және «Кино 2. Уақыт-бейне» атты екі томдық классикалық туындысын тұңғыш рет қазақ тіліне аударған. Д.Бордуэлл бастаған авторлардың қырық жыл ізденісінен туған «Кино өнеріне кіріспесі», кино табиғатын көрермен мен экран арасындағы байланыстың түрлі ерекшелігін зерттейтін Томас Эльзессер мен Мальте Хагенердің «Кино теориясы. Сезім тұрғысынан кіріспе» атты еңбегінің қазақша нұсқасы жарық көрді.
Кино мен телевизия мамандары үшін аса құнды болар «Киносценарий. Сценарий жазу негіздері» деп аталатын оқу құралы бар. Классикалық негіздегі бұл оқулықтар концептіден дайын сценарий шығаруға дейінгі сатылы нұсқаулық ұсынады. Оқулық 30 рет қайта басылып, әлемнің 20-дан аса тіліне аударылған. Ал кино өнерінің белгілі теоретигі Семен Фрейлихтің «Кино теориясы: Эйзенштейннен Тарковскийге дейін» еңбегінің зерттеу аясы аса ауқымды. Ол классикалық кинодан бастап, заманауи кино теориясына дейінгі негізгі ұғымдарды толық қамтып, сала туралы жан-жақты түсінік қалыптастырады, — дейді Әсия Бағдәулетқызы.
Аударма бюросы этика саласына, жаһан мәселесіне қызығып, курс оқып жүрген студенттерге, оқырмандарға арнап «Этика теориясы мен қазіргі мәселелері» оқулығының 9-басылымын, танымал философ ғалым Джонатан Уолфтың «Саясат философиясына кіріспе» еңбегін аударыпты. Сонымен бірге енді жаңа оқу жылынан бастап студенттер Оксфорд баспасынан шыққан «Әлемдік саясаттың жаһандануы: халықаралық қатынастарға кіріспе» туындыларын қазақ тілінде оқи алады.
Білім саласының соңғы жаңалықтарымен таныстыратын «Білім берудегі зерттеулер», бұған дейін қазақ тіліне аударыла қоймаған «Статистика негіздері», «Зерттеу жобасын жүргізу» оқулықтары да бар. Экономика және жеке қаражат бағытында білім беруге қажет оқулықтар қатарына Майкл Паркиннің «Макроэкономика», «Микроэкономика» еңбектері қосылды.
Аудармашыларға қандай талап қойылады?
Қазіргі таңда Ұлттық аударма бюросында 300-ден астам маман жұмыс істейді. Олар бірнеше жобаны жүзеге асырып жатыр. Бас редактор Әсия Бағдәулетқызының айтуынша, бюрода жұмыс істейтін аудармашы түпнұсқа тіл мен қазақ тілін жетік білуі керек. Ойын айқын, нақты жеткізе алғаны дұрыс. Сонымен бірге ғылыми бағыттағы еңбектер аударылатындықтан аудармашы тілден бөлек, белгілі бір салаға мамандануы, ал өзі аударатын саланы жақсы білуге тиіс.
Философия, әлеуметтану, психология, экономика бойынша ағылшын тіліндегі әдебиеттерді қазақшаға аударатын маман көп. Бірақ гуманитар ғылымдардың тілін меңгерген әмбебап мамандар тапшы. Мұндай жағдайда пәнді жақсы білетін ғалым-оқытушы, аудармашы және мәтінді қазақша сауатты жеткізетін редактор бірлесе жұмыс істейді.
Жұмыс процесі
Бюрода әр кітап бойынша жеке шығармашыл тобы жұмыс істейді. Ол аудармашы, әдеби редактор, ғылыми редактор, шығарушы редактор, корректор, дизайнерден тұрады және сырткөз ретінде рецензенттер қосылады. Кітап көлемі мен ауқымы үлкен болса, бірнеше аудармашы бірлесіп жұмыс істейді.
Аудармашының қолынан шыққан дүниені әдеби редактор саралайды. Ол қазақ тілінің шырайлы, түсінікті болуына мән береді. Ғылыми редактор жазылған тақырыптың ғылыми терминдеріне назар аударады. Барлығы аудармашымен келісу арқылы жүзеге асырылады. Соңғы процесте корректор пунктуация және емле қателеріне жол бермеуді қадағалайды. Бірақ осының бәріне жауапты – шығарушы редактор. Ол кітаптың аудармашы қолынан ғылыми және әдеби редакторларға, одан кейін корректорларға өтуін толықтай қадағалап отырады, — дейді бюро қызметкері.
Аудармашылар кітаптарды түпнұсқадан қазақшаға тікелей аударады. Осы күнге дейін 77 оқулықтың басым бөлігі ағылшын, үшеуі – француз, бесеуі орыс тілінен тәржімаланыпты. Аудармашылардың айтуынша, әр кітапта бір діл, мәдениет бары аңғарылады.
Батыста еркін айтылатын, талқыланатын тақырыптар бар. Ал «Біздің қоғам оны қалай қабылдайды?» деген мәселе алдымыздан шығады. Осындай дүниелер кездескен сәтте кейде авторлармен келісім орнатып, ортақ шешімін табуға тырысамыз. Кей кітаптың мысалдарын қазақы ұғымға, қазақы қоғамның мәдениетіне лайықтаймыз. Мысалы, Е. Томас Гарман мен Рэймонд Е.Форгтың «Жеке қаражат» кітабында батыс жүйесіндегі жеке қаражаттың мысалдары өзіміздің жүйедегі жеке қаражаттың мысалдарымен сәйкестендірілді. Бұл еңбек Қазақстан жағдайына арнайы бейімделіп, біздің заңдар, қазақстандық қаржы және несие жүйесі, зейнетақы, сақтандыру, инвестициялар тәжірибесіне сәйкес қайта құрастырылды, — дейді Қор өкілдері.
Осы күнге дейін Ұлттық аударма бюро қоғамдық қоры «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында гуманитарлық бағыттағы еңбектерді аударып келді. 2018-2019 жылдары «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы шеңберінде қазақ әдебиеті антологияларын БҰҰ-ның алты тіліне аударды. Жалпы 60 қазақстандық автордың таңдаулы шығармалары әлемнің 6 тіліне тәржімаланып, дүниежүзінің 5 құрлығындағы 93 мемлекеттің ірі кітапханалары, іргелі оқу орындары, мәдениет пен әдебиетке маманданған ғылыми орталықтарына таратылады.
Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры:
Аударма жұмысы қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттырды
Мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы Қазақстанда бұрын-соңды іске аспаған. 100 оқулықты аудару аясында Қазақстан әлемдегі алдыңғы қатарлы жоғары білім беру орындары, ғылыми орталықтар және ірі баспа ұйымдарымен тығыз әріптестік орнатты. Ұлттық аударма бюросы жоба басталғалы «Cambridge University Press», «Oxford University Press», «Pearson», «Cengage», «Penguin Random House», «McMillan» және басқа да ірі халықаралық баспа үйлерімен тығыз жұмыс істейді. Кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттырып, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми зерттеу және баяндау әдістерін игеруге мүмкіндік берді.
Мұхит Төлеген, Ұлттық аударма бюросының аудармашысы, дінтану ғылымдары бойынша PhD докторы:
Оқулықтарды аударуда ең қиын мәселе — терминология
Қазақ аударма саласы даму үшін ғылыми және әдістемелік бағытта көптеген іс-шаралар жүзеге асуы қажет. Жоғарғы оқу орнына, жалпы білім беру саласына қажет оқулықтарды аударған кезде ең жиі бетпе-бет келетін қиын тұс – терминология мәселесі. Әсіресе, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында оқулықтарды аудару кезінде терминдерге қатысты түйткілдер қатты сезілді. Әрбір ғылымның өзіне тән қалыптасқан терминологиясы болатындықтан, мұны тек лингвистиканың еншісі деп қарауға болмайтыны көрінді. Қазақ тілінің ғылым тіліне айналуы үшін оның терминологиялық әлеуетін барынша арттыру керек. Сондықтан бұл іске ғылым саласында жүрген барлық адам атсалысуы тиіс деп ойлаймын. Бұл істе Алаш арыстарының тәжірибесін, қолданған әдіс-тәсілдерін басшылыққа алсақ, біршама жетістікке жетеріміз хақ. Содан кейінгі өзекті мәселе ретінде аударма методологиясын қалыптастыру мен жетілдіруді, әсіресе ғылыми оқулықтарды аударуды зерттеу нысанына айналдыруды айтар едім. Меніңше, магистратура, докторантура бағдарламаларында ғылыми монографияларды, оқулықтарды аударудың қыр-сырын зерделеу жолға қойылса, бұл қазақ аударма ісінің дамуына қосылған елеулі үлес болар еді.
Оқулықтардың электрон нұсқасын «Қазақстанның ашық университеті» (www.openU.kz) порталынан тегін жүктеуге болады.