Барлық аудан мен Қызылорда қаласында жыр-терме, қобыз үйірмесі ашылып, 300-ден аса балалар дәріс алып жүр.
Жастардың музей жұмысына, бейнелеу өнеріне қызығушылығын арттыру бағытында «Жас өлкетанушы», «Мирас» экскурсоводтар клубы және С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында ИЗО-студия жұмыс істеуде. Оған 70-ке жуық оқушылар мен студенттер тартылған. Бүгінгі таңда барлық үйірме жұмысы бекітілген кестеге сәйкес онлайн жүреді. Үйірме мүшелеріне түрлі бағыттағы шеберлік сағаттары өткізіліп, олардың шығармашылық тұрғыдан білім алуына кең қолдау көрсетіліп отыр, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуова.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Креатив-территория» атты жоба аясында АРТ-студия ашылды. Студияға келуші 100-ден аса жас талант бейнелеу өнері, домбыра, фортепиано және би үйірмелеріне қатысады. Мұнда ағылшын, корей тілдерін үйрететін үйірме бар. Ал жұмыссыз жастар және әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар «Шаңырақ» интеллект-орталығында компьютерлік сауаттылығын арттырып жүр.
Басқармаға қарасты мәдениет үйлерінің ұйымдастырып жатқан шараларын Youtube желісіндегі «Сыр шаңырағы» каналынан көруге болады.