Басты бетҚоғамҚызылордалық стритболшылар...

Қызылордалық стритболшылар жарысқа дайындықты бастады

Спорт залда спортшыларымыз 3×3 баскетболдан жаттығуларын өткізіп жатыр. Қызылорда облысының құрамасы жыл соңында Түркістан облысында жоспарланған Қазақстан чемпионатына дайындық үстінде. Осыған дейін залға келіп жаттығуға мүмкіндік болмады. Қазіргі таңда рұқсат беріліп, жасөспірімдеріміз спорт залға келіп шеберліктерін арттыруда, — деді Қызылорда облысының аға жаттықтырушысы Александр Жавзмагин.

Стритбол спорты екі команда арасында ойналады. Олардың әрқайсысында үш спортшы өнер көрсете алады. Стритболдың баскетболдан айырмашылығы сол — ойыншылардың саны аздығы және ойын алаңымен ерекшеленеді. Аға жаттықтырушы сол себепті бұл спорт түріне жастардың қызығушылығы жоғары екенін айтады.

Стритбол спорты 2021 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілді. Біз чемпиондар мен үздік ойыншылар дайындап келеміз. Алдағы уақытта стритболмен шұғылданушылардың саны артып, биік деңгейге көтерілеміз деген ойдамыз. Халықаралық жарыстарға, Олимпиада ойындарына жолдама алуды мақсат етіп отырмыз, — дейді Александр Жавзмагин.

Стритбол спорты бойынша облыс спортшыларының жетістіктері де аз емес. 3×3 баскетболдан былтыр 2005-2006 жылғы ұлдар командасы ел чемпионатында 1-орынды жеңіп алды. Ал биыл 2001-2002 жылғы жəне 2002-2003 жылғы ұлдар командасы 2-орынды иеленді.