Мәдени шараны Қармақшы ауданы әкмінің орынбасары Жарқын Омаров ашып, сәттілік тіледі.
Жыр фестивалін жыраулардың ұрпағы Бидас Үрістембеков, Қасарбек Кәрібаев, Балтабай Бедебаев, Айгерім Ешбаева, Әділхан Қуаңбаев, Байбол Көшенеевтер бастап шықса, айдынды Арал мен қарт Қаратаудан келген 6 жас ақындар Серіков Еркебұлан (Қармақшы ауданы), Серіков Жанұзақ (Қазалы ауданы), Жаулыбаева Қаламқас (Қармақшы ауданы), Бағдәулет Әбілдаев (Қызылорда қаласы), Дильназ Ержігіт (Шиелі ауданы), Дамир Айтбай (Жалағаш ауданы) қатысып, өрелі сөздің кестесін келтіре жырлады.
Арнайы құрылған қазылар алқасының шешімімен Дильназ Ержігіт (Шиелі ауданы) Бас жүлде, Бағдәулет Әбілдаев (Қызылорда қаласы) І орынмен, Жаулыбаева Қаламқас (Қармақшы ауданы) мен Дамир Айтбай (Жалағаш ауданы) ІІ орынды иеленсе, Серіков Еркебұлан (Қармақшы ауданы) мен Жанұзақ Серіков (Қазалы ауданы) ІІІ орынды қанжығаларына байлады.
Бұл шараға Мұзарап ақынның жиендері Кенебаев Тиыштыбай мен Бисенбаев Асылан ағаларымыз арнайы келіп, ризашылығын білдірді.