1. Қант — Сахар

Бұл деректі фильм 2014 жылы түсірілген. Картина қазір сәнге айналған «дұрыс тамақтанудың» адамдардың семіздікке ұшырауына қалай себепші болып отырғанын көрсетеді. Фильмде австралиялық режиссер және актер Дэймон Гамо қызық эксперимент жүргізеді. Ол «денсаулыққа пайдалы» деген белгісі бар өнімдерді 60  күн бойы пайдаланады. Алайда азық-түліктің «пайдалы» екеніне қарамастан артық салмақ жинайды.

Дэймон ағзасында болып жатқан өзгерістерді жазып отырады. Эксперимент барысында диетологтармен, ғалымдармен сөйлеседі. Сондай-ақ фильмде қанттың адам денсаулығына қаншалықты зияны бар екенін, пайдалы деген өнімдерде де шамадан тыс қант бар екені туралы айтылады.

  1. «Тамақ» корпорациясы – Корпорация «Еда»

Бұл — АҚШ-тағы түрлі тамақ өнімін дайындайтын өндірістерді зерттеген деректі фильм. Режиссері және продюсері – Роберт Кеннер.

3 жыл ішінде түсірілген фильм үш бөлімнен тұрады. Картинада дүкенде сатылатын тағамдардың экологиялық тұрғыдан қаншалықты таза екені айтылады. Олардың денсаулыққа зиян болып келетіні әрі қымбатқа сатылатыны көрсетіледі. Бірінші бөлімде тауық, шошқа және сиыр етінен дайындалған өнімдер сөз болады. Екінші бөлімде дәнді дақылдар мен көкөністер өндірісі қарастырылады. Бұл процестің қаншалықты экологиялық тұрғыдан қолайсыз екендігі айқын көрінеді. Соңғы бөлімнен компаниялар өз тұтынушыларын қалай жинайтынын, соңғы өнімді өңдеу кезінде қандай химиялық заттар қолданылатынын және оның адам үшін қаншалықты қауіпті екенін білуге болады.

  1. Өзгергім келеді – Хочу меняться

Диетаға түбегейлі отырған адам уақыт өте қайта салмақ қосып жатады. Себебі неде? Түрлі тамақтан шектеліп, тек диеталық өнім тұтынатын жандар бар. Олар маркетинг қулықтарының құрбаны болып жүргенін біле ме? Фильм режиссеры Джеймс Колкухоун диета, салмақ тастау, дұрыс тамақтанбау әдеттерімен қалай күресудің құпиясын бөліседі. Адамның дені сау, сырт келбеті сымбатты болуы қалай дұрыс тамақтану керек екенін айтады. Австралиялық фильм 2012 жылы жарыққа шыққан.