Фатима Ергашованың айтуынша, бүгінде косметолог кеңесіне жүгінетіндердің қатары 80%-ке артқан. Алайда түрлі процедураны жасатып, бет терісін зақымдап алатындар да жоқ емес. Сондықтан алдын ала маманмен кеңесіп, кейбір процедурадан бас тартқан жөн.

Арнайы құрылғының көмегімен беттегі майды сору арқылы теріні беткейлі түрде тазартады. Мұны косметологияда вакуумды тазалау деп атайды. Алайда аппараттың жылдамдығы баяу болса, теріні дұрыс тазаламайды, жылдамдығы жоғары болса, бет терісі көгеріп қалуы мүмкін. Әсіресе безеуі бар және бет терісінің қабынуымен келген пациентке бұл әдісті мүлде пайдалануға болмайды. Бет терісіне тоналды эффект беру процедурасы  да сұранысқа ие. Оны «BB Glow» дейді.  Бұл процедурадан кейін бетте дақ пайда болатынын ұмытпау керек. Кейбір салондарда пилингпен күйдіріп, бет терісі сылынып қалады. Бет терісіне терең пилинг процедурасын жасау өте қауіпті. Себебі ол дерматохирургиялық араласумен жасалатын процесс. Пилингтің құрамындағы фенол терінің барлық қабатына әсер етеді. Эпидермия қабатын зақымдайды. Арнайы анестезиямен жасалады. Терінің қалыпқа келу уақыты 45 күннен 3 айға дейін созылады, — дейді дерматовенеролог.

косметл
Фатима Ергашева. Фото жеке архивінен

Сондай-ақ қыз-келіншектер мұрынның, бет сүйектерінің және жақтың  бұрышындағы терінің бұзылуын, әжімдерді, туа біткен немесе жүре пайда болған ақауларға қарсы гиалурон қышқылмен байытылған препараттармен толтыру процедурасын пайдаланады. Косметологтың айтуынша, бұл аймақтар қан тамырларына өте бай. Сол үшін мұндай процедураларды жасайтын дәрігер өте сауатты болғаны жөн. Салынатын препараттың сертификатталуы әрі сапасы маңызды. Себебі организмге жанама әсері болуы мүмкін.

Косметологиядағы мұндай қауіпті процедуралар гематомаға, жұмсақ тіндердің зақымдануына, некроз, көздің көру қабілетінің нашарлауына, соқырлық сияқты ауруға әкеледі. Сондықтан бет терісін тазалаймын деп өмірге қауіп тудыруға болмайды. Жасатқан күннің өзінде тәжірибелі маманға барған дұрыс, — дейді ол.

Косметолог пилингті, түрлі инъекцияны үй жағдайында қолданбауға кеңес береді. Айтуынша, санинарлық талаптар сақталмай, өз бетінше жасалған әрекет бет терісінің зақымдануына әкеледі.

Кез келген процедура арнайы маманның санитария талаптары қатаң сақталған кабинетінде жасалғаны дұрыс. Себебі тек косметолог теріні зақымдамау үшін қалай басу керегін,  қандай бөртпелерді тазалауға, жоюға болатынын не болмайтынын біледі. Ал өз бетінше «тазалау» кезінде беттегі ұсақ қан тамырлары зақымданып, теріде қабыну процесі болады, — дейді Фатима Ергашева.

Маманның айтуынша, қымбат ақша жұмсап, бет терісін жарқыраған қалпында сақтау үшін түрлі тәуекелге барудың қажеті жоқ. Бастысы – дұрыс тамақтану, күнделікті бет күтіміне уақыт бөлу, терінің типіне қарай косметика таңдау, сапалы әрі табиғи өнімдерді пайдалану керек.

Бет терісіне күтім жасаймыз деп күнделікті скраб қолданатындар бар. Ол теріні құрғатып жібереді. Аптасына бір-екі рет қолдану жеткілікті. Үй жағдайында химиялық пилингті пайдалануға болмайды. Ұзақ ұстаса, теріні күйдіріп жібереді. Сабынмен жуу да дұрыс емес. Оның құрамында түрлі тұздар, майлар бар. Ол терінің pH теңгерімін бұзады. Безеуді, май түйіршігін қолмен сығып жатады. Мұның салдары асқынуға алып келеді. Макиажды ұйқыға жатарда тазалап жатқан жөн. Жылдың төрт мезгілінде ультрафиолет сәуледен қорғайтын SPF кремін қолдануға кеңес беремін. Терінің рак ауруы 50-70%-і күн сәулесінен пайда болады. Тез қартаюға әкеледі. Бет-әлпетті жас әрі балғын қалпында сақтау үшін жоғарыда айтылғанның бәрі маңызды, — дейді косметолог.