Расулметовтердің атадан балаға жалғасқан отбасылық кәсібімен танысу үшін Манкентке табан тірегенбіз. Жасыл желек жамылған бақтың қақпасынан Хасан Расулметов қарсы алды. Екі жағымызда төгіліп тұрған ағаш назарымызды бірден аудартты. «Қолшатыр» деп аталатын көрінеді. Декоратив ағаш. Тұттың бір түрі. Жемісін жазда жеуге болады. Көшетін Өзбекстаннан алдыртады екен. Үй ауласына сән беріп тұратыны үшін қала тұрғындарының сұранысына ие. Көшеті 3 мың теңгеден басталып, 15 мың теңгеге дейін барады. Бүгінде бұл тұқымбақта 300 түп «Қолшатыр» өсіп тұр.

Қолшатыр ағашы
«Қолшатыр» ағашы. Фото: Айгерім Бегімбет

Хасан мен Хусан Расулметовтер — егіз. Өмірде де, кәсіпте де бір-бірінен алшақ кеткен емес. Біз барғанда Хусан аздап сырқаттанып, ауруханада жатқан беті екен. Егіздің сыңары Хасан бізге тәлімбағының қыры мен сырын тәптіштеп айтып берді. Әкесі диханшылықпен айналысқан. Қызанақ егіпті. Хасан-Хусан отбасында 11 ағайынды.

Әкем қызанақ егетін. Оның таныс-тамырлары Өзбекстаннан күз-көктемде біздің үйге кеп, түрлі ағаш пен жеміс-жидектердің көшетін сатып кететін. Оны ауыл адамдары сатып алады. Бірақ біраз уақыттан кейін «Мына көшет көктемей қалды» немесе «Конфет алмасы» деп сатқан көшет басқа сорт екен» деген шағымдарын арқалап, біздің үйге келетін. Сыңарым Хусан екеуміз мектепті 1997 жылы бітірдік. Әкем сол жылы тұрғындардың шағымдарынан кейін «Осыны өзіміз егейік, елді алдауға жол бермейік» деп көшет пен декоратив ағаш егуді қолға алған болатын. Алдымен екі арыққа 200 түп шие көшетін отырғызды. Әкем біздің де осы саланы шиырлағанымызды қалады, — дейді Хасан.

Әке ақылын құп алған егіздер Өзбекстанға оқуға аттанады. 4 жыл ауыл шаруашылығы, оның ішінде бау-бақша бағыты бойынша білім алады. «Өзбекстанда өмірімізде көрмеген жеміс ағаштары өседі. Университетте практикалық жұмыстар кезінде бау-бақшаға жиі апаратын. Сонда байқағанымыз, бос жатқан жер жоқ. Айнала жап-жасыл. Түрлі жеміс ағаштарының иісі мұрныңды жарады, — деген болашақ бағбандар басында әке кеңесімен таңдаған саласын жақсы көріп кетеді. 2002 жылы оқуды тәмамдап, ауылын гүлдендіріп, бау-бақшаға айналдыру үшін елге оралады.

Хасан Расулметов
Хасан Расулметов. Фото: Айгерім Бегімбет

23 жыл бұрын Расулмет ақсақал еккен шие көшеттері қазірде тамырын тереңге жіберген. 200 түптен 60 түп қалыпты. Суық ұрып кетпесе, жыл сайын бес тоннаға дейін өнім алады. Ал әкейдің жасы 91-де, құлағының нашар еститіні болмаса, әлі күнге дейін тың, кетпен шабады, көлік айдайды. «Өз балаларыңа қалай қарасаңдар, бұл ағаштарға да солай қараңдар» деген әке өсиетімен Хасан мен Хусан 18 жылдан бері осы жерді баптап, тырмалап, несібесін теріп келеді.

тәлімбақ
Фото: Айгерім Бегімбет

Хасан Расулметовтің айтуынша, жылдан-жылға көшеттің түрі мен жер көлемі артып келеді. Тұқымбақты алыстан іздеп келетіндер көп.

Біз осы тұқымбақта сұранысқа қарай жылына 20 мың түпке дейін көшет дайындап береміз. Бір көшет екі жылда дайын болады. Бірінші жылы тұқымын егеміз, екінші жылы будандастырамыз. Сондықтан көп көлемде көшет тапсырыс беру үшін бізге бір жыл бұрын хабарласу керек, — дейді бағбан-кәсіпкер.

Иә, тәлімбақ иелері көшетті негізінен күз мезгілінде еккен жақсы дейді. Көктемге дейін орнығып, майда тамыр шығарады. Ағаштың тез, жақсы өсуі тамырға тікелей байланысты. Көшетті отырғызғаннан кейін бір ай күтім жақсы болса, шілде айында су жеткілікті мөлшерде болса, болды. Ал көшетті күзде егіп үлгермегендер наурызға дейін отырғызуына болады. Одан кейін жер қызып, су сіңбей қалады.

Алманы будандастыру
Алманы будандастыру. Фото: Айгерім Бегімбет

Мәселен, «Самшид» ағашы қысы-жазы жап-жасыл болып тұрады. Бұл ағашты Шымкенттің балабақшалары мен мектеп ұжымдары жиі сұрайды екен. Бағасы 3-20 мың теңге аралығында. Бір жылда 10 сантиметрге дейін өседі. Бойы сәл өскен соң, үшбұрыш, домалақ, тағы басқа формада қиып, қырқып қою керек. Тұқымбақта мұндай ағаштың 500 түбі бар.

Самшид
Самшид. Фото: Айгерім Бегімбет

Ал «Ергежейлі» алмасы жемісін әрең көтеріп тұр. Бойы өспейді, бір жылда өнім береді. Көшеттердің арасын бір метр тастап егеді, бірақ темір қадаға сыммен байлау керек, өйткені желді күні жемісін көтере алмай құлап қалуы мүмкін. Бір түп алма ағашы 20-30 келіге дейін өнім береді. Тұқымбақта көшеті сортына қарай 2 мыңнан 4 мың теңгеге дейін сатылып жатыр.

Маған «Конфет» сортты алма мен «Испалин алхоры» ұнайды, өйткені тәтті, сосын шыршаларға қызығамын, әдемі көрінеді, — дейді ол.

Ергежейлі алма
«Ергежейлі» алмасы. Фото: Айгерім Бегімбет

Хасан бағбанның сөзінен сортты алма мен жабайы алманы будандастыру кезінде айлап уақыт жұмсауға тура келетінін білдік. Әр жұмыстың өзіндік қиындығы, құпиясы болады. Мәселен, тамыз айында басталған жұмысты  қыркүйекке дейін аяқтау қажет. Мұнымен міндетті түрде үш адам айналысады. Бірі жабайы алманың түп жағын кессе, екіншісі сортты алманың көзін салады, үшіншісі целлофанмен орайды. Ең маңыздысы — еге салу емес, көзді жабайы алмаға қондыру. Көшеттің көзін салу кезінде ішіне шаң түсіп кетсе, екі ағаш бір-біріне жабыспайды, ораған кезде де тесік қалмауы керек, ауа кірсе, өліп қалады.

бағбан
Фото: Айгерім Бегімбет

Будандасқан жабайы алманы келесі жылдың наурыз айында кесіп алып тастайды. Сонда сортты алма күзге дейін 2 метр боп өсіп өнім беруге дайын болады. Бүгінде тұқымбақта 6 сортты алманың 5 000 түп көшеті осындай әдіспен өсірілуде.

Ағаштарға жылына төрт рет, яғни ерте көктемде, гүлдегенде, алма көк түйнек салғанда және қызарғанда дәрі себіледі. Қазір бір арықта 150 түп бар. Бір күнде бір арықты саламыз, әр түпті жеке-жеке, еңкейіп отырып істеген соң, арқа-басың құрысып, ауырады. Егер көктемде суық ұрып кетсе, осы жылы қайта будандастыру керек болады. Сол үшін су құямыз, шабамыз, шөбін жұламыз, құрттар түсіп кетпеуін қадағалаймыз. Аз ұйықтап, көп жұмыс істейміз. Әрі-бері қыдыра бермейміз. Өйткені жұмыстың бәрін дер кезінде істеу керек. Бір күн кешіксең, өнім ойдағыдай салмайды, көшет ойдағыдай тамырламайды, — деп Хасан тәлімбақ баптаудың қыр-сырын бөлісті.

бағбан
Фото: Айгерім Бегімбет

Тәлімбақ баптаушылары маусым кезінде 10 адамға дейін жұмысшы алып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етеді. Қалған уақыттағы жұмыстар егіздің қос сыңарынан артылмайды.

тәлімбақ
Фото: Айгерім Бегімбет

Бұл шаруашылықта қарағайлар көп сұранысқа ие көрінеді. Бағбандар Өзбекстаннан және Алматыдан көшетін әкеліп, өзіміздің климатқа, топыраққа бейімдеп береді. Бір жылда бір метрден көп өсетін «Элдар» қарағайды көпшілік жиі сұрайды екен.

Одан бөлек, «Қырым», «Қара» қарағайлары бар. Олар бір жылда 10-20 сантиметр ғана өседі. Бойына қарай бағасы 2-5 мың теңгеге дейін саудаланады. Демалыс орындары айналасын көгалдандыру үшін көп тапсырыс беріп жатыр екен.

тәлімбақ
Фото: Айгерім Бегімбет

Олар бау-бақша жайын біліп, үйренгісі келетіндерге кеңес беріп, үйретуге де дайын. Былтыр Хасан мен Хусанның Алматыға барып 5 гектар жерге бау егіп, жай-жапсарын көрсеткен жағдайы бар. Ал өздері жыл сайын тек көшет сатудан 4 миллион теңге табыс табады. Биыл карантинде блок-бекеттердің қойылуына байланысты жарты көшет сатылмай қалып қойыпты. Егер көшеттер өтпесе, 3 жылға дейін тұқымбақта тұра береді екен.

Біздің ауданда бәрі жерге көкөніс, жеміс-жидек егумен айналысады ғой. Сондықтан ағын судан проблема бар. Ал қалғаны ниетке қарай болып жатыр. Жыл сайын көліктер көбейіп, басқа да сыртқы факторлардың әсерінен ағаштың да аурулары көбейіп жатыр. Бірден сарғайып, қурап кетеді. Әр ағаш үшін жанымыз ауырады. Қазір бір үйдің шыршасына дәрісін беріп қарап жатырмын. Ауыр болса да, сыңарым екеуіміз жұмысымызды жақсы көреміз, — дейді ол.

Расулметовтер отбасы кезінде екі арыққа 200 түп егуден бастады. Қазір екі гектар жерде жеміс-жидек пен сән ағашының түр-түрі жайқалып тұр.

тәлімбақ
Фото: Айгерім Бегімбет

–Үйренуге талпынатын жастар бар ма? – дедік Хасанға.

Бар. Бірақ соңына дейін шыдайтындары аз. Жастар тез табыс тауып, оңай ақшалы болғысы келеді, еңбектің жемісін күтуге шыдамы жетпейді, ал бұл салада кемі 2 жыл күту керек. Бабын тапса, Жер-Ана кім-кімді де ризық-несібесіз қалдырмайды. Жақсылап күтім жасаса, қандай өнім болса да мол салады. Мысалы, Манкентте 4-5 жылдан бері құрма егумен айналысып жатқандар бар. Құдай бұйыртса, жемісін енді алмақ. Құрма ыстықты жақсы көреді. Сондықтан күзде оның түбін киізбен орап қою керек немесе қамыспен орап, ішіне сабан тығып қою керек. Төрт жыл үсікке шалдырмай, орап қойса, кейін өнім сала береді, — деп түйіндеді сөз соңын.

Ауасы мен аурасы бөлек, көктем боп тұрған көрікті мекеннен көңіліміз жайнап, жанымыз жадырап шықтық.