Кремация деген не?

Кремация — мәйітті арнайы тәсілмен өртеу әдісі. Қазіргі деректерге сәйкес, адамзат кремацияны алғаш рет соңғы неолит және қола кезеңінде пайдаланыпты. Ежелгі римдіктер мен гректер аулада алау жағып, адам мүрделерін өртеген екен. Жапония мен Үндістанда, Оңтүстік Шығыс Азияның кей елінде кремация әлі де қолданылады: рәсім будда дініндегі, индуизмдегі қайтыс болған адамды о дүниеге жіберу қағидаларымен байланысты қалыптасқан.

мәйіт
Мәйітті өртеу ғұрыпы. Иллюстрация: Wikiwand.com

XIX ғасырда Еуропада қала санының өсуі мен зираттарда орын жетіспеуіне байланысты адам денесін өртейтін пештер қолданыла бастады. Мұндай арнайы пеш «крематорий» деп аталды. Ең алғашқы крематорий 1876 жылы Милан қаласында салыныпты.

Кремациялау: Мәйітті қалай өртейді?

Ең әуелі мәйіт салынған табыт крематорийдегі қоштасу залына қойылады. Марқұмның жақындары қоштасып, рәсім аяқталған соң табыт салынған мәйіт транзит бөлмесіне, одан әрі 1000 градусқа дейін ыстық крематорий пешіне жеткізіледі.

Пештің түріне және адам тәнінің ерекшеліктеріне байланысты кремация процесі 1,5-2 сағатқа созылады. Процесс аяқталған соң 2-2,5 литр күл қалады.

ICCFA, NFDA сияқты жерлеу рәсімімен айналысатын халықаралық ұйымдар жерлеу бюросының клиенті кремация процесі кезінде не болатынын толықтай білуі және түсінуі керек деп есептейді. Адам сүйектерінің қасиетін сақтау үшін кремация процесінің барлық кезеңінде белгілі бір стандарттар сақталуы тиіс. ICCFA ұйымының нұсқаулығына сәйкес, өртеу кезінде сүйектерді алдын ала таңбалаған дұрыс.

Крематорийлерде ең көп қолданылатын құрылғы — екі камерасы бар пеш. Бірінші камерада — мәйіт салынған табыт ыстық ауа ағынында күйдіріледі, ал екіншісінде денедегі органик ұлпалар мен қоспалар толық жанып кетеді.

Крематорий пешінің маңызды элементі — кремулятор, онда күйген қалдықтар күлге айналып ұнтақталады.

Крематорий пешінің көбі газ арқылы жұмыс істейді, себебі бұл тиімді әрі камерада қажет температураны тез орнатады.

Кремациядан кейін күлді арнайы магнитпен шығарып, металл капсулаға салады және мөрлейді. Марқұмның туыстары күлді көбіне арнайы урнада алуды жөн көреді. Жерлеу урналарын түрлі дизайнда крематорийден немесе ғұрып дүкенінен сатып алуға болады.

Процесс аяқталған соң крематорий туыстары сұрап келгенше күлді сақтайды. Сақтау мерзімі әр аймақта әртүрлі, алайда әдетте урна бір жылға дейін сақталады.

мәйіт
Жерлеу урнасы. Дереккөз: Ritual.ru

Кремациядан кейін не істейді?

Кремация — жерлеу рәсімінің алғашқы кезеңі. Марқұмның туыстарының қалауына байланысты мәйіт өртелгеннен кейін күлі бар урнаны:

  • … жерге көмеді. Бұл арнайы телім немесе қабір болуы мүмкін;
  • … ашық немесе жабық колумбарийдің ұясына қояды;
  • … марқұмның қалауы бойынша белгілі орында (мысалы, теңіз) ашып, күлді шашады.

Қазақстанда крематорий салу керек пе?

Крематорий салу мәселесі Қазақстанда 1987 жылдан бері талқыланып келеді.

Бұған дейін Алматы әкімдігі патологоанатомия бюросы мен крематорий құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауды жоспарлаған еді. Бірақ оған мемлекет тарапынан қаржы жетпей, крематорий құрылысы кейінге шегеріліп отырды. Ал 2020 жылдың 9 сәуірінде Үкіметтің №187 Қаулысымен крематорий құрылысына қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Мемлекет жобаны әзірлеуге 46,8 миллион теңге бөлді. Тапсырыс беруші – «Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Құрылыс тендерін DNT Center Stroy компаниясы жеңіп алған. Компания 40 миллион теңгеге 5 айда крематорийдің салып бітуді жоспарлап отыр. Құрылыс Алматыдағы Алатау ауданында жүреді. Крематорий бір залдан және екі пештен тұрады.

Нарық өкілдері не дейді?

Осы уақытқа дейін кремацияны қажет еткен қазақстандықтар Ресейдегі крематорийлердің көмегіне жүгініп келді. Сұраныс болғандықтан, рәсімдеуден бастап көрші елге мәйітті жеткізуге дейін бүкіл шараны ақыға атқарып беретін арнайы бюролар бар.

Алматыдағы «Зевс» ғұрып агенттігінің айтуынша, Қазақстанда крематорий сұранысқа ие емес.

Біздің агенттікке жылына шамамен 2-3 адам ғана марқұмның денесін кремациялағысы келетінін айтып, хабарласады. Оны үстіне Қазақстанда мұсылман қауымы көп. Олардың мұндай құрылысқа қарсылық танытатыны белгілі. Тіпті рұқсат бергізбейтін де шығар. Сол себепті Қазақстанда крематорий салдырудың қажеті жоқ деп ойлаймын, — дейді ғұрып бюросының қызметкері.

Ал «Sharanova» ғұрып бюросының басшысы Лариса Шаранова «Қазақстанда крематорий салу мәселесі әлі де талқылауды қажет етеді» деген пікірде.

Қазақстан азаматтарының басым көпшілігі ислам және христиан дінін ұстанады. Ал бұл сенімдерде қайтыс болған адамның денесі жер қойнына тапсырылуы қажет. Дегенмен марқұмның денесін кремациялауды сұрайтын адамдар бар. Бірақ аз. Жылына 2-3 адам ғана марқұмды кремациялауды өтінеді.

Елде крематорий болмаған соң мәйітті ең жақын орналасқан Ресейдің Новосибирск қаласына апаруға мәжбүрміз. Шыны керек, уақыт пен қаражат кремацияға  емес, жолға көп кетеді. Кремация процесіне кем дегенде 3 күн қажет. Мысалы, мәйітті арнайы көлікпен апарамыз, себебі ұшақпен қатынау өте қымбатқа соғады. Шығын 400 мың теңгеден басталады.

Білуімше, крематорий салу жөніндегі құжат сонау 70-жылдардан бері жатыр. Әлі шешімін таппай келеді. Қазақстанда бір крематорий салынғаннан өзінде, оны халық жаппай қолданып кетеді деп ойламаймын.

Жерлеу қызметтерінің мамандандырылған кешенінің қызметкері Эрик Давов осыған дейін Azattyq-ruhy.kz сайтына берген сұхбатында крематорийдің бірнеше тиімді тұсын атап өткен болатын:

Біріншіден, біз зайырлы мемлекетпіз. Әр адамның таңдау құқығы болуы керек. Оның үстіне көптеген мегаполисте крематорий бар. Екіншіден, ауруханалардағы биологиялық қалдықтарды зираттардағы арнайы жерлерге көмеді. Меніңше, осының орнына санитария талабына сәйкес өртегеніміз ыңғайлы. Себебі ол қалдық қандай операциядан шыққаны, адамның немен ауырғаны белгісіз. Үшіншіден, туысы жоқ адамдарды кремациялауға болады. Төртіншіден, көп адам үй жануарын қайда көметіндерін білмейді. Оларды да өртеуге болатын еді.