«Ертегілерімді аты-жөнімді көрсетпей жариялап жатады»
Ертегі сюжетін көбіне қиялымнан, балаларымның қылығынан тудырам. Оқушы кезімнен жазуға жақын болдым. Ананы-мынаны шимақтап жүретін едім. Онымды республикалық балалар мен жасөспірімдердің «Ұлан» газетіне, республикалық «Балдырған» журналына жібере бердім. Бұл басылымдардан жауап хат келсе, төбем көкке бір елі жетпей қалатын. Жауаптың қандай болғанына қарамастан шабыттанып, қағаз-қаламға қайта отыратынмын.
Ертекші іште бұғып жатқан арман-қиялын ертегіге сыйғызады. Әзірше көп ертегі жаза қоймадым. Олардың көбін Facebook-парақшама, кей сайтқа жариялаймын. Кейбір портал жазғандарымды әлеуметтік желілерден алып, өздері шығарып жатады. Ертегілерімді мұғалімдер сабағына пайдаланатынын көріп, мәз болып қалдым. Өкінішке қарай, онда аты-жөнім жазыла бермейді. Дегенмен ренжіп жатпаймын. Балаларға арналған дүние ғой, соларға жетсе, жақсы деп қуанамын. Оған қоса, ескі достар — «Ұлан» газеті мен «Балдырған» журналдарына шығып тұрады. Бірқатары «Айтшы, әжетай» журналында да басылды.
Қазір Әдина Жүсіп пен Мейіржан Жылқыбай есімді авторлар ертегіні жақсы жазады. Сюжетін оқырманның басына келмейтіндей етіп құрастырады. Бас алмай оқимын.
«Ертегімнің бәрін өзіме ғана арнаған сияқтымын…»
Ертегі жазып жүрсем де, өз балаларыма оны сирек айтып береді екенмін. Кішкентай күнінде жатарда құшақтап, ертегіні ойымнан құрастыра беретінмін. Қасқыр болса, ырылдап, қоян болса, дірілдеп, образға кіріп айтамын. Балаларым ондайда мені сол кейіпкер ретінде көріп, шын беріліп тыңдайды. Кейде әкесі екеуміз үйдегі ойыншықтарды жинап, қуыршақ театрын қойып береміз. Жазғанымның көбі 9-14 жастағы балаларға арналған. Бірақ соның бәрін тек өзіме арнап жазғандаймын. Ішімдегі ой-қиялды сыртқа шығарып жатқандай күй кешем.
«Ертегі оқып біткен адамның бойын жылытып кетсе деймін»
Ертегі мейірімді болуы керек. Оқып біткен адамның бойын жылытып кетсе деймін. Мәселен, маған «Ханның үш баласы болыпты, үлкендері қатыгез, ақымақ болып өсіпті. Кенжесі сондай алғыр әрі мейірімді екен» деген сыңайлы хикаялар ұнамайды. Үш ұлым бар. Үлкені кішілеріне қамқор болып өскенін қалаймын. Әлгі ертегідегідей оларды нашар адам кейпінде елестете алмаймын.
Қазіргі қазақша ертегілермен қоса, орыс, ағылшын тілдеріндегіні оқимын. Ара-тұра аударып қоятыным бар. Ағылшыншадан Вильгельм Гауфтың «Кішкентай Мук жайлы ертегісін», Астрид Лингреннің «Пеппи Ұзыншұлығын» аудардым. Жақында кітап болып, жарыққа шығады. Орысшадан Мамин Сибиряктің «Аленушканың ертегілері» деген шығармасын тәржімаладым. Мук пен Аленушканы өзім қызығып аударған едім. Ал Пеппиге тапсырыс түсті.
Қазақ халық ертегілері көбінесе батырлықты дәріптейді ғой. Ағылшын және орыс тіліндегі ертегілер жан-жақты. Бұл ұлттар кез келген нәрсені ертегіге айналдырып жібереді. Барлық жасқа лайығын табасыз. Жалпы қай халықтың болмасын ертегісі түбінде жақсылықтың, адалдықтың жеңетінін дәріптейді.
«Балалар әдебиетін жасаушылар бала сияқты»
Балалар әдебиеті де, оны жасаушылар да бала сияқты. Кішкентай баланың басынан сипап, еркелетсе, ол елгезек болып кетеді. Сүйкімі артып, іске білек сыбана кірісе алады. Сол сияқты балаларға арналған шығарма жазатындар да біреудің арқасынан қағып, қолпаштап, көтермелеп қойғанын қалайды. Сол кезде бұл сала да дамиды.
Әзірше ертегілер жинағым шықпады. Ол үшін толысып, жақсы ертегінің қатарын көбейтуім керек. Өкінішке қарай, қазір балаларға арнап жазатындар, балалар әдебиетіне кірісуге мүмкіндігі болса, өндіріп жазатындар басқа іспен айналысып жүр. Мысалы, мен ақша тауып, бала-шаға асырау үшін аударма істеймін. Сол уақыттың бәрін қиялымдағы түрлі сюжетті қағазға түсіруге жұмсай алсам, қандай жақсы болар еді?! Ертекшілердің кітап шығаруына қолдау болса, қаламақы төленсе, кезіндегі «Мақта қыз», «Бауырсақ» сияқты классик ертегілердің талайы туар еді.
Baribar.kz порталына Мира Сембайқызының су жаңа ертегілерін жариялап отырмыз. Бұлар 6-7 жастағы балаларға арналған. Биыл нөлінші мен 1 кластың табалдырығын аттаған балаларыңызға оқып бере аласыз. Мархабат!
Дос іздеген ұшақ
Кішкентай ұшақ ұшқанды қатты жақсы көретін. Күнібойы шаршамай ұша береді, ұша береді. Бірақ бір күні өзіне дос керек екенін түсінді. Сөйтіп дос іздеуге кірісті. Ең әуелі жайқалған ағашқа келді.
— Ағаш, ағаш сенімен дос болсам, бола ма? — деп сұрады.
— Сенімен қуана дос болар едім. Бірақ мен жердемін, сен көкте ұшып жүресің. Мен тамырымды үзіп кете алмаймын. Сондықтан өзіңмен бірге жүретін дос іздегенің дұрыс болар, — деді ағаш. Ұшақ оған рақметін айтып, әрі қарай ұша жөнелді. Енді биік ғимаратқа барды.
— Сен ағаштан да биік екенсің. Сенімен дос болсам, бола ма? — деп сұрады одан.
— Дос болғым-ақ келеді, бірақ мен ұша алмаймын ғой. Өзің сияқты ұша алатын дос іздей ғой, — деп ғимарат оны шығарып салды. Ұшақ онымен қош айтысты. «Ұша алмаса да, жүре алады ғой» деп құрылыс алаңындағы көліктерге барды. Оның «дос болайық» деген өтінішіне қызу жұмысқа кіріскен көліктер:
— Балақай, сенімен ойнайтын уақытымыз жоқ. Оданда өзіңмен ойнайтын басқа дос іздей ғой, — деп арқасынан қағып шығарып салды. «Енді дос таба алмаймын ба?!» деп көңілсіз ұшып келе жатқан ұшақ кенет бір балақайға кезікті. Ол қолындағы қағаз ұшақты ұшырып ойнап жүр екен. Мұны көрген кішкентай ұшақтың қуанышы қойнына сыймай кетті.
— Балақай, балақай, сенімен дос болсам, бола ма? — деп сұрады одан.
— Әрине! — деп қуанып кетті балақай. — Мен асыр салып жүгіре аламын. «Ұшсам ғой» деп армандап жүр едім. Енді саған мініп, ұша да аламын.
Осылайша дос іздеген ұшақ пен ұшуды армандаған балақай достасып кетіпті.
Кім мықты?
Смартфон, компьютер, теледидар үшеуі «Адамзатқа қайсымыз пайдалымыз?» деп дауласып қалды.
— Мен ақылды телефонмын! — деп мақтанды смартфон.
— Ал менен барлық жаңалықты біледі, — деп қалыспады теледидар.
— Мен екеуіңнің қызметіңді қатар атқара аламын, — деп шіренді компьютер. Үшеуі смартфонның қуаты таусылғанша өзін мақтады. Смартфонның қуаты біткені сол еді, электр тоғының өше қалғаны. Сөйтіп үшеуі де үнсіз қалды.
Жұмыс іздеген құмырсқа
Кішкентай жұмысшы құмырсқа басқа жұмыс іздемекші болды. Сөйтіа илеуінен кетіп қалады. Жолдан ұшып жүрген көбелекке көзі түсіп, сол сияқты болғысы келді.
— Көбелек, сен не істейсің? Сенімен бірге жұмыс істесем бола ма? — деп сұрайды ол.
— Мен сияқты ұшып, өсімдіктерді тозаңдандыра алсаң, жаныма серік бол, — деді көбелек.
— Жоқ, ол қолымнан келмейді, — деп құмырсқа әрі қарай кетеді. Алдынан бал жинаған ара кездесіп, оған да көбелекке қойған сұрағын қояды.
— Мен сияқты ұшып жүріп бал жинай алсаң, бірге жүр, — дейді ара. Құмырсқа бал жинау қолынан келмейтінін айтады. Бір кезде алдынан өрмек тоқыған өрмекші кездеседі. Одан да не істейтінін сұрайды.
— Мен сияқты шебер болсаң, кел де, өрмек тоқы, — дейді өрмекші. Құмырсқа өрмек тоқи алмайтынын айтып, өз жолымен кетеді. Қараса, өзінің құмырсқа досы тырбаңдап тірлік етіп жүр екен. Үлкен дәнді жалғыз өзі сүйрей алмай алқынып келе жатқаны анық. Құмырсқа қуанып кетеді де, дереу досына көмекке барады. Екеулеп жүріп, үлкен дәнді илеуге жеткізеді. Сонда құмырсқа өзінің қолынан келетін іспен айналысу керек екенін түсінеді.
Батыл қарлығаш
Кішкентай қарлығаш ұя салған ауылда қуаңшылық басталды. Бір ай бойы аспаннан бір тамшы мөлдір тамған жоқ. Өсімдіктер қурап, даланы шаң басып, жануарларды шөл қысты. Аз күнде балапандарым жұмыртқаны жарып шықса қайтемін деп шырылдаған қарлығаш қанаты талдырып, тауға барды.
— Тау, тау, жаңбыр жаумағалы бір ай болды, бізге көмектесші, — деді.
— Басыма бұлт үйірілсе, жаңбыр жауар еді, — дейді тау күркіреп. Қарлығаш қанатын қағып, бұлтқа жетті.
— Бұлт, бұлт, таудың басына үйіріліп, ауылға жаңбырыңнан төкші! — деді.
— Мұхиттың мол суы буланып келсе, жаңбыр болып төгілер едім, — деді бұлт. Қарлығаш қанаты талса да сонау мұхитқа ұшып барды.
— Мұхит, мұхит, буыңды бұлтқа айналдырып, бізге көмектесші, — дейді жете сала.
— Күн нұрын молырақ төксе, көбірек буланар едім, — деді мұхит буырқанып. Қарлығаш күнге қарап:
— Күн, күн нұрыңды молырақ төгіп, бізге көмектесші, — дейді. Күн батыл қарлығашқа мейірімі түсіп, нұрын молынан төкті. Мұхит суы көп буланып, будақ бұлтқа айналды. Бұлт таудың басына үйіріліп, ауылға нөсер жауды. Сай-саладан су ағып, табиғаттың көркі кірді. Көп ұзамай батыл қарлығаштың балапандары да жұмыртқасын жарып шықты.