Фейсбилдинг – беттегі бұлшықетті жаттықтыру әдісі. Басты ерекшелігі – бет бұлшықетін нығайтуға, теріні тегістеуге және оны серпімді етуге, сондай-ақ мимика әжімдерін азайтуға мүмкіндік береді. Бет аэробикасы туралы алғашқы дерек 1710 жылы Жанна Сувальдың жазбаларында кездеседі. Кейіннен фейсбилдинг әдісі дүниежүзіне танымал болып, бұл туралы Сента Мария Рунге, Рейнхолд Бенц сияқты авторлар кітап жазған. Қазір бұл әдіс пластикалық операция жасайтындардың қатарын азайтып отыр екен.

Әдетте 25-тен асқан адамдарда екінші иек пайда болады. Беті солғын тартып, терісі шаршаңқы көрінеді. Көздің, еріннің айналасына әжім түседі. Мұндай кезде бірден косметолог кеңесіне жүгініп, қымбат косметика сатып алып жатады. Мұндай шаралардың нәтижесі тек екі апта не бір айға ғана жетеді. Кейін қайтадан сол баяғы қалпына келеді. Бет терісі жасарып, әжімдер азайып, жас көрінсін десек, әуелі арқаны тік ұстауға, артық қысым мен салмақ түсірмеуге, мойын мен бетке дұрыс жаттығу жасауға әдеттену керек, — дейді Гүлзада.

Бетке күнделікті жаттығу жасау арқылы қас пен қабақтың салбырауын, екінші иек шығуын, маңдайда қыртыстың пайда болуын, әжімдердің көбеюінің алдын алуға болады. Гүлзаданың айтуынша, адамның денесі бетпен тікелей байланысты. Кез келген маман басты денеден бөліп қарастырмайды. Олар үшін бәрі бірдей. Сондықтан денедегі кез келген өзгеріс, бұлшық ет спазмдары бетке әсер етпей қоймайды.

Омыртқаны тік ұстап жүру туралы барлығымыз білеміз. Кифоз, сколиоз, лордоз пайда болған адамдарда омыртқа алға не бір жаққа қарай қисаяды. Омыртқа бағанасы дөңестенеді. Бүкірейіп жүру содан пайда болады. Мұның бәрі бет-жүзге де әсер етеді. Омыртқасы қисық адамның беті де қисық болады. Көп жан мұны суретке түскенде байқап жатады. Бірақ мән бере бермейді. Омыртқада сколиоз болса, адамның бір жартысы екіншісінен төмен болуы мүмкін. Омыртқа алға қарай қисайғанда адамның мойны өзгереді. Мойынның артқы бөлігі мен кеудедегі бұлшық еттер жиырылып, қысқарады. Түйілген бұлшықет екі иықты алға тартады. Осылай адамда екінші иек пайда болады. Бет формасын жоғалтады. Кифоздың әсерінен иектегі, жақтағы сызық, жастық бұрышы көрінбейді. Бұлшықет төмен түскен соң, адамның бетінің ортаңғы бөлігі, қабағы төмен қарай салбырайды, — дейді ол.

Гүлзада Ыбыраева
Гүлзада Ыбыраева

Гүлзаданың айтуынша, бет пен арқа және жамбас тығыз байланыста. Бүкіл органдарды көтеріп тұратын – жамбас. Мәселен, жамбасты үлкен ыдыс сияқты елестетсек, оның ішіндегі суды органдар деп атауға болады. Ыдысты қисайтса, ішіндегі су төгіледі. Сол сияқты жамбас жағдайын өзгерткен кезде не болмаса артқа қисайса, ішіндегі органдар да сол жаққа ауады. Салмақ түскен соң адамның іші шығады. Екіншіден сол салмақпен тері бұлшықет тіндерін төмен қарай өзіне тартады. Бұл да адамның бетіне әсер етеді.

Қазір смартфоннан көз алмайтын заман. Қайда қарасаң да телефонға үңілген адамды кездестіреміз. Офисте күні бойы отыратын қызметкерлер бар. Адам денсаулығында қан айналым жүйесінің маңызы зор. Мойынның алға шығуынан қан тамырлары қысылады. Ондай кезде бас ауырып, миға оттегі жетпейді. Қан айналымы ағзаға түрлі қорек, дәрумен жеткізеді. Бетке де қажетті элемент бармаған соң, шаршаңқы, солғын көрінеді. Мойындағы кез келген түйілуге түскен бұлшық етті фейсбилдинг әдісі арқылы қалпына келтіруге болады. Нәтижесінде көңіл-күй жақсарып, бас ауруы болмайды. Бет та шырайлана түседі. Егер денемен ғана жұмыс жасап, МОЙЫНҒА КӨҢІЛ БӨЛМЕСЕ, беттің жағдайы жақсармайды, — дейді маман.

Маман бетке арналған жаттығуларды әуелі күніне екі рет (таңертең және кешке) 20 минут жасауға кеңес береді. Таңғы жаттығу ұйқыдан оянған бетке сергектік береді, макияжға дайындайды екен. Кешкі жаттығу демалуға және ісінуді азайтуға көмектеседі. Әуелі дене және бетке арналған жаттығуларды, массаж жасауды және тік жүруді үйрену керек.

Айнаның алдында тұрып «А», «О» деген дыбысты кемінде бес рет айтуды үйрену керек. Бұл — ауыз бұлшықетінің босаңсуына арналған жаттығу. Көп адам отырған кезде жағын таянып отырады. Оның орнына қолын екінші иектің астына қойып, иектің басталған жерінен мойынға қарай, бірнеше рет жүргізіп, сол жерге массаж жасаса болады. Бұл екінші иектің кетуіне көмектеседі. Саусақты көздің айналасына қойып, астыңғы қабақты қатты қатайтамыз. Бұл көздің айналасындағы әжімдерді азайтады. Ең оңай жаттығу — қастың бойындағы бұлшықетті терең шымшып ұстап, сосын жіберу. Бірнеше рет қайталауға болады. Бұл қабаққа түскен қысымды азайтады. Бетке арналған жаттығуларды әуелі айнаның алдында отырып жасауға болады, — дейді эксперт.

Жалпы бетке арналған жаттығуларды жеті топқа бөлуге болады: көз, мұрын, ауыз, шайнау бұлшықеттері, бас терісі, мойын және құлақ бұлшықеттері. Мұның ішінде бет терісінің жас көрінуіне маңдай (алдыңғы бұлшықет), ауыз (ауыз сақинасы) және көз (көздің сақинасы, жоғарғы қабақтың бұлшық еті) айналасына жаттығу жасау маңызды.