Басты бетБастыАстана туралы...

Астана туралы 10 миф

№1. Астаналықтардың бәрі шенеунік

Астаналықтардың бәрі шенеунік
Сурет: zhasulan.mil.kz

Мемлекеттік билік органдары Астанада орналасқандықтан, көпшіліктің ойынша «тұрғындардың барлығы Ақ Ордада жұмыс істейді». Бұған дейін ел арасында Астанада галстукты бала дүниеге келіпті деген аңыз шыққан. Бала алғаш «апа», «әке» деп емес, «аппарат отырысы» деп сөйлепті-мыс.

ҚР Статистика комитетінің 2016 жыл 1 мамырдағы ресми мәліметі бойынша, Астана тұрғындарының саны 880 191 деп көрсетілген. Осы дерекке сүйене отыра, билік аппаратында 800 мыңнан аса кресло бар екендігіне сену қисынға келмес.

№2. «Астанаға көшіп барсаң, байисың»

Астанаға көшіп барсаң, байисың
Сурет: paulbeaudry.com

Астанаға көшіп барып, баю туралы аңыздың шығуына қаладағы «минималды айлық көзі 150-200 мың теңге» деген жаңсақ пікір себеп болуы мүмкін. Осы аңыздың қателігінен болар, Астанаға көшіп келгендер мен кеткендердің сан айырымы алшақ емес. Ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айына арналған Астана қаласы халқының көші-қоны туралы ресми ақпаратта: өңірлік ішкі көші-қон бойынша қалаға 5085 адам келіп келіп, 5670 адам кеткен.

№3. «Астананы Масондар салып жатыр»

Астананы Масондар салып жатыр
Сурет: shutterstock.com

Астана туралы аңыздар қатарында көпті дүрліктірген тақырыптың бірі — «Астана – ХХІ ғасырдағы масондық ұйымдардың ордасы». Кей жұрт Бейбітшілік пен келісім сарайын төбесінде көзі бар масон пирамидасына балап, «Астана — сөзсіз әлемдік үкімет орталығы». Ал «Әлемдік үкімет» құрудың негізі — дінді тіршіліктің формасына айналдыру» деген аңызға құлақ асып жүр. Егер бұл сарайды шынымен масондар салған болса, мұнда жалпы жұртқа жария ете, бес бірдей діни съезд өткізіліп, әлемдік проблемалар талқыланбас еді. Ішкі көрінісіне қарайтын болсақ, «масондықтардың пирамидасын» емес, бесік формасын байқауға болады және ол кескініне сай «Бесік» залы деп аталады.

Пирамида — «күдікке ұшыраған» жалғыз ғимарат емес. «Бәйтеректің төбесінен қараған адам сегіз қырлы жұлдызды байқай алады. Бұл Вифлеем жұлдызы деп аталатын иудейлық-масондық символ» дегендер де болды. Самұрық құс ұялаған бәйтерек ағашын діни символға балау, оған илану — аңыздың шыңы болар. Дегенмен, бұл халық арасында қызу талқыға түсіп, талайдың ойын сан-саққа жіберіп үлгерді. Бәлкім, Елорданы «тозақтың қаласы» етіп көрсету әлдекімдерге тиімді болып көрінсе керек.

№4. Жылдың тек үш мезгілі бар

Жылдың тек үш мезгілі бар
Сурет: shutterstock.com

«Астанаға көктем кеш келеді» де, күз басталып кетеді. Уақытынан ерте қылышын сүйреп қыс та жетеді. Астанада жаз жоқ». Бұл — кезекті аңыз. Астана әлемдегі суық астаналар қатарына енгенімен, елордамызда тамыз айының соңында да жоғарғы температуралар тіркеліп жатады. Бұл — жазы жоқ мекенге тән құбылыс емес.

«Ауа райы ғана емес, астаналықтар да «суық» деп жатады. Vox Populi тілшісіне сұхбат берген драмалық өнердің ұстазы Джон (Ұлыбритания): «Менің Қазақстаннан алған ең күшті әсерім – ол адамдардың жылышырайлығы, бұл өте маңызды дүние. Жақында бір қиылыста көшені өту сәтін күтіп тұрғанбыз. Бір жігіт, біздің ағылшын тілімізді естіп, бізге бұрылды да: «Қазақстанға қош келдіңіздер!» деді. Түсінесіз бе, бұл жағдай ешқашан Лондонда болмайтын еді» деп астаналықтар туралы жоғары бағасын берген.

№5. Астана — Сахара

Астана - Сахара
Сурет: shutterstock.com

Астана — құла далаға салынған қала. Мұнда әрдайым ызғырық жел есіп тұрады. Бұл — 1998 жылдан бері қалып қойған пікір. Сол жылдарды еске ала отырып Нұрсұлтан Назарбаев: «Төрт жақтан ұйытқи соққан желдің кесірінен қа­ланы шаң басып, адамдарды әбден әбігерге түсіретін. Сондықтан ағаш отырғызуға кірістік» деген еді.

18 жыл өткеннен кейін «Астана-Сахара» деген пікір аңыз болып қалды. Қазіргі уақытта қаланың айналасын жасыл белдеу қоршады. Ғалымдардың айтуынша, 50 жылдан кейін жасыл белдеу емен, қарағай, шыршалары мен самырсыны самсаған, жүгірген аңға, ұшқан құсқа керемет қоныс болатын тұтас орманға айналмақ. Мұны аңызға баламаңыз.

№6. «Астананы жағымсыз иіс жайлаған»

Астананы жағымсыз иіс жайлаған
Сурет: bestfon.info

«Астана қаласын түгел жағымсыз иіс жайлаған. Жаз шықса, далаға шығып жүру мүмкін емес». Елордамыз туралы мұндай аңыздың тарауы өкінішті. Жағымсыз иіске себеп болып отырған Талдыкөл 1970-жылдары құс базары болған. Кейін Целиноград қаласынан шыққан сарқын су осы көлге құйыла бастапты. Сол себепті де сол жақ жағалаудан жағымсыз иіс шығып келген. Дегенмен, бүкіл Астанадан жағымсыз иіс мүңкіп тұрады деген ой шындыққа жанаспайды. Ал Талдыкөл мәселесіне қатысты шаралар қазіргі уақытта атқарылып жатыр. Оны жоюға бағытталған су сорғыш-тазарту стансасы жоспар бойынша 2017 жылы салынып бітуі тиіс.

№7. «Астаналықтар Бурабайдан шықпайды»

Астаналықтар Бурабайдан шықпайды
Сурет: borovoe.kz

Хан Абылай ордасын тіккен Бурабай — әр қазақтың ғұмырында бір рет болсын табан тигізсем деген арманы. Астаналықтар бұл топқа кірмейді — кезекті аңыз. Күнде барып-келіп, Бурабайдан «шықпайтындай» екі аралықты жақын деуге келмес. 257 киллометрді жиі еңсеріп өтерлік №1 аңызда көрсетілген астаналықтардың уақыты жоқ болар. Дегенмен, бұл аңыз шындыққа ұласса, елдің ішкі туризмінің дамуына елеулі үлес қосар еді.

№8. «Астанада кептеліс жоқ»

Астанада кептеліс жоқ
Сурет: zagranitsa.com

Астанада таңертең көрген адамыңды кеш қарайғанға дейін үш жолықтырасың. Қаланың о шетінен бұ шетіне қас қағым сәтте жетуге болады. Бұл — елордамыз жайында халық арасында айтылатын позитивті аңыз. Тек саны 880 мыңнан асатын халықтың бірін-бірі танып, көшеде машиналардың кедергісіз, кептеліссіз жүріп тұруы жалған екендігі өкініш тудыратыны рас. Дегенмен, халқының саны жылдан жылға артып келе жатқан қалада кептелістің болып тұруы — заңды. Себебі қыста жиі қапалақтап жауатын қалың қар мен әрдайым жаңару үстінде болатын қаладағы жол жөндеу ықтиярсыз кептеліс тудырады.

№9. «Астанада төмен баға жоқ»

Астанада төмен баға жоқ
Сурет: nur.kz

«Астанада қымбатшылықтан өлесің» дейді тағы бір аңызда. Астаналық еместердің елордаға көшіп келіп «баюына» осы аңыз кедергі болуы мүмкін. Қала бойынша күнкөрістің ең төменгі деңгейі ағымдағы жылдың шілде айында 22 137 теңгені құраған. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Алматы қаласы бойынша дәл осы мерзімде бұл көрсеткіш 24 362 теңге құраған. Бұдан бағаның Алматыға қарағанда арзанырақ болғандығын байқауға болады.

Осыған дейін Астананың суығынан «жылыну 100 теңге» деген хабаралма желіде қызу талқыланған болатын. Дәл сол тәрізді Астана асханаларындағы тағам бағалары да қымбат емес. Бірінші тағам — 178 теңге мен 263 теңге аралығында, екінші тағам — 228 теңге мен 455 теңге аралығында. Бұл — Қазақстан Парламенті асханасындағы мәзір.

№10. «Құрылыстары сапасыз»

Құрылыстары сапасыз
Сурет: krisha.kz

Аңыз: Астанадағы ғимараттардың барлығы сапасыз. Отқа май құйғандай ағымдағы жылдың 16 қараша күні EXPO-2017 аумағында салынып жатқан ғимараттың бөлігі құлады. Дей тұрғанмен, Астанадағы барлық ғимараттардың сапасы сын көтермейді деп бағалау жөн болмас. Себебі бұл — жалпы халықтың пікірі.

Осы уақытқа дейін елордамыздағы әсем ғимараттар әлемдік көзқараста оң бағасын алып келеді. Орталық Азиядағы ең үлкен театр «Астана Опера» театры болып саналады. Бас қалада орналасқан Астана Арена стадионына 30 000 көрермен сыяды. Ол әлемдегі қозғалмалы шатыры бар алты стадионның құрамына кіреді. Жылжымалы шатыры 20 минутта ашылып-жабылады. Астанадағы «Думан» ойын-сауық орталығының океанариумы Гиннестің рекордтар кітабына енген. Жақында National Geographic Traveler журналының редакциясы Қазақстан елордасы – Астананы қарқынды дамуы мен жоғарғы туристік әлеуеті үшін «Болашақ қаласы» арнайы сыйлығымен марапаттады.

Астана туралы қызықты ақпараттар

  • Астана — Бейбітшілік қаласы. 1998 жылы ЮНЕСКО қаланы осылай атауға шешім шығарды.
  • Қала жобасымен атақты жапон сәулетшісі Кисе Курокава айналысты.
  • 2012 жылы Астана ТМД мен Түркі әлемінің астанасы болып жарияланды.
  • Астана – әлемдегі суық астаналардың қатарында. Ол Ұлан-Батор қаласынан жылырақ, ал Оттавадан суық.
  • Астана — тура мағынасы «астана» деген ұғымды беретін екінші қала. 1998 жылға дейін мұндай мағынаға тек Оңтүстік Кореяның Сеул қаласы («сеул» кәріс тілінен «астана» деп аударылады) ғана иеленіп келген.

Суреттерді өңдеген: Бекзат Исамбергенов

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.