Білім күні: Қазақстанда жаңа оқу жылы басталды

Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа оқу жылында 1-класқа 352 091 оқушы қабылданды, олардың шамамен 75%-і 6 жасқа толған. Дегенмен ата-аналардың шешімі бойынша жылдың соңына дейін 6 жасқа толатын 11 мыңға жуық бала мектеп оқушысы атанды.

Балалардың жас ерекшеліктері мен ата-аналардың тілектері ескерілді, мектептерде санитария талаптарын қатаң сақтай отырып, 1-4-класс оқушылары үшін кезекші кластар жұмыс істей бастады: бір класта 15 оқушыдан артық емес.

Жаңа оқу жылында бастауыш кластарда 1 миллионнан астам бала оқиды, олардың 60%-і ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің өтініштері бойынша мектептерде, кезекші кластарда станитария талаптарын қатаң сақтай отырып оқуды бастады.

Айта кетейік, елімізде 7 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді, олардың 3 мыңға жуығында 1-11-класс оқушылары дәстүрлі форматта оқуды бастады. Бұл шалғайдағы шағын жинақты мектептер, олардың әрқайсысында 180-нен астам бала бар, тиісті шешімді санитар дәрігерлер қабылдады.

Шамамен 2,6 миллион оқушы жаңа оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастады. Олар отандық білім беру платформаларын пайдалана отырып, қашықтан оқиды. «Балапан» және «Ел Арна» республикалық телеарналары педагогтардың тілектері бойынша қосымша құрал ретінде пайдаланылатын телесабақтарды таратады.

Биыл жаңартылған білім беру мазмұнына толық көшу аяқталды.

Бүгін республика бойынша жаңа 32 мектеп ашылды, жыл соңына дейін тағы 77 білім беру ұйымы пайдалануға беріледі. Жергілікті атқарушы органдар оқушыларды қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін оларға компьютерлер мен роутерлерді уақытша пайдалануға берді.

Жаңа оқу жылында мектептерде 10 258 жас маман жұмысын бастады.