Басты бетҚоғамПрезидент жемқорлық...

Президент жемқорлық қылмыстарға жауапкершілікті қатаңдатуды тапсырды

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алик Шпекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің биылғы 7 айда атқарған жұмыстарының негізгі қорытындылары туралы есеп берді.

Агенттік төрағасы бұған дейін Президенттің саяси мемлекеттік қызметшілер мен жауапты басшыларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара қолданбағаны үшін қызметінен босатуға қатысты берген тапсырмасының орындалуы туралы баяндады.

Президент мемлекеттік органдардың жұмысына қызмет көрсету моделін енгізудің маңызын айтып, агенттіктің азаматтық қоғам өкілдерімен бірге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және адалдық идеологиясын ілгерілету жөніндегі іс-қимылдарына оң баға берді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы 19 тамыз күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте жемқорлық қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдатып, қоғамдық бақылаудың тиімділігін арттыруға қатысты берілген тапсырмаларды тезірек заң жүзінде іске асырудың қажет екенін айтты.

Айта кетейік, 19 тамыз күні Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің барлық саласы бойынша қатаң қоғамдық бақылау жүргізілуге тиіс екенін айтты.