Қарамұрт ауылы атаулы датаны тек бір жолғы іс-шара ретінде қарастырмай, жыл он екі ай өңір тұрғындарының жадында қалдырыпты.
Ауыл тұрғындары орталық көшеге дана Абайдың қара сөздерін толық жазып, іліп қойған. Олардың айтуынша, кемеңгердің қанатты сөздері жазылған тақтайшалар — Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына халықтың тартуы.
Елбасымыз және Президентіміз қоғамды рухани жаңғыруға шақырып келеді. Рухани жаңғыруды әр адам өзінен бастауы керек. Ал ұлы Абайдың шығармашылығы адамзаттың санасына серпін беріп, оятатын мықты күш деп білемін. Сол себепті болашақ жастарға азық болсын деп ақынның ұлағатты сөздерін көшеге іліп қоюды жөн санадық. Біздің ауылдың бір ерекшелігі — көп жағдайда ортадан бірігіп, ортақ нәрсені жасауға ұмтылып тұрамыз. Бұл тақтайшалар да тұрғындар көмегімен жасалды. Бұл бізде үрдіске айналған, – дейді ауыл әкімі Мамуржан Нажиев.
Көшенің тазалығына ғана емес, жүректің де тазалығына мән беріп беріп отырған ауыл осылайша Абайдың қара сөздерінен ғибрат алуды мақсат етеді.
Абайды оқып өскен жас бүгінін емес, келешегін ойлайтын тұлғалық қырын ашады. Бабамыздың даналық сөздері біз сияқты жастарға үлкен ой салып, мықты тәрбие құралына да айналып отыр, — дейді ауыл жастары.
Мұндағы халықтың 99%-і өзбек ұлты болса да, қазақтың бас ақынын ерекше құрметтейді. Бұл ұлы Абайды оқуға, танып-білуге ұлт пен тілдің, шекараның қажеті жоқ екенін тағы бір рет дәлелдегендей.
Нұрбақ Едіге