Нұр-Сұлтанда бос жатқан жерлерге саябақтар салынып жатыр

Бұл туралы қала әкімі өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.

Елді мекендердегі шаруашылық жұмыстарды жалғастырып жатырмыз. Абаттандыруды қажет ететін жерлерге тұрғындарға аса қажет үлкен аулалар, саябақтар мен жайлы бақтар салынып жатыр. Кешкілік уақытта қала шетіндегі елді мекеннің бірі — Өндірісте (Лесозавод) жүріп жатқан жұмыстарды қадағалап келдім, — деп жазды Алтай Көлгінов.

Ақбидай көшесі, 11 мекенжайында футбол алаңы бар аула жасалды. Тайбурыл, 9а көшесінің аумағында шағын саябақ ашылды. Мұнда 1950 жылы салынған жапсарлас үйлер болған. Аумақ бірнеше аймаққа бөлінді — спорттық тренажерлер аймағы, балаларға арналған ойын алаңы және футбол, баскетбол алаңы.

Аула аумақтары мен қоғамдық орынды абаттандыру кезінде көгалдандыруға ерекше назар аударамыз. Егілген тал-теректердің саясы ыстық күндері тұрғындардың демалуына жайлы болмақ. Тағы бір жаңалық — бұл жерге тұрғындардың өтініші бойынша жылы аялдама орнатылды, — деді елорда әкімі.

Сонымен қатар Президенттің тапсырмасына сәйкес Өндіріс елді мекенінде №23 оқу орнының аумағында мектептің жаңа корпусының құрылысы басталды. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. №49 мектеп күрделі жөндеуден өтеді.

Кездесу барысында Өндіріс елді мекенінің тұрғындары бірқатар мәселе көтерді. Оларды жоспарымызға бекіттік, – деп жазды Алтай Көлгінов.

Биыл 150 аула мен 50 қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар) абаттандырылады.