Жиынға комиссия мүшелері, облыстық басқармалар мен аумақтық департамент басшылары және онлайн режимде Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері қатысты. Өңір басшысы мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жұмыстары әрқашанда өзекті екенін айтты.
Әрбір азамат мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызын түсініп, өз елінің мемлекеттік рәміздерін құрметтеуді азаматтық парызым деп білуге тиіс. Мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау — әрқашан өзекті және басты назарда болатын мәселе, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова облыстағы мемлекеттік рәміздердің насихатталуы мен қолданылуы бойынша облыстық инспекциялық топтың жүргізген тексеру қорытындысы туралы баяндап, мемлекеттік рәміздерді пайдалануда кемшілік жіберген өңірдегі мемлекеттік мекемелерді атап өтті.
Жалпы, жыл басынан бері облыс бойынша мемлекеттік рәміздер мерекесі қарсаңында өткізілген шараларды қоса есептегенде, барлығы 2749 шара өтіп, оған 13 мыңға жуық адам қамтылды. Республикалық және жергілікті телеарналардан 20 сюжет көрсетіліп, республикалық және жергілікті баспа басылымдарда 50-ге жуық материал жарияланды. YouTube каналдары мен әлеуметтік желілерде 800-ден астам материал орналастырылды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов, Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев және Сырдария ауданының әкімі Руслан Рүстемов мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы және насихатталу барысы туралы баяндама жасады.
Гүлшара Әбдіқалықова түсіндіруді кеңінен жүргізуді және облыстық инспекциялық топтың тексеру қорытындысымен анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Мемлекеттік рәміздердің күнделікті жай-күйіне бақылауды күшейтіп, стандартқа сай болуын қадағалау және оларды ауыстыру үшін мемлекеттік тапсырыс аясында уақытылы қаражаттың бөлінуін қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік рәміздер саласындағы заңнама нормаларын қатаң сақтап, тиісті шаралар қабылдаңыздар және қолдану, насихаттау бойынша түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу маңызды. Тоқсан сайын облыстағы мемлекеттік мекемелердегі мемлекеттік рәміздердің стандартқа сай қолданылуына бақылау жұмыстарын жүргізіп, қорытындысын баяндап отыруды тапсырамын, – деді облыс әкімі.