Басты бетҚоғамҚызылорда облысында...

Қызылорда облысында 117 мыңға жуық оқушы қашықтан білім алады

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жаңа оқу жылына дайындық барысын пысықтау үшін облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованы қабылдады. Сала басшысының мәлімдеуінше, жаңа оқу жылында өңірде 293 мектепте 169 143 оқушы білім алып, 18 423 бала 1-сыныпқа қабылданады деп жоспарланып отыр. Биыл мектептер жан басына қаржыландыруға көшеді. Арал ауданынан 9 мектеп, Қазалы ауданынан 3 мектеп, Байқоңыр қаласынан 5 мектеп, Қызылордадағы 41 мектеп жаңа механизм бойынша қаржыландыру жүйесіне өтеді.

Ақзира Қасымова жаңа оқу жылын қашықтан ұйымдастыруға қажет шаралардың, оның ішінде балаларға мектеп балансындағы компьютерлерді беру, демеушілер есебінен ұсынылатын ноутбук пен планшеттерді табыстау жұмыстары басталып кеткенін айтты.

Жаңа оқу жылының І тоқсанында 222 мектептегі 116 888 оқушы қашықтан оқитын болып шешілді. Бұл оқушылар BilimLand, Дарын-онлайн интернет платформалары арқылы сабақты бастайды. Ал 1-4-сыныптағы 41 547 оқушы дәстүрлі білім алмақ. Мұнан бөлек, шалғай орналасқан елдімекендегі 71 мектептен 10712 оқушы дәстүрлі оқытылады. Бұл ретте білім беру ұйымдарында қатаң санитария талаптары сақталады.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова балаларға мектеп тарапынан берілетін электрон құрылғыларды табыстауда республикалық бюджет қаражатына алынатын компьютерлердің сатып алу жұмыстарының арнайы талаптарын жеткізуде ата-аналарға дұрыс түсіндірме жүргізу қажеттігін атап өтті.

Қабылдау барысында сала басшысы электрон құрылғысы жоқ 9687 оқушыға қажет құрылғылар 25 тамызға дейін берілетіні айтылды. Демеушілер есебінен оқушыларға 239 планшет, 15 ноутбук берілген. Сонымен бірге республикалық бюджеттен бөлінетін 22870 компьютер, планшеттерді сатып алу жұмыстары басталатынын баяндады. Бұған қоса, саладағы үнемделген бюджет есебінен 176,7 миллион теңгеге 2635 планшет алуға жұмыс жүріп жатыр.

Ақзира Қасымова 2020 жылы оқулықтар сатып алуға барлығы жергілікті бюджеттен 1,2 миллиард теңге қаралғанын атап өтіп, баспалардан оқулықтардың 89%-і алынғанын және 25 тамызға дейін мектептерге толық жеткізілетінін хабарлады.

Қабылдау соңында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова басқарма басшысына жаңа оқу жылына дейін мектептердегі жөндеу жұмысын сапалы аяқтауды және қашықтан оқыту барысын жүйелі ұйымдастыруды тапсырды.