АҚШ кәсіпкері Илон Маск электр көлік пен ғарыш кемесін шығарумен ғана айналыспайды. 2015 жылы ол Starlink компаниясын құрған еді. Жобаның мақсаты – адамзатты Интернетпен қамтамасыз ету. Басқаша айтқанда, тауға барсаң да, шөлге қонсаң да, қолыңдағы құрылғы Желіге қосылып тұруы керек. Сол үшін Starlink ғарышқа 12 000 Жер серігін ұшырмақ. Бұл іс басталып та кетті: өткен жылдың көктемінен бері Илон Маск иелігіндегі тағы бір компания SpaceX шығаратын Falcon 9 FT зымырандары ары-бері зырылдап, аспанға спутник тасып жүр. Осы уақытқа дейін алып кемелер «ана жаққа» 11 рет барып қайтты. Соңғы сапар екі күн бұрын ғана болды. Қазір ғарышта барлығы 653 аппарат істеп тұр.

Алғашқы тест нәтижелері

Бірнеше жүз спутник ғарышқа жеткізіліп, іске қосылған соң Starlink Интернет таратуды тестілеп көрген еді. Әзірше тек АҚШ пен Канада аумағындағы кей қолданушы ғана бұл жолмен Желіге қосылып, файл жүктеу және жіберу жылдамдығын, сонымен қатар ping, яғни ақпараттың клиенттен серверге және серверден клиентке жетуге кеткен уақытын тексеріп көрді.

Қолданушылардың айтуынша, аталған көрсеткіштер бойынша Starlink жақсы жылдамдық көрсетіп тұр. Илон Масктің Интернеті мынадай көрсеткіштерге ие екен:

— жүктеу жылдамдығы: 60,24 Мегабит/с дейін

— жіберу жылдамдығы: 17,64 Мегабит/с дейін

— ping: 31 миллисекундтан бастап (орта есеппен 40-50 миллисекунд).

Зымыранға жүктелген спутниктер
Зымыранға жүктелген спутниктер. Дереккөз: spaceflightnews.org

Осы ретте тестілеуге қатысқан адамдардың ping деңгейіне аса мән бергенін атап өткен жөн. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, байланыс та соғұрлым нашар деген сөз. Әдетте сіз бен біз ping жайында бас ауырта бермейміз, себебі кәдімгі web-парақшалардың ашылуына ол қатты әсер ете қоймайды. Алайда компьютер ойындарын онлайн ойнайтын қолданушылар ping қадірін жақсы түсінеді: себебі оқиға-қозғалыс-жағдай миллисекунд сайын өзгеріп отыратын бағдарламаларда клиент пен сервер арасындағы ақпарат алмасу аса жылдам болуы керек.

FreeNews басылымының жазуынша, Илон Маск Интернеті  HughesNet спутник провайдері ұсынатын байланыстан да жоғары нәтиже көрсеткен.

Starlink Интернетін біз қашан пайдалана аламыз?

Компания өкілдерінің айтуынша, Жер серігі жүйесі арқылы таратылатын Интернет 2021 жылы толық іске қосылмақ. Әу баста жоспарланған 12 000 спутниктің бәрі бірдей қашан жұмыс істей бастайтыны туралы дерек жоқ, алайда ғарыштағы Starlink спутниктерінің қатары айдан-айға арта беретіні сөзсіз. Жоба авторлары түптің түбінде Жердің бетін түгел қамтуды қалайды. Басты мақсат – адамзатты жылдамдығы секундына 1 гигабитке дейін жететін Интернетпен қамтамасыз ету.

Әзірше Интернет ақысы қанша болатыны белгісіз. Алайда кей дереккөздің хабарлауынша, Жерде орнатылып, ғарыштағы спутникпен байланысатын құрылғы мен жалпы абонент бағасы айына 100 доллар шамасында болуы мүмкін.

Starlink спутниктерінің тізбегі
Starlink спутниктерінің тізбегі. Дереккөз: Space.com

Profit.kz порталының өткен жылғы мақаласында Starlink жобасының Қазақстан аумағында қосылуы екіталай екені айтылған еді. Жекелей алғанда редакция «Қазақтелеком» АҚ инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірмановтың пікірін келтіріп, спутник байланысына кедергі болатын факторларды атап кетті.

Табиғи шектеулер бар. Ең бастысы – көлемі табадай болатын қабылдағыш құрылғы керек. Оның үстіне, мұны өзіңмен алып жүре алмайсың. Бір жерде ғана тұратын дүние. Бағасы да арзан емес. Әрине, жаппай шығарылса, құны түседі, бірақ он доллар деуге де келмейді… Өзіміз көріп отырғандай, спутник – стратегиялық ресурс. Оны ешкім өз еркімен беріп қоймайды, — деп жазды Нұрлан Мейірманов.

Маманның пікірінше, Starlink Қазақстанда қосылуы үшін әлденеше шарт орындалуы керек. Мәселен, көлбеу орбита ел үстінен өтуі қажет, сонымен бірге не спутникаралық арналар іске қосылуы, не жақын арада қолданушының ақпаратын спутникке жеткізіп отыратын станция болуы керек. Оның үстіне бір нүктеде қалықтап тұратын геостационар аппаратқа қарағанда Илон Масткің «серіктері» ұшып жүреді, бұл оларды табу, қосылу, бақылауда қиындық тудырады.

Astel компаниясының коммерциялық директоры Сергей Табакаев қазақстандық қолданушылардың «тегін әрі жылдам Интернетке қарық болатынына» күмәнмен қарайды.

Қазақстаннан трафик жинап алған Илон Масктің ол деректі біздің заңнама бойынша Қазақстан аумағында орналасуға тиіс орталықтарға жіберетінін елестету қиын… Қытай немесе Ресейдің Starlink жобасын өз жеріне кіргізуі де қиялдағы әңгіме, — деген еді Сергей Табакаев.

Отандық операторлар, атап айтқанда Beeline, Tele2 және Altel өкілдері де осы пікірде. Мәселен, Beeline сарапшылары «Кәдімгі смартфон базалық стациядан тұрақты сигнал алып тұратындай етіп құрастырылған. Мәселен, құрылғы аккумуляторы жердегі сигналмен ғана жұмыс істей алады. Мұндай нюанс жетерлік» десе, Tele2 мен Altel мамандары «Басқа мобильді операторлар секілді Starlink те трафиктен ақша табу мәселесіне тап болады. 12 мың спутник ұшыру үшін түбінде өзін ақтауға тиіс ғаламат инвестиция керек» деп жауап берді.

Starlink қалай пайда болды?

Спутниктер шоғыры арқылы әлемді кеңжолақты Интернетпен қамтамасыз етемін деп Илон Маск көптен бері айтып келді. Ал Starlink жобасы 2015 жылдың қаңтар айында таныстырылды.

2016 жылдың қарашасында компания АҚШ-тағы Байланыс жөніндегі федерал комиссияға өтініш беріп, 4 425 спутник ұшыру туралы алғашқы рұқсатын алды. 2017 жылы тағы 7 518 аппаратты рәсімдеді.

2018 жылдың ақпан айында Falcon 9 зымыранымен орбитаға Tintin-A және Tintin-B деп аталатын екі экспериментал спутникті шығарып, радиолокациялық бақылау жүргізді.

Илон Маск спутнигінің салмағы 260 килограмм шамасында. 1 күн батареясы, жұлдыздарға қарап бағдарлау құрылғысы бар. Формасы жалпақ панель түрінде. Жеке қозғалтқышпен жабдықталған, сондықтан ғарышта өзі «жүріп-тұрып», мерзімі аяқталған соң, орбитадан шығып кете алады. Ол қолданушыға Интернетті тікелей бермейді. Спутник Жердегі телефон әлде компьютермен арнайы терминал арқылы байланысады.

Starlink Жерді осылай торламақ
Starlink Жерді осылай торламақ. Қазір компания спутниктердің Күнге шағылыспау жағын ойластырып жатыр. Себебі жарқырап тұрып алатын бұл аппараттар астрономдарға ғарыштағы алыс объектілерді бақылауға мүмкіндік бермей отыр екен. Дереккөз: medium.com

Жалпы, ғарышқа аппарат ұшырып, Интернет тарату туралы идея Илонның ғана ойына келген жоқ. Мәселен, Airbus, Intelsat, Qualcomm, The Coca-Cola Company секілді бірқатар ірі компания құрылтайшы атанған, осы жылдың наурыз айында банкрот болып тынған OneWeb жобасы да осыны көксеген еді.

Бұдан бөлек Facebook-тің негізін қалаушы Марк Цукерберг те 27 шақырым биікке көтеріле алатын дрон ұшырмақ болды. Google корпорациясы да Project Loon деген жоба бастап, әуе шарларының көмегімен бүтіндей аймақтарға Интернет береміз деді. Samsung, Telesat, Boeing секілді алып компаниялардың да бұл салаға қызығушылық білдіргенін айта кету керек.

Алайда Илон Маск бағдарламасы басқа ұқсас жобаның көпшілігінен ерекшеленіп тұр: Starlink жабылған жоқ, керісінше, қарқын алып, күшейіп келеді. Демек, адамзат санынан бірнеше есе асып кеткен миллиардтаған құрылғының әжептеуір бөлігін Интернетпен қамтамасыз ету әбден мүмкін секілді.