21 жастағы Нұрсұлтан Асқарұлының негізгі жұмысы қайырымдылық жасау саласында. Бір жыл бұрын ол «Жастар  жалыны» қоғам бірлестігін құрды. Ұйым мүгедектігі бар адамдарға қоғаммен тығыз араласуға, жұмыс табуға, қайырымдылықпен айналысуға көмектеседі. Нұрсұлтанның айтуынша, мұндай істі бастауға бір жапырақ қағаз себеп болыпты.

Екі жыл бұрын бір топ жас болып ән айтып, өнер саласында жұмыс істеп жүрдік. Бірде қайырымдылық қорынан концертте өнер көрсету туралы шақыру алдық. Барып, әнімізді айтып, биімізді билеп қайттық. Кейін ұйым алғыс хат берді. Хаттағы жазуда қате көп екен. Қатты ашуланып, концерт өткізген қордың орталығына бардым. Алғыс хаттағы қатені көрсеткім келген еді. Бірақ ерекше дүниеге тап болдым. Қорда мүгедектігі бар адамдар жұмыс істейді екен. Ұйымның «Өмірді сүй» қазақ мүгедектер қоры екенін кейін білдім. Үлкен концертті осы адамдардың өткізгенін естіп таңғалдым. Бір жапырақ қағаздағы қатеге бола ренжіп келгенім үшін ұялдым. Сол күні ойым өзгерді. Адамдарға көмектескім келетінін түсіндім. Осы қорда сегіз ай бойы тегін жұмыс істедім. Кейін 50 мың теңге жалақы берді, оның жартысын қайырымдылық шарасына жұмсадық. Қорда жүріп, мүгедектігі бар адамдардың тағдырымен таныстым. Қоғамның оларға деген көзқарасы қандай екенін білдім. Содан кейін «Жастар жалыны» қоғам бірлестігін құруды жөн көрдім, — дейді Нұрсұлтан.

Нұрсұлтан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазір «Жастар жалыны» бірлестігінде 25-ке жуық адам жұмыс істейді. Оның 15-і — мүгедектігі бар адамдар.

Оларға кәсіп бастауға, мамандық игеруге, өз құқығын қорғауға, өмірден өз орнын табуға көмектесеміз. Сонымен бірге, жыл сайын бірнеше қайырымдылық концертін ұйымдастырамыз. Одан түскен қаржыны ота жасатуы керек, ем қабылдауы қажет азаматтарға береміз. Концертті, билет сатылымын, әнші-әртістерді шақыруды бірлестіктегі мүгедектігі бар адамдар ұйымдастырады. Осы жұмысы үшін мемлекет тарапынан 60 мың теңге беріледі.

Нұрсұлтанның айтуынша, бірлестіктегі мүгедектігі бар адамдардың тағдыры сан қилы әрі қиын. Қоғамның алалауы — олардың өміріндегі сондай бір үлкен тосқауылдың бірі. Осыған қарамастан ұйым мүшелері түрлі мамандықты игеріп отыр.

Думан деген жігіт бар. Бірінші топтағы мүгедек. Кішкентай кезінде психика ауытқуы бар деп жындыханаға жатқызылған екен. Ақыл-есі бүтін екенін дәлелдеу үшін 9 жыл бойы күрескен. Қазір Думан кәсіби PR-менеджер болды дей аламын. Жыл сайын өтетін «Керемет сәт»  атты қайырымдылық концертімізге әнші-әртістерді шақырып, келіссөз жүргізетін сол кісі. Оңай шаруа емес.

Нұрсұлтан Асқарұлы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Нұрсұлтанның айтуынша, мүгедектігі бар адамдар шаруаға бейім келеді. Ұйымшыл. Бір-біріне қол ұшын созып тұрады. Тек моральды қолдау қажет.

Бірлестіктегі Армангүл Болатжанқызы дүниеге келе сала церебрал сал ауруына ұшырапты. Жүрегіне ота жасатып тұрады. Соған қарамастан өте пысық қыз. Есепші мамандығын бітірді. Қазір «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жоба сызумен айналысады. Осыған дейін әпкесіне жылыжай, танысына қымыз дүкенін ашуға көмектесті. Бұған қоса, паралимпиада тізіміне кіретін спорттық би шеберлерін дайындайтын клубтың мүшесі. Алты балаға арбадағы биді үйретіп, қайырымдылық концертінде сахнаға алып шықты.

Армангүл Болатжан мен Нұрсұлтан Асқарұлы. Фото: Айгүл Хожантаева
Армангүл Болатжан мен Нұрсұлтан Асқарұлы. Фото: Айгүл Хожантаева

23 жастағы Ғазиз бұрын үйден шықпайтын, адамдармен көп араласпайтын. Соның кесірінен денсаулығы жақсармай келді. Бірақ біздің бірлестікке қосылғалы бері біраз жетістікке жетті. Білімге құштар. Түрлі курстан өтті. Қазір «Өмірді сүй» қорының есепшісі.

Нұрсұлтан мүгедектігі бар адамдар мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алады дейді. Қаладағы қоғамдық орындарда олардың талап-қажеттілігі біршама ескерілген. Алайда ауылда өмір сүретіндердің жағдайы қиын.

Жақында Нарынқол ауылындағы бір кісімен сөйлестім. Баласының мүгедектігі бар. Үнемі үйде отырады, ешқайда шықпайды. Саябақтарда жабдықталған арнайы орын жоқ. мектепте басқа балалармен оқи алмайды. Үкімет осы дүниені ескерсе екен дейсің.

Нұрсұлтан Асқарұлы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Нұрсұлтанның айтуынша, мүгедектігі бар адамдар үйде жатып, біреуге масыл болғысы келмейді. Нан-суды адал еңбекпен табуды қалайды. Сондықтан мүгедектігі жоқ адамдар олардың қоғамның бір бөлігі екенін түсініп, қабылдауы қажет дейді.

Кейбіреу мүгедектігі бар адамда жаман энергетика бар дейді. Дұрыс емес, әрине. Олар да сіз екеуміз секілді адам. Енді біреудің жаны ашып жатады. Бірақ біз аяғанмен, өмір аямайды ғой. Сондықтан мүгедектігі бар адамды ынталандырып отыруымыз, оған мүмкіндік беруіміз керек. Тәнінде мүгедектік болғанымен, ақыл-ойы сау. Кез келген қоғам мүшесі секілді оның да жұмыс істеуге, ортамен араласуға, өз пікірін, позициясын білдіруге құқығы бар.