Денсаулықты тексеріп алу

медицина, аурухана
Иллюстрация: Dribbble.com/© Mariam Apd El-Nasir

Коронавирус денсаулыққа мән беру керек екенін еске салды. Мәселен, COVID-19 созылмалы ауруды қоздыратынын білдік. Қазақстанда вирусқа қатысты ахуалдың қиын кезеңі аяқталды деген пікір бар. Алайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күзде COVID-19 екінші толқыны болуы мүмкін екенін және ол қазіргі жағдайдан да қауіпті болатынын хабарлады. Сондықтан жаз біткенше ағзаны толық тексертіп, бойдағы белгілі-белгісіз сырқатты емдеу жолдарын нақтылап алу қажет. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөзді қаперде ұстаңыз.

Жаздық дәмханадан тамақ ішу

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Шуақты күндер бастала сала дәмханалар есік алдына үстел, орындығын шығарып, қонақ күте бастады. Халық та жылдың жалғыз жылы шағында жаздық кафеге барып, көңіл көтеруге тырысады. Кафе алдындағы үстел, орындық қысқы демалысқа «кеткенге» дейін таза ауада тамақ ішуге үлгеріп қалыңыз. Мұның да өзіне тән бір жан рахаты бар.

Жеміс пен көкөніске әбден тою

Иллюстрация: Dribbble.com/©Artyom Khamitov

Жеміс пен көкөніс түрінің самсап шығып, салыстырмалы түрде төмен бағамен сатылатын уақыты — жаз. Сондықтан күн жылы кезде армансыз бір тойып алу керек. Жеміс-жидектен күнделікті салат жасап жеу, оны тамаққа қосу — ағзаны қорек затпен, витаминмен, өзге де пайдалы элементпен байытады. Тіпті, осы жеміс пен көкөністі мұздатқышқа сақтап қойсаңыз артық етпейді: қыстың күні бір керегіңізге жарары анық. Тек әр өнімнің сақталу шарты бар екенін ұмытпаңыз.

Банка жабу

Фото: 7dach.ru

«Қыстың қамын жаз ойла». Қыстың қақаған аязында түскі асқа деп банкадағы салатты шығарып, компот ішіп отырған қандай жақсы! Жеміс-жидек толып тұрған жаз айларында тынбай банка жапқандардың еңбегі осылай ақталады. Банканы дұрыс жапса, ұзақ сақталып тұра береді. Тамыз айы бола сала «биыл банка жаппадым, енді кеш» дейтіндер бар. Олай жылдам шешім қабылдауға асықпаңыз. Банканы қара күзге дейін жабуға болады.

Көкке шығып, пикник жасау

Иллюстрация: Dribbble.com/©Igor Ianchenko

Коронавирус пандемиясына байланысты адамдар мейлінше үйде оқшауланғаны дұрыс. Елде бірнеше рет жарияланған жүріс-тұрыс шектеулері бойымызда сыртқа көп шыға бермейтін әдет қалыптастырды. Дегенмен карантин ресми түрде босаңсыған уақытта көңіл аулау үшін көкке шығуға болады. Оған қоса, тауға баратын аз адамдық турға қосылуға мүмкіндік бар. Тіпті, табиғат аясында шатырға қонып, көрпеге оранып отырып, жұлдызды аспанды тамашалай аласыз. Тілек тілеп үлгеруді ұмытпаңыз.

Табиғат аясында фотосессия жасау

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Жаз кезіндегі күннің атуы мен батуын дер кезінде кадрға ілсе, әдемі сурет шығады. Бұл суреттерді қыстың ұзақ кештерінде қайта қарап шықсаңыз, бойыңыз жылиды. Ең жақсысы жазда фотоға жеңіл киіммен түсуге болады.

Таза ауада спортпен айналысу

Иллюстрация: Dribbble.com/©Lana Marandina

Залдың ішінде, қапырық ортада жүргеннен гөрі таза ауада жаттығу жасаған анағұрлым пайдалы. 17 тамыздан бастап ашық ауада жеке және топтық жаттығу жасауға рұқсат етілді. Сондықтан күн жылыда жүгіріп, жүзіп, серуендеп қалыңыз. Ең бастысы, инфекциядан сақтанып, карантин талаптарын, сақтық шараларын ұстаныңыз.

Жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары

Иллюстрация: Dribbble.com/©Anton Fritsler (kit8)

Үйді толық жөндемей-ақ, ішінара өзгертуге болады. Жиһаз тазалау, олардың орнын ауыстыру, болмаса кілем мен тұсқағазды жаңалау айналасы аз күнде пәтердің өңін өзгертіп жібереді. Жөндеу кезінде табылған қажет емес заттардан құтылған жөн. Үйде зат азайса, бөлме қобырсып, шашылып жатпаса, көңіліңіз сергиді, ми демалады. Дене қозғалысының артық салмақ пен күйзелістен құтқаратыны тағы бар.

Жеңілдікке іліну

Иллюстрация: Dribbble.com/©Mike Casebolt

Жаз соңында осы мезгілге лайық киім арзан бағамен, акциямен сатылып жатады. Оның үстіне карантин кезінде сауда орындары жабылды. Жазда сатылады деп алынған тауар сол күйі тұр. Күздік және қыстық киім әкеліп сату үшін саудагерлер жазға арналған заттарды жаппай жеңілдікпен өткізуге тырысады. Бұл — келер жылдың жазына ақша үнемдеп дайындалудың мүмкіндігі.

Күзге жоспар құру

Иллюстрация: Dribbble.com/©志傑

Күзде атқарар істің тізімін жазып шығып, жоспар құруға болады. Бұл жылдың 3 айын бос өткізбеуге көмектеседі. Тізімге аса маңызды істі, атқарылатын жұмысты ғана жазбай, көрпеге оранып кітап оқу сияқты қуаныш сыйлайтын сәттерді де қосу керек.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©MUTI)