Қызылорда облысында карантин шектеулері инфекцияның таралуын азайтты

Өңірде індет өршіген жағдаймен салыстырғанда вирус жұқтырғандар саны азайып, сауығып шыққандар көбейді. Қазір инфекциялық стационарда 51 адам емделіп жатыр. Аудандардағы ауруханалар ішінен ашылған провизорлық стационарлар біртіндеп жабылып жатыр. Мысалы 11 тамызда Жаңақорған ауданының ауруханасындағы вирус жұқтырған соңғы науқас айығып, үйіне шықты. Емдеу мекемелері жоспарлы қабылдауға қайта кірісе бастады.

Індетті өршітпеу мақсатында өңірде алты компьютерлік томография жұмыс істеп тұр, бірақ әлі де екі аппарат қажет. Рентген аппаратын алу бір ай ішінде екі есеге өсті. Бұрын 22 аппарат болса, қазір 52 аппарат бар. Шілде айында өкпені жасанды желдету аппаратының саны 64 еді, кейін тағы 53 аппарат сатып алынды. Тұрақты қолдау шараларының нәтижесінде аймақта барлығы 431 оттегі концентраторы, 896 оттегі баллоны бар. Өңірдегі 10 ПТР аппараттары халыққа қызмет жасап, тәулігіне 1500 сынама анализін алуға мүмкіндік берді.

Вирустың таралмауына дәрі-дәрімек қорын жасақтау маңызды. Облыста барлық медицина мекемесінде дәрі мен вирустан қорғау құралы бар. Бүгінгі күні қажеттілік есепке алынып, емдеу мекемелерінде 2 айға жетерлік, дәріханаларда 1 айға жетерлік қор жиналды.

Өңірде жедел жәрдем шақырту саны да азайды. Маусым айындағы шақырту санымен салыстырғанда бүгінде науқастардың қоңыраулары екі есеге азайған. Маусымда 2 120 шақыру түссе, қазіргі шақырту саны — 1001. Шектеу шараларының оң әсерінен стационарға жеткізілген адамдар саны 8 есе қысқарды. Маусымдық көрсеткіш 450 болса, шілдеде олардың саны 57-ге азайды. Жеке азаматтардың қауіпсіздікті сақтап, оқшауланып, қажет ем-шараны алуына ақпараттық түсіндірме жұмыстарының оң әсері тиді. Өңірде 24 сағат call орталығы жұмыс істеп, 161 мобильді топ құрылды. Білікті дәрігерлердің қатысуымен «Дәрігер сағаты» бағдарламасы ашылып, тікелей эфирде халыққа қажет ақпарат ұсынылды. БАҚ пен әлеуметтік желіде коронавирустан қорғануға қатысты 37 887 материал жарияланып, 220 брифинг өтті.

Кейінгі аптада жағдай жақсарғандықтан медицина мамандары тұрғындардың карантин талаптарын сақтап, оқшаулану қағидасымен жүру қажеттігін сұрайды. Шектеулердің нәтижесінде ғана айыққандар саны көбейіп, вирус індетін түбегейлі жою мүмкіндігі туады.