Басты бетҚоғамҚазақстан Президенті...

Қазақстан Президенті Александр Лукашенконы сайлаудағы жеңісімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Александр Лукашенконы Беларусь Президенті болып қайта сайлануымен құттықтап, жеделхат жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Саяси жағдайдың күрделі болғанына қарамастан сайлаудың қорытындысы халық сіздің Беларусь мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтуға негізделген стратегиялық бағытыңызды қолдайтынын көрсетті, — делінген жеделхатта.

Президент екі ел халқының игілігі үшін Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық алдағы уақытта да табысты дами беретіне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенкоға Беларусь Республикасының Президенті ретінде ойға алған барлық жоспарын толық жүзеге асыруды, ал Беларусь халқына бейбітшілік, өзара түсіністік пен өсіп-өркендеу тіледі.

Айта кетейік, Беларусь Орталық сайлау комиссиясының алдын ала дерегі бойынша Александр Лукашенко Президент сайлауында жеңіске жетті. Қазіргі Президентке сайлаушылардың 80,23%-і, 4 652 423 адам дауыс берген.