103.kz

103.kz — дәрі-дәрмек, клиникалар және медицина қызметін көрсету туралы ақпарат беретін қосымша. Бұл қолданба Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе, Қарағандыдағы дәріханалар тізімін, олардың қайда орналасқанын көрсетеді. Сонымен бірге қолданушы өзіне қажет дәрінің қай дәріханада бар екенін және бағасын біле алады. Одан бөлек дәрігерлермен, клиникалармен танысып, алдын-ала жазыла алады. Сипаттамада, тіпті, үйге дәрігер шақыруға мүмкіндік береді деп көрсетілген. Дәрігерге қатысты толық ақпарат пен емдеу бағасы да бірден жазылып тұрады. Ал «Медтуризм» бөлімінен Қазақстандағы және шетелдегі санаторийлер мен демалыс орындары жөнінде мағлұмат табуға болады.

Жүктеу (apple)

Жүктеу (android)

DamuMed

Бұл мобайл қолданба қолданушыға ауруханаға бармай-ақ, өзін және отбасы мүшесін ұялы телефон арқылы дәрігер қабылдауына жазып қоюға, медицина құжаттарын көруге, дәрігерді үйге шақыруға мүмкіндік береді. DamuMed қосымшасына телефон нөмірі мен жеке куәліктің ЖСН-ін теру арқылы тіркеледі. Енгізгеннен кейін тұрғынның қай емханаға бекітілгені және емдеу дәрігерінің аты-жөні бірден шығады. Онда қала және облыс дәрігерлерінің қабылдау кестесін көруге болады. Содан кейін науқас өзіне ыңғайлы күнді таңдап, дәрігер қаралуына жазылады. DamuMed арқылы емделуші дәрі-дәрмектің рецебін, зертхана тексеруі нәтижелерін көре алады. Еңбекке жарамсыздық парағын, білім беру мекемелері үшін анықтаманы емханаға бармай-ақ алады. Қосымшаға бір рет тіркелген адамға жыл сайынғы флюорография, скрининг тексерісінен қай уақытта өтетіні жөнінде еске салу хабарламалары келіп отырады.

Жүктеу (apple)

Жүктеу (android)

DariKz

DariKz қосымшасы Android платформасын қолданатын Қазақстан тұрғындарына арналған. Кез-келген азамат қосымшадан Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген барлық дәрі-дәрмектің тізімімен танысады. Сатып алған дәрінің қаптамасын сканерлеу арқылы оның сертификатын, өндіруші туралы толық ақпаратқа ие болады. Одан кейін ол дәріні қалай қолдану керек, аналог түрлерін, бағасын біледі. Кей дәріхана дәрі-дәрмек бағасын шамадан тыс қымбаттатқанын байқаса, қолданба арқылы шағымдануға болады.

Жүктеу (android)

Анализы

Әдетте анализ тапсырып, тексерілген соң, дәрігердің не айтқанын ұмытып, анализ қағазын түсінбей әлек боламыз. «Анализы» бағдарламасы медицина анализдеріне қатысты мағлұмат береді. Қосымшада барлық анализ түрі жеке-жеке жазылған. Қолданба ересектер мен балаларда әр анализдегі элементтердің қалыпты мөлшері қанша болу керек екенін көрсетеді. Сонымен бірге ол қалыпты мөлшердің не себепті төмендеуі немесе жоғарылауы мүмкін екенін де түсіндіреді. Бұл қосымша арқылы қарапайым адамдар аз да болса медицина терминдерін, анализ нәтижесін өз бетімен түсіне алады.

медицина
Фото: Рlay market

Жүктеу

Dariger

Бұл мобайл қосымшасында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі әзірлеген ауруларды диагностикалау және емдеуге арналған клиника хаттамалардың мәліметтер базасы бар. Сонымен бірге, «Дәрілік заттар» бөлімінде Қазақстан Республикасында рұқсат етілген дәрі-дәрмектің тізімі, нұсқаулықтары қазақ және орыс тілінде баяндалған.

Жүктеу (apple)

Жүктеу (android)