— Бала қашан сөйлей бастайды?

— Баланың тілі бір жастан бастап шығады. Бұл кезде кішкентай 30-ға жуық сөз білуі, яғни, «әке», «ана» сияқты бір буынды сөздерді айта алуы тиіс. Ересек адам «мұрның, көзің қайда?» деп сұрағанда, сұрақты түсініп, дене мүшесін көрсете алуы керек. Ал екі жастағы бала кемінде 200-300 сөз айтып, бастауыш пен баяндауыштан тұратын сөйлем құрастыра алғаны жөн. Мысалы, «әке, жүр», «ана, бер» дей алуы қажет.

— Кей баланың тілі не себепті кеш шығады?

— Өкінішке қарай, көп қазақ отбасы жоғарыда аталған екі кезеңге мән бермейді. «Бала үш жасында өзі сөйлеп кетеді» деп ойлайды. Бұл — қате. Бала туғаннан бастап әке-шешесі онымен сөйлесіп, сөйлеу жүйесін қалыптастырғаны абзал. Біздің Balabi баспасы 20-30 аралығындағы ата-аналар арасында сауалнама жүргізді. «Бала тәрбиесіне байланысты ақпаратты қайдан аласыз?» деген сауалға басым көпшілігі бұл жайлы ештеңе оқымайтынын, баланы бағып-қағуда көп жағдайда анасынан немесе құрбысынан кеңес сұрайтынын айтты. Кейбірі сәби ауырса, Комаровскийдің ақыл-кеңесін ғана тыңдайды екен. Ал нақты тәрбиеге, бала тілін, миын дамытуға байланысты ақпарат оқымайтын болып шықты. Кей ата-ана «Бұл маған керек емес. Баланы дамытатын арнайы орталықтар бар, сол жақтан үйренеді. Мен ақшасын төлеймін» деп жауап қайтарды. Сауалнама нәтижесі жас ата-аналардың материалды құндылықты бірінші орынға қоятынын көрсетті. Күнкөрістің кесірінен балаға дұрыс уақыт бөлмеу — оның тілінің кеш шығуының бірден-бір себебі. Сондықтан ата-ана күніне кем дегенде 10 минут бала тәрбиесіне қатысты ақпаратты шолып, оқып отырғаны, оны тәжірибеде қолданғаны жөн.

Екіншіден, бала тілінің кеш шығуына қазіргі технология мен гаджеттердің де әсері бар. Ата-ана күні бойы телефонда мульфильм көруге, ойын ойнауға рұқсат беріп қояды. Бір орында тапжылмай, экранға үңіліп отырған баланың саусағы да, көзінің қарашығы да қозғалмайды. Ешқандай тән күшін жұмсамайды. Осының салдарынан баланың сөйлеу жүйесі дамымайды, омыртқа жотасы зардап шегеді, көзі қылиланады. Педагог Василий Сухомлинский «Баланың ақылы саусағының ұшында тұр» деп айтқан. Кішкентайдың денесі үнемі қозғалыста болуы керек.

балалар
Фото жеке архивінен

— Қазақ менталитетінде бұрмалап айту бар. Мысалы, «әдемі» деудің орнына «әйәй» дейміз. Бұл қаншалықты дұрыс?

— Сәбиге тіл қатқанда ересектердің балаша сөйлеп кететіні өтірік емес. Еркелетудің бір әдісі шығар. Бірақ мұндай тәсілді қолдану дұрыс емес деп ойлаймын. Осы тұста басқа ортадағы кей ата-ананың тәрбиесінен үлгі алған абзал. Олар баланы ересек адам ретінде қабылдайды. Іс-әрекеті ұнамаса, ашық айтады. Барды бар, жоқты жоқ дейді. Қазақ тәрбиесі дұрыс емес деп отырған жоқпын. Бала үлкенді түсінбейді деген ойдан арылуымыз қажет. Кез келген сәби дауыс ырғағына, эмоцияға қарап, айтылған сөзді ұғады. Шын мәнінде баланың қабылдау деңгейі өте жоғары. Нейрондары үлкен адамнан бірнеше есе көп.

Мысалы, балаңыздың мазасы болмай, жылап отыр делік. Мұндай кезде көбі қарны ашып тұр деп ойлайды. Яғни, ата-ана өзіне ыңғайлы жауап тауып алады да, баланың эмоционал жағдайына мән беруді ұмытып кетеді. Мүмкін сүйікті ойыншығын сындырып алып, ата-анасына айта алмай, қорқып отырған шығар. Сол үшін көңіл-күйі жоқ болар. Осындай сәттерде ата-ана өзін қалай ұстау керек екенін білуі керек, Ол үшін бала тәрбиесіне қатысты білімі болуы қажет.

балалар
Фото: Balabi баспасы

— Баланың тілі дұрыс шықпаса, таңдайын кесіп жатады. Бұл дұрыс па?

— Екі жастағы бала 2 сөзден тұратын қарапайым сөйлемді құрай алмаса, дереу педиатрдың көмегіне жүгінген дұрыс. Одан бөлек логопедке де апарған жөн. Дәрігер таңдайында проблема бар десе, кесуге болады. Ал медицина мен хирургия мұндай қауіпті жоққа шығарса, баланың тілінің дамымауына ата-ана тікелей кінәлі.

— Сіздің жетекшілігіңізбен Balabі баспасы баланың тілін дамытуға көмектесетін құралдар жинағын басып шығарады екен. Жоғарыда айтылған мәселелер жобаны бастауыңызға түрткі болды ма?

— Кішкентай қызым бар. Ол тумай тұрып, жолдасым екеуміз балаларға арналған дамыту құралдарын іздедік. Жөні түзу, көңілден шығатын қазақ тіліндегі ештеңе таппадық. Бала тілін дамытатын қазақша құралдар жоқтың қасы. Шыны керек, қатты қынжылдым, ашуым келді. Осыдан кейін қазақ тіліндегі балаларға арналған дамыту құралдарын дайындауды қолға алдық.

балалар
Фото: Balabi баспасы

Бұл жобаны жасауға жарты жыл кетті. Жинақ «Ойнайық та, ойлайық. Ойлайық та, сөйлейік!» деп аталады. Онда 99 карточка бар. Бұл құрал ата-анаға, логопедке және балаларға көмектеседі. Жинақты логопед, педагог сияқты арнайы мамандар дайындады.