Басты бетҚоғамПедофилді ұстаймын...

Педофилді ұстаймын деп 13-қабаттан секірген полицей марапатталды

Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ішкі істер министрлігі Алматы полиция департаменті Түрксіб аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі Бақытжан Әнуарбекұлы Бәкіров II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталсын, — делінген жарлық мәтінінде.

Бақытжан Бәкіров полицейден қашып құтылмақ болған қылмыскердің соңынан, 13-қабаттың терезесінен секірген еді. Құқық қорғау органының қызметкері екі қабаттан төмендеу жердегі алаңқайға түсіп, табанын тайдырып алған. Соған қарамастан ол қылмыскерді қолынан бұрап, қасындағы әріптесі келгенше жібермей ұстап отырған.

Күдікті кәмелетке толмаған жасөспірімді тонау және зорлау фактісі бойынша айыпталып жатыр. Алматы полициясы оны 4 күн бойы іздестіріп келген.

Полиция майоры Бақытжан Бәкіровтің аяғына 3 рет операция жасалды. Дәрігерлер оны көп ұзамай жұмысқа оралып, тағы да көп қылмыскерді ұстайтынына сендірді.

Полиция қызметкері жұбайымен бірге 6 бала тәрбиелеп отыр.