Айгиз Баймұхаметов 1988 жылы Башқұртстандағы Белорецкий ауданы, Абзаково ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Ата-анасы кішкентай кезінде қатерлі ісіктен көз жұмғандықтан бауырларымен бірге Серменов балалар үйінде тәрбиеленеді.

Айгиз орта мектепті жақсы аяқтайды. Башқұрт мемлекеттік университетінің башқұрт филологиясы және журналистика факультетіне оқуға түседі. ЖОО-дан кейін “Башқұртстан” газетінің тілшісі болып жұмыс істейді. Қазір Айгиз – “Шонкар” жастар журналының бас редакторы.

Өзінің айтуынша, “Тастамашы, Ана!” кітабы автордың көпке танылуына ғана емес, жалпы әдебиетке келуіне себепші болған екен.

“Тастамашы, Ана!” кітабын 2012 жылы жаздым. Жасым 23-те еді. Әртүрлі салада жетістікке жеткен әйел адамдар туралы газетке мақала беру керек-ті. Мен де сол кейіпкерлер туралы жазатын болдым. Үйге келіп ұзақ ойландым. Өмірден ерте өткен анам есіме түсті. небәрі 40 жасында қатерлі ісіктен көз жұмған еді. Анам қайтқан соң үш жылдан кейін әкем өмірден өтті. Жеті бала жетім қалдық. Көз алдыма анаммен қоштасқан соңғы минуттар келді. Сол түні өлген анасымен сөйлескен баланың диалогын жазып шықтым. Тірі жүргенде, қазір не туралы сөйлесер едім, не жайлы айтар едім деген жай ғана қиялымнан туған дүние болды. Бұл тіпті әңгіме де, мақала да емес еді. Ертесі осы үзіндіні газетке жарияладым. Сол күннен бастап редакция телефонына тыным болған жоқ. Көп оқырман жалғасын сұрап хат жазып жатты. Кейін бас-аяғы жазылып, жаңа кітап жарыққа шықты, – дейді Айгиз Баймұхаметов.

Жас жазушы кітабында нағыз жетімдердің шынайы тағдырын көрсетуді мақсат еткен.
Айгиз Баймұхамбетов
Айгиз Баймұхамбетов әпкесі Әлиямен балалар үйінде. Фото жеке архивінен

“Телеарналардан үнемі “жетім балаларға үй беріліп жатыр, оларды жақсы киіндіреді, тойдырып тамақтандырады” деп айтып жатады. Құдды бір балалар үйі керемет сияқты, сол жерді үлгі етіп көрсетіп жатқандай ой қалдырады. Шынында балаға отбасынсыз, ата-анасыз өмір сүру өте ауыр. Мұндай сынақты, күйзелісті екінің бірі көтере алмайды. Көбі балалар үйінен кеткен соң өзін жоғалтып алады. Себебі отбасы жылуын сезген жоқ, тәрбиесін алған жоқ. Қоғам да дұрыс қабылдамайды. Балалар үйінде болған жылдары 100 бала болса, соның 90-ның ата-анасы тірі еді. 10-ы ғана тұл жетім. Кейінгі 10 жылда тастанды балалардың қатары көбейгені алаңдатады. Бұл кітап ата-ана баласын жетім қалдырмаса екен деген тілекпен жарыққа шықты. Башқұрттарда, қазақтарда жетім қалған баланы туыстары бауырына басатын жақсы дәстүр болған. Өкінішке қарай, бұл дәстүрден алыстап кеттік. Барлық халық осы дәстүрді әлі күнге сақтаған болса, миллиондаған бала мемлекеттің қарауына өтпеген болар еді”, – дейді ол.

Айгиз жетімдерге деген қоғамдағы көзқарастың, қарым-қатынастың өзгергенін қалайды. Университетке түскенде балалар үйінен келгенін айтуға қысылыпты. Себебі мұны білген ел ол туралы пікірін өзгертіп, басқаша қарай бастаған екен.

Балалар үйінде өскендердің бәрін ұрлықшы, алқаш, наркоман көреді. Ал мен адам қандай қиындыққа ұшыраса да, адами қалпынан ешқашан ажырамайтынын көрсетуге бел будым. Қазір қандай ортада өскенімді айтуға ұялмаймын. Керісінше қоғамдағы таптаурын ойды бұзғым келеді, – дейді жазушы.

Айгиз өскен Серменов балалар үйі жабылған. Қазір орнында балабақша жұмыс істеп тұр.

Кітап жарыққа шыққан соң бір кейіпкерлер өзін танып, алғысын айтса, кейбірі ренжіпті, тіпті сотқа да берген.

Жазушының айтуынша, жасөспірімдер мен жас балалар оқитын болғандықтан, біраз оқиға кітаптан сырт қалған.

Балалар үйінен кеткен соң өмірден өз орнын тапқандар бар, бірақ өте аз. Менің тобымда 20 бала болды, соның бесеуі бұл өмірде жоқ. Қателеспесем, алтау-жетеуі түрмеге түсті. Кейбірінің тағдыры мүлдем басқаша түзілді. Көп адам бауырларым туралы сұрайды. Барлығы білім алып, отбасын құрды. Балалы-шағалы. Бақытты ғұмыр кешіп жатқанына қатты қуанамын. Балалар үйінде өмір сүру оңай емес. Баланың бәрі ата-анасының жанында алаңсыз ойнап-күліп жүрсе екен деймін, – дейді Айгиз.

“Тастамашы, ана!” өмірбаяндық шығармасының желісімен Башқұртстан, Татарстан және Қазақстан театрларында спектакль қойылды. Повесть Башқұртстан мен Қырғызстанда оқу бағдарламасына енгізілген. Жақында кітаптың жалғасы ретінде жазылған “Ертегісіз балалық шақ”, “Көше балалары” кітабы жарыққа шықты. Автордың шығармаларын қазақ тіліне ақын Саят Қамшыгер аударды.

Кітаптың жалғасын асыға күткен оқырманның қуанышында шек жоқ.

90-жылдары вокзалда, көшеде қараусыз жүретін балалар көп болды. Тіпті балалар үйінен қашып шығып, солардың қатарына қосылған да бар. Қазір мұндайды сирек көреміз. Бұл шығармада мен отбасының ролі, ата-ананың орны туралы айтқым келді. “Неге осындай оқиғалар жайлы жазасың” деген сауал жиі қойылады. Меніңше, болашақ ұрпақ бұл туралы білуі, өткеннен сабақ алуы тиіс деп ойлаймын. Әдебиетте шындықты жазудан ұялмау керек. Көп дүниеге көз жұмып қарағанымыздан, оның жасырып-жапқанымыздан қоғамда қиын жағдай туады, – дейді жазушы.

Бұдан бөлек Айгиз қазір мұғалімдер туралы роман жазып жүр.

Ата-анасының “кісі алдында ұят болмасын” деген сөзін автор ұмытпайды. Қатардан қалмай білім алуға, жетістікке жетуге, кітап жазуға ұмтылған. Қандай қиындық болса да, ата-анасынан ерте айырылса да, арманын жоғалтпаған.

Айгиз Баймұхаметов Қазақстанда
Айгиз Баймұхаметов Қазақстандағы оқырманмен кездесуде. Фото жеке архивінен

Күн сайын кітабым жайлы жақсы пікірге толы хат аламын. Қаншама адам хабарласады.  Бірақ қошемет-қолпаштың ортасында марқайып отыруға уақыт жоқ. Болашақта не жазатынымды жиі ойлаймын. Шығармам адамға күш берсе деймін. Оқып отырып өмірдің мәнін ұғынса, мақсатына ұмтылса, дұрыс жолда жүрсе, қиын кезде кітаптың басты кейіпкері оған үлгі болса деп армандаймын, – дейді Айгиз Баймұхаметов.