Neobilim жобасының ерекшелігі — мұнда сабақты мұғалімдер емес, оқушылар жүргізеді. Олар бұрыннан қалыптасып қалған білім беру әдістерін қолданбай, түсінікті әрі оңай жолмен оқушының кез келген тақырыпты үйренуіне көмектеседі. Пайдалы ақпараттар ұсынып, мамандық таңдауға бағыт-бағдар береді.
Оқушылар кейбір тақырыпты өз қатарластары айтқанда жақсы түсінеді. Осыны ескеріп, Айтуар екеуміз видеосабақтар дайындадық. Сабақтың ұзақтығы — 30 минут. Кейде одан да аз уақытта түсіреміз. Кейін видеоны жақсылап өңдеп, YouTube-ке жүктейміз. Арнамызда қазақ тілі, орыс тілі, математика, физика, химия және кәсіби бағыт-бағдар сабақтары бар. Кәсіби бағыт-бағдар сабағы — еліміздің білім беру жүйесіндегі жаңа бағыт. Бұл сабақта белгілі бір мамандық жайлы, оның мақсаты мен өзекті тұсы туралы айтамыз. Жоғары оқу орнындағы мамандықтарға бөлінген грант санына қатысты ақпарат береміз. Қатарластарымыздың кәсіби бағыт таңдауына көмектесіп, оларды ынталандырғымыз келеді, — дейді ол.
Мадияр мектеп оқушылары 5-класта математикадан, 7-класта физикадан, 8-класта химия пәнінен қиналатынын айтады. База білімін дұрыс түсінбесе, жоғары класта басқа тақырыптарды үйрену қиын болады. Сол үшін оқушылар негізгі тақырыптарды меңгеру үшін барлық пәннен жиі ізденуі керек.
Сабақ беруге қатысты өз әдісім бар. Әуелі сабақтың басында теорияны түсіндіремін, анықтамаларды айтамын. Теореманы дәлелдеймін. Кейін осы тақырыпқа қатысты жиі кездесетін үш мысал келтіремін. Осылайша практика жағынан толық жетілдіремін, — дейді ол.
Мадиярдың айтуынша, қазір жастар YouTube-ті білім қорын іздеудің негізгі көзіне айналдырған. Өйткені адамның есінде оқығанына қарағанда көрген нәрсе ұзақ сақталады. Сол себепті олар видеосабақтарды сапалы етіп шығаруға тырысып жүр.
Neobilim YouTube-арнасына бар-жоғы 2-3 адам тіркелген кезде кейін үлкен аудитория жинаймыз деп ойлаған жоқпыз. Еңбегімізді бағалап, жақсы пікір білдіріп жатқандар да бар. Оқушылар біз дайындаған әр сабақтан пайдалы ақпарат алып, жаңа тақырыпты түсінсе қуанамыз, — дейді жас түлек.
Мадияр биыл Назарбаев университетіне, Айтуар Хоккайда университетіне оқуға түсті. Олар бұл жобаны жоғары оқу орнында одан әрі дамытуды армандайды. Қазір Мадияр жазғы каникулды пайдаланып, жоғары сынып оқушыларына математикадан қосымша сабақ беріп жүр. Оның айтуынша, Neobilim жобасында жинаған тәжірибесі жақсы мұғалім болуға көмектескен.
Студент болсақ, бос уақытымыз бола бермейді. Алайда Neobilim-де жаңа видеосабақтар түсіруді жалғастыра береміз. Барлығын кішкентай қадамдардан бастап жатырмыз. Оқушыларға да айтарым, тек мектептің білім беру бағдарламасымен шектеліп қалмау керек. Интернет ізденем деген адамға бәрін дайындап қойған. Өзіңе қажет білім жинау және сыни тұрғыда ойлауды үйрену артық болмайды, — дейді Мадияр.