Басты бетМедицинаПрезидент коронавирустан...

Президент коронавирустан қайтыс болған 2 дәрігерді наградтады

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтау туралы қаулы етті:

Қазақстан Республикасына сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлығы үшін:

жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі — Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылсын:

Исаев Олег Николаевич, марқұм, Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы жанындағы «Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы» МКК бөлімше меңгерушісі

Қозбағаров Қалихан Есбосынұлы, марқұм, Ақтөбе облысы, «Облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы» МКК бас дәрігері.

Бүгін, 13 шілде — коронавирустан қайтыс болғандарды еске алу — жалпыұлттық аза тұту күні.

Нұр-Cұлтан уақыты бойынша сағат 12.00-де Қазақстанда бір минуттық үнсіздік жарияланады.

Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандардың жалпы саны 375-ке жетті.