Қызылордада жартылай фабрикаттар шығаратын цех жұмысы қарқынды жүріп жатыр

Оның дәлелі ретінде жеке кәсіпкер Айдос Алменовтің ет өнімдерінен жартылай фабрикат өндірісін атап өтуге болады. Ол кәсіпкерлікті 2008 жылы Қызылордада ет сатудан бастап, кейіннен тұрғындардың сұранысына қарай жартылай фабрикаттар әзірлеуді қолға алған.

Кәсіпкер 2017 жылы жеке қаражаты есебінен сұранысқа сәйкес өндірілетін өнімнің ассортиментін кеңейтіп, тұшпара, фарш, тефтели, фрикаделька, котлет және өзге де жартылай фабрикаттар шығаратын цехтың құрылысын бастады. 2019 жылы «Ресей жинақ банкі» арқылы 30 миллион теңге несие қаражатын алып, «Қарапайым заттардың экономикасы» бағдарламасы аясындағы мемлекеттің қолдау шарасы негізінде цехты толығымен іске қосқан.

Бүгінде кәсіпкер тәулігіне 1 тоннаға жуық ет өнімін жартылай дайын өнімге айналдырып, әзірленген өнімді «KEREMET-ET» брендімен Қызылорда облысы бойынша 250-ге жуық сауда орындарына өткізіп жатыр.

 Жеке кәсіпкер цехта 40-тан астам тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Үкімет қазіргі төтенше жағдай кезеңінде шағын және орта бизнеске ерекше мән беріп, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, бизнесті тексеруді азайту, сонымен қатар салықтық жеңілдіктер беру мүмкіндіктерін қарастырды. Мемлекеттің бұл қолдау шараларынның шапағатын көріп отырған кәсіпкерлердің бірімін. Мұндай жеңілдіктер қазіргі бизнестің тоқырау кезеңінде қайта қалыпқа келуі үшін үлкен мүмкіндік береді, – деді Айдос Алменов.

Биыл мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың 1,5 мыңға жуық бастамасын гранттармен, шағын және орта бизнестің 500-ден аса жобасын жеңілдетілген несиелермен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Бұл өңірде шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың санын ұлғайтуға, өнім көлемін арттыруға, жалпы өңір экономикасының одан әрі дамуына ықпал етпек.