Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінде стартаптарды дамытуға бағытталған тегін бағдарламаның қорытындысы жарияланды. 13 үздік стартап жобаcын қорғап шықты. Е-commerce, білім беру, виртуал және толықтырылған шындық, финтех, жылжымайтын мүлік, компаниялардың бизнес-процестерін автоматтандыру және тағы басқа салалардағы жобалар ұсынылды. Акселерация бағдарламасының 3 ай мерзімі ішінде стартаптар сатылымдарын 28,7 миллион теңгеге ұлғайтқан екен.
Demo Day де алғаш рет акселератордың өзі сияқты онлайн өткізілді. Бұл жолы үздік деп танылған стартаптардың тұсаукесерін әлемнің кез келген бұрышынан бақылауға болады. YouTube платформасындағы технопарктің ресми парақшасында іс-шараның көрсетілімі ұйымдастырылды. Сонымен қатар іс-шараға бірқатар қазақстандық және шетелдік инвесторлар мен бизнес-періштелердің қатысқаны белгілі болып отыр.
Demo Day-ге іріктеуден өткен жобалар тізімі:
- Monetika — қаржы есебін жасауға арналған қосымша;
- Zanbar — таңдаулы заңгерлерді іздеу және іріктеу қызметі;
- Proportunity — Reit лицензиясын алған алғашқы жылжымайтын мүлік қоры;
- OQUDA — дистрибьюторлар арқылы оқыту бағдарламаларын сатуға арналған платформа;
- Без посредников — жылжымайтын мүлікті делдалдарсыз сату немесе сатып алуға арналған платформа;
- Oqylyq — прокторинг және қашықтан оқыту жүйесі;
- Kompra Filter — 5 минут ішінде фильтрлердің көмегімен ықтимал жеткізушілер мен клиенттерді табуға болатын сервис;
- In VR — виртуал шындық мүмкіндігін пайдаланатын стриминг платформа;
- LogIZI — құжаттарды жіберу үшін курьерлік компанияларды іріктеу платформасы; Kokozhe Green Lab — бақша өсімдігін өсіруге арналған автоматты суаратын шағын атыз;
- Able — онлайн курстар платформасы;
- Motivaizer — балалар мен жасөспірімдерге арналған мотивациялық планер;
- Yvision — блог-платформа.
Demo Day кезінде бағдарлама түлектері акселерацияның 3 ай жұмысы мен оқуы уақытында қандай жетістіктерге қол жеткізгендерін бөлісті. Түлектердің басты міндеті — инвесторларды қызықтырып, жобаларын дамыту үшін инвестиция тарту болды. COVID-19 пандемиясының экономика және қаржы салдарына қарамастан, Astana Hub акселерация бағдарламасына қатысқан 3 ай ішінде стартап жобалар сатылымдарын 28,7 миллион теңгеге ұлғайтты. Ал акселерациялық бағдарламаның соңында сатылымның жалпы сомасы 114 миллионнан астам теңге болды.
Қазақстандық стартаптарда тек тамаша идеялармен қатар оларды жүзеге асыруға деген ұмтылыс бар. Олардың жаңашыл көзқарасы мен еңбексүйгіштігі экономикалық және әлеуметтік салалардағы оң өзгерістердің болуына әсер етеді. Нарықта жаңа өнімдер пайда болады, қосымша жұмыс орындары құрылады, қазақстандықтардың әл-ауқатының деңгейі артады. Әрине, инвестициялардың қуатталған раундтары туралы айту әлі ерте, себебі бұл міндеттерді қамтымайтын жобалар да бар, алайда осы маусымда біз Astana Hub командасымен ауқымды жұмыс жүргіздік және де бүгінгі айтылған нәтижелер — трекерлердің, менторлардың және барлық стартап-командалар коллаборациясының жемісі, — деді Astana Hub-тың атқарушы директоры Әділет Нұрғожин.
Astana Hub акселераторы алғаш рет онлайн форматта өтті. Әлемдегі коронавирус пандемиясына қарсы бағытталған карантин шараларын ескере отырып, осындай шешім қабылданған. Осының арқасында, қатысушы стартаптар үйден шықпай-ақ қашықтан оқуға мүмкіндік алды. Бұл жағдайға дейін, акселерациялық бағдарлама әрдайым Astana Hub технопаркінде өткізілетін. Ал іріктеу кезеңінен өткен стартап-командалар Нұр-Сұлтанға келетін еді.
Акселерация 7.0 бағдарламасына қатыспай тұрып, бізде IT-мамандар үшін кешенді шешімі бар платформа болған еді. Клиенттер көп болмаса да, оларға жүйені сату үшін көптеген презентациялық кезеңнен өту қажет болды. Алайда акселерация кезінде біздің трекермен жұмыс істеу уақытында бағдарламалаушыларсыз автоном түрде жұмыс істей алатын бұлтты, шағын және тез бейімделетін сервистерді жасау керегін түсіндік. Нәтижесінде акселерация кезінде Aspans Object сервисі құрылды. 3 айдың қорытындысы бойынша біз жаңа клиенттермен келісімге қол қойдық және өніміміздің сатылымын 60%-ке арттырдық, — дейді Aspans стартап жобасының бас директоры Ержан Қадірсізов.
Акселерация бағдарламасындағы операторлық қызметті алғаш рет Astana Hub қызметкерлерінің өздері орындады. Акселерация қатысушылары үшін 30 модульден тұратын мазмұнды бағдарлама әзірленген. Оқу барысында қатысушылар сатылым мен мәмілелер жасау және сатуды жоспарлау кезеңдері туралы білім жинап; гипотезаларды тексеру, клиенттермен жұмыс істеу кезіндегі қажет және тыйым салынған мәселелерді ескере отырып, интервью сценарийлерін құрастырды. Ендігіде Astana Hub акселераторының түлектері клиенттер үшін тиімді ұсыныстарды оңтайлы дайындап, B2B және B2C секторларында сату процестерін құра алады. Контентті іс жүзінде пысықтай отырып, командалар өздерінің жұмыс алгоритмін құрады. Өнімдерін сату тиімділігінің негізгі көрсеткіштеріне қатысты трекерлерден алдағы жұмыстарына тиімді әсер ететін кері байланыс алып отырды. Сонымен қатар бағдарлама қатысушылары үшін өз ісінің шебері — Әмірхан Омаров пен Алексей Ли сияқты сарапшылармен қонақ дәрістері ұйымдастырылып, шешендік өнер курстары өткізілді.
Біз алғаш рет акселератор бағдарламасын онлайн-форматта өткіздік. Әрине, бұл шешімнің артықшылықтары көп: қатысушылар үрдістен қол үзбей әлемнің кез келген жерінен бағдарламаға қатысты. Әлемдегі және еліміздегі күрделі қаржылық және экономикалық жағдайға қарамастан, 31 жобаның 13-і өз өнімдерінің сатылымын 28 миллионнан астам теңгеге ұлғайта алды. Оған қоса, біздің трекерлер және кураторлармен жұмыс істеген кейбір жоба алғашқы сатылымдарын жасады, — дейді Astana Hub-тың атқарушы директоры Әділет Нұрғожин.
Әділет Нұрғожин атап өткендей, осы акселерация легінде көптеген жоба EdTech саласымен байланысты болды.
Стартаптардың көп бөлігі инвесторлар мен венчурлық капиталистердің қаражатын EdTech саласына тартады екен. Сонымен қатар білім саласында технология нарығының қарқынды өсуіне мектептер мен жоғары оқу орындарының қашықтан оқу форматына көшуі, IT-компаниялардың қызметіне жүгінуі, оқу барысында виртуал және толықтырылған шындық технологияларын қолдануы әсер етіп жатыр. Бұл лекте Oquda, Oqylyq, Able және In-Vr сияқты EdTech саласындағы жобалардың көптігі де қуантпай қоймайды. Мысалы, Able — Data Science және веб-дизайн бойынша қашықтан оқыту курстары. Google-да жұмыс істейтін оқытушылардан Able арқылы балалар 21 ғасырдың сұранысына сай мамандықтардың үш жылдық бағдарламаларын 6 ай ішінде ғана меңгереді. In-Vr стартабы осы жылдың күзінде виртуалды және толықтырылған шындық технологиясы арқылы магистранттарды оқытуға кірісейін деп отыр, — дейді Әділет Нұрғожин.
Astana Hub баспасөз қызметінің хабарлауынша, акселератордың келесі сегізінші легі 2020 жылдың 15 шілдесінде басталады.
Акселерация бағдарламасы — стартаптармен жұмыс істеудің ең тиімді жолы. Бағдарлама қорытындысы бойынша жоба инвестиция тарта алады. Бірақ акселерацияның негізгі мақсаты — инвестиция тарту емес, стартап-командалардың алатын білімі мен машықтары. Жобаға қатысу үшін біз «көзінде оты бар» өршіл стартап-командаларды іздейміз. Бағдарламаның келесі легінде тағы да мықты жобаларды күтеміз, — деді Astana Hub бағдарламалар бөлімінің аға менеджері Айвар Құрманов.