Еліміздегі стартаптарды қолдау орталығының қазіргі ахуалын білу мақсатында Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің атқарушы директоры Әділет Нұрғожинмен әңгімелескен едік.

— Әділет Ерғалиұлы, сұхбатымызды технопарктің бүгінгі жұмысынан бастасақ. Astana Hub қазіргі таңда қандай жобалармен жұмыс істеп жатыр?

— Astana Hub-тың жұмысы былтыр тамызда басталды. Осы аз уақыт ішінде жобалар саны 250-300-ге жетті. Сонымен қатар жобаларымыз оқу бағдарламалары арқылы 90-ға жуық акселерациядан және 180-нен аса инкубациядан өтті. Мүмкіндіктерге келсек, біз стартаперлерді материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етеміз. Бұл жерде қаражат мәселесін меңзеп тұрған жоқпын. Мұны жұмыс кеңсесі, интернет және еліміздің басқа аймақтарынан келген стартаперлерді баспанамен қамтамасыз ету деп түсіну қажет. Көпшілік білетіндей елордамызда кеңсе мәселесі өзекті. Кеңсені жалға алу стартаперлардың бәріне бірдей қолжетімді емес. Тағы бір мүмкіндік – былтыр қол қойылған екі заңға қатысты. Бірінші заң – шет елден келген жобалар, шет елден келген жастарға визалық көмек турасында, яғни олардың Қазақстанда белгілі бір уақыт ішінде жұмыс істеуі осы заң арқылы шешіледі. Екінші заң – салықтан босату. Astana Hub-тың құрамындағы тіркеуден өткен жобалар толығымен 5 жыл көлемінде салықтан босатылады. Бұл — ТМД елдерінің құрамында еш елде қарастырылмаған мүмкіндік. Біз оны Белоруссия елінің тәжірибесінен байқадық.

— Өзіңіз айтқандай, Astana Hub-тағы кәсіпкерлерді оқыту жүйесінің екі түрі бар — инкубация және акселерация. Жүйенің айырмашылығы мен артықшылығы жөнінде айтып өтсеңіз?

— Иә, нақтырақ айтқанда инкубация – стартаперлардың ең алғашқы қадамында жүзеге асатын оқу бағдарламасы. Мысалы, стартапер бізге идеясымен келіп, жобасын ұсынады делік. Содан кейін оған оқу бағдарламалары, арнайы трекерлік көмектер ұсынамыз. Бұл — 6 айға дейінгі процесс. Акселерация – дайын жобаның іске асуы үшін қаражат табу, инвестиция тарту процесі. Ол 3 ай көлемінде жүзеге асады.

— Оқыту бағдарламаларын жүргізетін трекерлер кімдер және олар қайдан келеді?

— Трекерлер стартаптар үшін маңызды. Бізде трекерлер мектебі бар. Оларды өзіміз оқытамыз. Еліміздегі және шетелдік білікті IT-мамандар келеді. Сондықтан бұл жерде санаулы адамдардың атын ғана айтып қоюға болмайды. Оның ішінде Ресейден келіп, акселерация бағдарламасын оқытатын бірнеше маман тобы бар. Олар – осыған дейін стартаперлерге дәрістер оқып, шет елдерден тәжірибе жинаған трекерлер.

— Жақында ғана Roadshow бағдарламасын іске қостыңыздар. Осы бағдарламаның мақсаты мен міндеті турасында қысқаша айтып берсеңіз?

— Roadshow бағдарламасы арқылы біз стартаптарды шет елдің ауқымды форумдарына шығарамыз. Ондағы басты мақсат – нарыққа өнімдерімізді шығару, инвесторлармен жүздесу және басқа елдерден инвесторлар тарту. Жаңа жобалар үшін бұл — үлкен мүмкіндік. Себебі көпшілігі өз қаражаттарымен шет елге шығып, жобасын көрсете алмайды. Сондықтан біз бұл тұрғыда қолдау көрсетіп, жастардың жолын ашуға сеп болуды мақсат еттік.

Әділет Нұрғожин
Әділет Нұрғожин

— Бір сұхбатыңызда «Astana Hub-тың өзі — стартап» деген пікір айтыпсыз. Демек, қазіргі қолдау тек мемлекет тарапынан. Ал сіздердің тараптан мемлекетке қайтарым қандай? Алдағы уақытта қандай нәтиже күте аламыз?

— Бұл технопарк «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының бесінші тармағы — «Стартап экожүйесін дамыту» тармағы негізінде құрылған. Мемлекеттің технопаркті құрудағы мақсаты – бизнестің дамуын жоғары деңгейге жеткізу. Дәл қазір стартаптар мемлекетке пайда беріп жатыр деп айту қиындау. Бірақ бұл стартаптардың болашағы бар. Біздегі жобалар жеткілікті деңгейде дамып, белгілі бір сатылар арқылы жақсы жетістікке жетер болса, болашақта ел экономикасына жоғары деңгейде үлес қосатын болады. Қазіргі жасалып жатқан мүмкіндік пен қызметтің барлығы алдағы уақытта жемісін береріне сенімім мол. Себебі бұны әлемдік тәжірибе дәлелдеп отыр. Сондықтан алдағы уақытта бұл бастаманың үлкен болашағы бар деп ойлаймын. «Astana Hub – үлкен мемлекеттік стартап» деп атауымның да себебі – осы. Біз қазір тәжірибе жинап, даму үстіндеміз.

— Соңғы уақыттағы сұхбаттарыңызда Clockster технологиясы туралы жиі айтып жүрсіз. Осы технология қазір елімізде қолданысқа енді ме және шетелдік нарыққа шыға алды ма?

— Бұл жоба – шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырып, инвестиция тартқан алғашқы жоба және акселерацияның тұңғыш жемісі. Былтыр біз бұл жобаны Сингапур еліне апардық. Қазіргі таңда 350 мың АҚШ долларына жуық инвестиция тартып отыр және ең алғашқы жобамыз деп айтсақ болады. Әлемдік тәжірибеге көз салатын болсақ, «биометрия» деген дүние жұмыс істеп келеді. Бұл — арнайы техникаға жазылған бағдарлама. Бір ерекшелігі – ол карта жүйеcін алмастырады. Мысалы, камера орнатылып тұрғанына қарамастан, адамдар карталарын ауыстырып пайдалана алады. Clockster адамның бет әлпетін сканерлеу және саусақ ізін алу арқылы тұлғалық нақтылықты анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда жоба KFC, Costa coffee, Hardees сияқты ірі тамақтану орындарында қолданыста. Мемлекеттік органдар да осы технологияны енгізгелі жатыр және оны біз де қолданамыз. Нарықта Қырғызстан, Ресей, Филиппин елдеріне шықты.

— Ең қымбат нәрсе – идея. Әйгілі Стив Джобс айтқан 7 қанатты сөздің бірінде «Идея – жүзеге асса ғана идея» деген ойды айтады. Сіздер осы идеяның іске асуына үлкен мүмкіндік жасап отырсыздар. Қазіргі таңда отандық стартаперлер қаншалықты бәсекеге қабілетті?

— Идея жастардан келеді деп сеніммен айта аламын. Себебі әлемдік технологиялардың дамуы жастардың ойы, идеясы арқылы жүзеге асып жатыр. «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елден білім алған жастар көп дүниені көріп келеді, яғни идеяның тууы, дамуы, жүзеге асуы тәжірибе арқылы жүзеге асады. Стартаперлердің барлығы ІТ-маман десек, қателесеміз. Олар — тек идеяларын осы алаңда жүзеге асыру үшін келетін әр саланың адамдары. Біздің еліміз Еуразиялық Одақтың құрамында. Осы жылдың басында ЕО елдерінің технопарктерімен бірлесіп, меморандумға қол қойдық. Олардың қатарында Қырғызстанның, Ресейдің, Белоруссияның және Арменияның технопарктері бар. Осы арқылы біз жобаларымызды сол елдердің нарығына ұсынып, сәйкесінше олардың да жобасын елімізде пайдалануымыз мүмкін. Әрине, алдағы уақытта стартаперлер үздік жетістіктермен биіктен көрінеді деп сенеміз. Еуропаға шығу да ойда бар. Ол үшін бізге уақыт пен тәжірибе керек. Қазіргі уақытта біз белгілі бір елдерге, ауқымды ІТ-алаңдарға және бәсекеге қабілетті нарыққа жол ашып жатырмыз. Осы арқылы ірі форумдарға шақырылып, инвесторлар тартылып жатыр.

— Былтыр «Алдағы уақытта инвестор қоры құрылады, гранттар бөлінуі мүмкін» деп айтқан едіңіз. Қазір бұл бастама қалай жүзеге асып жатыр?

— Қазіргі таңда министрліктің қолдауымен заңнамалық тұрғыда құжаттар реттеліп жатыр. Жылдың соңына дейін арнайы заңдар қабылданады деп ойлаймыз. Қазір елімізде жұмыс істеп жатқан венчурлық қорлармен Astana Hub төңірегінде Kaz Angels сынды бизнес-періштелер қауымдастығын құрдық. Бұл отандық кәсіпкерлер еліміздегі стартаперлерге қолдау көрсетушілер санатында. QazTech Ventures-тің жасап жатқан жобасы бар. Олар Сингапурдың ірі беделді венчурлық қорымен біріккен қор құруды жоспарлап отыр. Бұл шет елден келген инвестиция арқылы Astana Hub негізінде жұмыс істейді.

— Ақпан айының басында «Жаһандану дәуіріндегі цифрландырудың күн тәртібі 2.0.» дәстүрлі форумы өтті. Бұл форум бізге не береді?

— Форумның мақсаты – тәжірибе алмасу. Біз Еуразиялық Одақ құрамында жұмыс істеп жатырмыз. Осы арқылы көптеген елдің технопарктерімен байланысып, тәжірибе алмасудамыз. Мысалы, Ресей — Еуропаға жақын ел. Сәйкесінше оның тәжірибесі цифрландыру жағынан бізге қарағанда алда. Қырғызстаннның «Цифрлық Қырғызстан» бағдарламасы тек былтыр бастап жүзеге асып жатыр. Олар — цифрлық дәуірге енді аяқ басып жатқан ел. Біздің де аз уақыт ішінде тәжірибеміз қалыптасты, яғни жобалар жөнінде білгенімізбен бөлісе аламыз. Білім беру саласында оқыту бағдарламаларымен алмасуға болады. Демек, айтар ой, алмасар тәжірибе жеткілікті. Әрине, цифрландыруға енді аяқ басқан елдерге көрсетеріміз бар болғанымен алдыңғы қатарлы елдерден әлі де үйренеріміз көп.

— Еліміздегі цифрландыру үдерісін қалай бағалайсыз?

— Әрине, толық цифрландыру хақында сөз қозғау мүмкін емес. Қоғамның дамуы үшін көптеген салада оң өзгерістер болып жатыр. Бірақ бұл жерде халықтың цифрлық сауаты да айтылуы керек, яғни оны әлі де арттыру қажет. Бұл тұрғыда қазір көп жұмыстар істеліп жатқанын білеміз. Осы арқылы біз белгілі бір нәтижеге жете аламыз. Бір сөзбен айтқанда, цифрландыру дәуірі ешқашан аяқталмайды. Ол әр уақытта жаңа серпінмен алға жылжып, техникалар мен технологиялардың алмасуы арқылы жаңарып отырады.

— 2018 жылы Astana Hub 300 миллион теңге инвестиция тартты. 2019 жылы осы көрсеткіш қаншалықты өседі?

— «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша осы жылы 4,7 миллиард теңге инвестиция тартуымыз керек. Біздің стартаптар осы көрсеткішті артығымен орындап жатыр деп айтуға болады. Дәл қазіргі уақытпен айтсақ, бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда үш есе өсті. Жыл әлі де аяқталған жоқ. Сондықтан біз жоспарды артығымен орындаймыз деп сенемін.

— Astana Hub-ты үш сөзбен қалай сипаттар едіңіз?

— Astana Hub-ты үш сөзбен «IT, мүмкіндік, болашақ» деп айтар едім.

— Сіз үшін ең жемісті жобалардың үштігін атай аласыз ба?

— Үштікте өзім айтып кеткен Clockster жобасы, Antidolg.kz және Kompra жобалары тұр. Бұл үш жоба да инвестиция тарту жөнінен алдыңғы орында. Ең бастысы, басқа да стартаперлерге үлгі болып, трекер болып жүрген жобалар қатарында. Біздің тұңғыш жобаларымыз деп мақтанышпен айтып, көрсете аламыз.

— Astana Hub-тың жоспарлары жөнінде де аз-кем ақпарат бере кетсеңіз?

— Astana Hub-тың алға қойған жоспарлары көп. Ең басты мақсат – Astana Hub-тың мүмкіндіктерін, қызметтерін еліміздің әр өңірінде жүзеге асыру. Қазір бізбен жұмыс істеп жатқан стартаптардың басым көпшілігі – Алматы мен Нұр-Сұлтаннан. Басқа өңірлерді дәл осы ІТ-алаңға тарту – алдағы мақсаттардың бірі. Ол үшін астанаға қоныс аударып, біздің кеңседе отыру міндетті емес. Өзге де қалаларға барып қызметіміз жөнінде айтып, жобаларымызды таныстыруды жоспарлап отырмыз. Көптеген оқу орнын аралап, дарынды, талантты студент жастарды тарту ойымызда бар. Стартаперлердің жас көрсеткіші былтыр 27-32 жас болды. Биыл одан да жасы кішілері бар.

Алда Қазақстанның әр түкпірін аралап, университеттерде кездесу өткізгенде әлі де жас стартаперлер шығады деп ойлаймын. Мақсаттағы тағы бір нысаны – ірі корпорациялармен жұмыс істеу. Бұл бастамамыз екі тарап үшін де оң әсер береді деп ойлаймын. Нақты айтқанда компаниялар үшін де, стартаперлер үшін де жаңа мүмкіндіктер ұсынады.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Назерке Байділда