Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, экономикалық тергеу департаменті мен кәсіпкерлік және туризм басқармасы, фармацевтика қызметін қолдау және дамыту ассоциациясы мен құқық қорғау және үкіметтік емес ұйымдар, белсенді азаматтардан құрылған мониторинг тобы жергілікті емханалар мен дәріханалардағы дәрілік заттарды бақылауда алып отыр.
Кейінгі 2 күннің өзінде мониторинг тобының мүшелері облыс орталығындағы халық көп баратын №6 және №4 емханаларда, Europharma, «Фармсервис» ЖШС-і, «Доктор Плюс», «Адонис», «Доктор Плюс Аман», «Доктор Плюс-2» және №1, №50 дәріханаларында болып, дәріхана сөрелерінде тапшы дәрілердің тізбесін жасақтап, жедел әрекет ету шараларын қабылдап жатыр.
Осындай қарқынды шаралардың нәтижесінде Europharma ЖШС дәріханалар желісіне 8 тонна дәрілік заттар жеткізіліп, қаладағы 15 дәріханаға таратылса, «Фарматека» ЖШС-нің дәрі-дәрмектер қоймасына 300 қорап дәрілік заттар келіп, серіктестікке қарасты 10 дәріханаға таратылған.
Сонымен қатар №6 қалалық емхана тегін медицина көмегінің кепілдік берілген көлемі шеңберінде амбулаториялық тегін дәрі-дәрмек қорымен толық қамтамасыз етілген.
Кейбір дәріханада ең қажет деген бірқатар дәрілік заттың жоқ екені анықталған. Осы салаға жауапты мамандарының айтуынша, бұл дәріханаларда қажет дәрі-дәрмектің қоры апта соңына дейін толықтырылады.
Айта кету керек, мониторинг тобының жұмысы кезінде дәрі-дәрмек бағалары белгіленген шекті бөлшек сауда бағасынан қымбат сату фактілері анықталмаған.
Мониторинг тобының жұмысы облыс әкімінің тікелей бақылауында және бұл жұмыстар күнделікті тұрақты түрде жүргізіліп отыр.