Басты бетЖаңалықтарТүркістан әкімі:...

Түркістан әкімі: Басымнан өткенді тірі жанға тілемеймін

Рашид Аюпов әуелі коронавирустан қайтыс болған азаматтардың туыстарына көңіл айтты. Сонымен бірге өзін аман қалған дәрігерлерге алғыс білдірді.

Ең алдымен жақындары бақилық болған отандастарыма қайғырып көңіл айтамын. Қысқа мерзімде қатарымызды жалмап бара жатқан мына індеттің салдарын көріп көңілім құлазыды. Алла баршамызға медет болып, қайтыс болған жандарды жәннәттық еткей.Осы екі апта ішінде дұғада болған әрбіріңіздің арқаңызда, Алла қалауымен, ел қатарына қайта оралуға мүмкіндік бұйырып отыр. Тез арада асқынып кеткен аурудан, қолдарынан келгенше қолдап, аман алып қалған дәрігерлерге алғысымды сөзбен жеткізу қиын. Осындай заманда әр бір жан үшін ажалмен арпалысуға бар жігерін тынбастан салып жүрген абзал адамдардың мерейі үстем болсын әрдайым, — деп жазды Рашид Аюпов.

Түркістан әкімінің бірнеше мүшесі жұмысын тоқтатқан. Сонымен бірге коронавирусқа жасатқан кейінгі сараптамасы да оның бойынан инфекция әлі кетпегенін көрсеткен.

­

Бұл ауру, өкінішке қарай, салдарсыз өтпеді. Бірнеше ішкі мүше жұмысын тоқтатып, енді қайта қалпына келтіру қажет болып тұр. Әлі де ұзақ уақыт оңалу шараларын жасаймын бұйырса. Кейінгі тест нәтижесі де коронавирустың ағзамнан кете қоймағанын көрсетті. Дегенмен елге қызмет етуге, мүмкіндігімше, қайта ораламын. Әрине, барлық сақтық шартын орындай отыра. Дәл қазір жағдай ешбірімізге де оңай болып тұрған жоқ. Біртіндеп, бірігіп, жағдайды қайта жақсартып аламыз деп сенемін. Басымнан өткен қиындықтар тірі жанның басына бұйырмасын деп тілеймін. Осы ретте, барынша сақтық шараларын орындау қажет екенін тағы бір мәрте естеріңізге салуға рұқсат етіңіздер. Ең маңыздысы: бетперде, достар! Арақашықтық! Тазалық! Өтініш, «сақтанғанды сақтайды» демекші сақ болыңыздар! Жасы үлкендерді барынша қорғап қалуға тырысайық, — деп жазды ол.

Түркістан әкімі кәсіпкерлерді қиын уақытта елге бірігіп көмектесуге үндеді.

­

Құрметті кәсіпкерлер! Елімізде болып жатқан жағдайды бәріміз көріп отырмыз. Жоққа шығаруға тырысудың, көз жұма қараудың еш мәнісі болмаған, қазір де жоқ. Сіздерге үлкен өтініш: қиын қыстау заманда елімізге бірігіп қол ұшын созайық. Біздің қолдан келмегенді сіздер жасай аласыздар. «Халқым үшін бармын!», «Қолдауға шамам жетеді!» дегендеріңізді жекеге жазуларыңызды өтінемін. Қазір қандай да көмек маңызды! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын, — деп жазды әкім.

Түркістан әкімі Рашид Аюповтың коронавирус жұқтырғаны 22 маусым күні белгілі болды.