Арафат Сәлімгерей Алматыдағы №146 мектеп-лицейдің 5-класын бітірді. Ол 3 жасынан бастап сурет салады. Ата-анасы ұлының cурет салуға деген қабілетін байқап, 1-класта арнайы үйірмеге апарады.
Арафаттың айтуынша, мұнда ол ұстазы Лада Гайновичтен көп нәрсе үйренген.
Үйірмеге тек бір жыл қатыстым. Аптасына 3-4 рет баратынмын. Өзім натюрморт, готика салғанды жақсы көремін. Ұстазым геометрия фигураларын қалай орналастыруды, көлеңке түсіруді, бірнеше бояуды араластырып, түстерді ойнатуды үйретті. Жылы және суық түстерді қалай үйлестіруді де үйрендім. Салған суреттерім жақындарыма ұнаса, ерекше қуанамын. Олардың жылы сөзі мені шабыттандырады, — дейді Арафат.
Арафат республикалық көп сурет байқауында бас жүлдені жеңген. 2018 жылы Нұр-Сұлтанда ЮНЕСКО қолдауымен өткен The Planet of ART атты халықаралық көрмесіне қатысып, жеңімпаз атанған. Арафаттың «Мәңгілік ел» тақырыбына салған суреті «Шығармашылық планетасы» альбом жинағында жарық көрді.
Сонымен бірге Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Башқұртстан елдерінде өткен жас суретшілер байқауында 1-орынды иеленген.
Арафат бұл суретті жақында салған. Оған майлы бояу пайдаланған.
Оның айтуынша, әр адам жануарлар мен құстарға, айналадағы өсімдіктерге де қамқор болуы керек. Мейірімді жандар көбірек болса, табиғат та жапа шекпейді.
Мен Алматыда туып-өстім. Маған қаланың ерекше табиғаты шабыт сыйлайды. Әсіресе, қаланың күн батқан кездегі көрінісін салған ұнайды, — дейді жас суретші.
Бұл — ою-өрнекпен безендірілген ыдыс-аяқ.
Төмендегі суретті Арафат әкесінің айтқан әңгімесі бойынша салып шыққан.
Арафат ғарыш тақырыбында да сурет салады.
Суретті табиғат аясында салғанды ұнатамын. Қазіргідей карантин кезінде бұл мүмкін емес. Каникулда уақытты бос өткізбей, күнде сурет саламын. Қиялымдағы дүниелерді қағазға түсіріп жүрмін. Есейгенде аниматор болғым келеді. Мультфильм кейіпкерлерін салуды армандаймын, — дейді Арафат Сәлімгерей.