Тойға тыйым салу дұрыс па? Әлде тойды өткізуге, ұйымдастыруға байланысты шектеулер керек пе? Бұл сұраққа респонденттеріміз жауап берді.

Баян Құсайқызы, той ұйымдастырушы: Мейрамханаға көлікпен кіруге тыйым салу қажет

Баян Құсай
Баян Құсай. Фото жеке архивінен

Меніңше, елімізде той өткізуге тыйым салу мүмкін емес. Өйткені той — қазақтың салт-дәстүрінің бірі. Керісінше, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу үшін жастарға әрбір дәстүрімізді насихаттағанымыз абзал. Оның үстіне, қазіргідей қарбалас кезде адамдар жақындарымен, туыстарымен осы тойда жиналып, бас қосады. Бұл мерекелік кеш адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға көмектеседі. Дегенмен той өткізуге байланысты белгілі бір шектеулер енгізген дұрыс. Өйткені асыра сілтеп, шығынға батып жатқандар бар.

«Тойға 100-150-ден көп адам шақыруға болмайды» деген талап енгізуге болады. Мерекелік шара 18.00-де басталып, 22.00-де аяқталғаны дұрыс. Әнші, асабалар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп қана жұмыс істегені жөн. Олардың да бір айда тойға шығу санына шектеу  қою керек.

Сонымен бірге дастарханға қойылатын ас мәзірінің санын қысқартқан дұрыс. Мейрамхана ішіне көлікпен кіруге тыйым салу қажет, мұның бәрі — артық шығын. Үйлену, қыз ұзату тойынан басқа мерейтой, сүндет той, сырға салу сияқты қуаныштарға көп қонақ шақырмай, үйде отбасымен бірге атап өтуге болады.

Жалғасбек Ақболат, қаржыгер: Той жасайтын адам мемлекетке салық төлегені дұрыс

Жалғасбек Ақболат. Фото жеке архивінен

Тойға шектеу қою немесе тыйым салудың артықшылығы мен кем тұсы бар. Әуелі кемшілігін айтайық. Әншілер, бишілер, асабалар, даяшылар, аспаздар мен мейрамхананы жалға берушілер той арқылы күн көріп жатыр. Той өткізуге тыйым салынса, жұмыссыздар көбейеді.

Дегенмен зиянынан пайдасы басым. Неоклассика деген үлгі бар. Ол IS-LM (investment saving liquidity money) деп аталады. Үлгіге сәйкес, елде тойға шектеу қойса немесе тыйым салса, адамдар оған кететін ақшаны басқа пайдалы дүниеге жұмсайды. Халық ақшаны дұрыс жаратуды, оны инвестициялауды үйренеді. Бұған дәлел — Малайзия тәжірибесі.

Малайзия халқы қазақтар сияқты өте тойшыл болған. Кейін билік бірқатар заң арқылы тойға тыйым салған. Халыққа той өткізу үшін салық төлеуге тура келген. Нәтижесінде Малайзия халқы той жасауды азайтқан және олардың әл-ауқаты әлдеқайда жақсарған. Елде жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейі төмендеген.

Бізде тойға жұмсалатын қаражат қадағаланбайды. Кейбір жұмысы жоқ адамдар несие алып, той өткізеді. Ондай адамның той үшін несие алуы мемлекет үшін «қатерлі ісік» сияқты. Бұл  — мемлекет бюджетіне үлкен шығын. Сол себепті, біріншіден, той санын қысқарту қажет. Екіншіден, той жасайтын адам мемлекетке салық төлегені дұрыс.

Бақкелсін Мейірбек, асаба: Қонақ саны 150 адамнан аспауға тиіс

той
Бақкелсін Мейірбек. Фото жеке архивінен

Той өткізуге 5 жылға немесе 2 жылға тыйым салу керек дегенге қарсымын. Әрине, қазіргі жағдайда той жасау коронавирус инфекциясының тез таралуына себеп болуы мүмкін екені рас. Бірақ адам көп жиналатын ірі супермаркеттер, базарлар, кафелер де күнделікті өз жұмысын жалғастырып жатыр.

Сол себепті, біріншіден, мерекелік шараға келетін адамдардың санын азайтуға болады. Халық атаулы мерекені жақындары және ағайын-туысымен тойлағаны жөн. Қонақ саны 150 адамнан аспауға тиіс деп ойлаймын. Екінші мәселе — тойхана жалдау. Бүгінде тойхананы жалға алу құны адам басына шаққанда 5000 — 50000 теңге тұрады. Әрине, кез келген адам қуанышын ең әдемі салтанат сарайында жасағысы келеді. Сол себепті көп шығындалады. Тойхананы жалға алудың адам басына шаққандағы бағасы 10 мың теңгеден аспаса, дұрыс болушы еді.

Үшінші мәселе — тойға өнерпаздарды шақыру. Қазіргі кезде артистердің бағасы аспандап тұр. 15-20 минут ән айтқаны үшін 500 мың мен 1 миллион теңге арасында ақша сұрайтындар бар. Тойды бастан-аяқ жүргізгені үшін 1 миллион теңге сұрайтын әнші мен асаба көп. Олардың табысын заң жүзінде бекіту керек. Мысалы, бір тойға қатысқаны үшін 300 мың теңгеден көп ақша сұрамағаны дұрыс деген сияқты. Сонда халық шамасына қарап, ешбір қиналмай, сүйікті өнерпаздарын қуанышына шақыра алады.

(Иллюстрация: Dribbble.com/©Jitto Joseph)